25 желтоқсанда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сапармен Петербургке барды. Пулково әуежайында оны Санкт-Петербургтің губернаторы Георгий Полтавченко мен Ресей Федерациясының Солтүстік Батыс федералды округіндегі Өкілетті өкілі Николай Цуканов қарсы алды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Петербургке Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің мәжілісі мен Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымының Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясына қатысу үшін келді.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербургке барған жұмыс сапары барысында Ресей президенті Владимир Путин және Түркия басшысы Режеп Тайып Ердоғанмен Сирия бойынша мәселелерді талқылады, деп хабарлайды Кремльдің баспасөз қызметі.
Әңгіме Ердоғанның бастамасымен телефон арқылы өрбіді. Түркия президенті Ту-154 ұшағының апатқа ұшырауына байланысты Путинге көңіл айтқан соң мемлекет басшылары Сирия туралы мәселелерді талқылады.
Естеріңізге сала кетсек, Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербург қаласына жұмыс сапарымен барған болатын. Елбасы онда Еуразиялық экономикалық одақ саммитіне және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының отырысына қатысады деп күтілуде. Осыған дейін Мемлекет басшысының «Диаконт» компаниясы мен «Биокад» кәсіпорнына барғанын хабарлаған болатынбыз.