РФ Қорғаныс министрлігінің ұшағы жексенбіде, 25 желтоқсанда таңғы уақытта апатқа ұшырады. Лайнердің бортында 92 адам болған. Олардың ішінде, Александров атындағы ансамбльдің 68 музыканты, БАҚ-тардың 9 өкілі ("Звезда" телеарнасы, НТВ және Первый канал), алып келе жатқан 6 адам және экипаждың 8 мүшесі бар.
РИА Новости мәліметінше, Ту-154 ұшып шыққаннан кейін жеті минут өткенде апатқа ұшыраған. Ұшақ Қара теңіздің Анапа жағалауына жақын маңда құлаған. Лайнердің қирандысы бір жарым шақырымға шашылған, олар 50-100 метр тереңдікте. Осыған байланысты 26 желтоқсан - Ресейде жалпыұлттық қаралы күн болып жарияланды.
ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев РФ Президенті Владимир Путинге ТУ-154 ұшағының құлауына байланысты көңіл айтты. «Қазақстан Президенті Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі ұшағының Сочи қаласы маңында апатқа ұшырауы салдарынан Ресей азаматтарының қаза болғаны туралы қайғылы хабарды зор күйзеліспен қабылдады», деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі. Сондай-ақ, хабарламада «Нұрсұлтан Назарбаев қайғыға ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзінің атынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына, сондай-ақ барша Ресей халқына көңіл айтты» деп жазылған.
Бүгін, Қара теңіздегі Ту-154 ұшағынан опат болған 11 адамның мәйіті құтқару кемесінің бортына шығарылды, деп хабарлады "Интерфакс» Ресей Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Ту-154 апатқа ұшыраған жердегі сүңгуірлер тобының саны 109 адамға дейін көбейді, ұшақтың фюзеляжін және ірі сынықтарын іздеу үшін суға түсіру басталды. РФ Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, ВТА ұшағымен ұшқышсыз басқарылатын "Орлан-10" жеткізілген. Ол таяу уақытта әуеден су астындағы жағдай жөнінде мониторинг жүргізуге кіріседі.
Кеше, Алматылықтар Ту-154 ұшағының апатқа ұшырап, қаза тапқандарды еске алу үшін Ресей консулдығына гүл қойған болатын.