Украинаның шығысында апатқа ұшыраған малайзиялық Boeing 777 ұшағы құрбандарын еске алу үшін Австралияда 7 тамыз қаралы күн деп жарияланды
Бұл туралы аталмыш елдің премьер-министрі Тони Эбботтің ғаламтордағы ресми парақшасында хабарланған, деп жазады РИА Новости. Мұндағы ақпаратқа сәйкес, 7 тамыз күні елдің барлық үкіметтік мекемелерінде, сондай-ақ Австралияның шетелдердегі дипломаттық өкілеттіліктерінің ғимараттарында мемлекеттік тулар төмен түсіріледі. Сонымен қатар Мельбурндегі қасиетті Патрик соборында дәл осы күні конфессияаралық сипаттағы ұлттық мемориалдық рәсім өтеді.
«Бұл рәсім апаттан қаза тапқандарды еске алу мен олардың жақындарына қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр. Біз әрине, қаза тапқан 298 адамның барлығы үшін қайғырамыз, дегенмен, Австралия туған үйлеріне айналған 38 жерлесіміздің қазасы жанымызға қатты батады. Олардың отбасыларының қайғысына ортақтасып көңіл айтамыз және осынау қиын кезеңдерде көмек қолымызды созуға әзірміз», - дейді ел үкіметінің басшысы.
Kazinform.kz