ТҮРІКТЕР ҚАЗАҚТЫҢ ҚҰТҚАРУШЫСЫ МА? ДІТТЕГЕНІ НЕ?

/uploads/thumbnail/20170709191949511_small.jpg

«Қамшы» порталының поштасына төмендегідей мақала келіп түсті. Автор өз мақаласында түріктер тралы мәселе көтеріпті. Qamshy.kz сайты — еркін ой алаңы, ашық талқы мінбері екенін ескерте отырып мақаланы жариялауды жөн таптық. Келіспейтін тұстарыңыз болса, үн қатыңыз құрметті оқырман!


Астанада өткен түрік киносы апталығы туралы жаздық. Тәуелсіздікті сылтау еткен олар «саяси пропоганда» жасап, қазақтарға аударылмаған түрікше киноны зорлап көрсетіп кетті. Бұл апталық туралы түрік медиасы жарыса жазды. «Апталық арқылы қазақ мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқандарын, қазақ кино түсінігіне жаңа леп әкелгендерін, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына «керемет сыйлық» жасағандарын мақтан етті». Мақұл, көз жұмдық, «жең ұшына» жасырғанынан қазақ сақтансын дедік те, ескертіп қойдық. Ондай ойымыз жоқ деп Қазақстанда жүрген бір түрік ақталмады. Бірақ, әлі де Түрік БАҚ-ында әр түрлі қитұрқы ақпараттар шығып жатыр.

Астанада өткен апталық туралы «Түрікше мұғалімі Полат Алемдар» атты мақала шықты Язетеде. Жазылған мақалада «Үш жол» фильмін көрген бір студент қыздың «Босниялықтар түрік пе?» деген сұрағын айта келіп, «Қазақстанда, Әзербайжанда, Түркіменстанда, Қырғызстанда, Өзбекстанда басқа түрік жағрапиясында бір-бірімізден бейхабар жас буын өсіп келеді.  Бұнда екі нәрсе ерекшеленеді. Бірінші: Синема бір көңіл көтеру құралы ғана емес оқыту-ағарту құралы. Екінші: Мұсылмандық Түркілікпен біте қайнасқаны соншалық, бір түрік режиссер Босниялық турасында фильм түсірсе және ол фильмде  Босниялықтар мұсылман болса Босниялықта сондай-ақ түрік болуға тиіс!», - дейді автор.

Мақалада TIKA Астана бағдарламасының үйлестірушісі Али Ихсан Чағлардың: «Біздер мұнда 15 жыл  бойы түрікше үйретуге қызмет істеп келеміз. Біздің қолжеткізген деңгейімізге қарағанда Көкжалдар мекені(Полат Алемдар) бұл істі тіпті тез атқарып тастапты. Басқа сөздің қажеті жоқ-ау» деген сөзі де келтіріледі.

Ойлап қараңыз, біріншіден, Қазақстандық арналарда «Көкжалдар мекені» ешқашан түрік тілінде көрсетілген емес. Телехикая шыға сала Хабар арнасы алғашында орысша нұсқасын беріп, кейіннен «Еларна» қазақша тартқан. Ал, «Көкжалдар мекені тұзақ» шыққанда белгілі бер бөліміне дейін «31 арна» таратты. Қатардағы біреу емес TİKA – Түркия Премьер-министріне қарайтын Түрік ынтымақтастығы мен үйлестіру агенттігінің Астанадағы өкіліне бұлай айтуға не себеп?

Екіншіден, түрік ынтымақтастығын үгіттейтін агенттіктің басты миссиясы Қазақстанда түрік тілін үйрету ме? Қазақстан түрік тілін білуге мұқтаж ба?

Үшіншіден, олар неге Түкі тілдес елдердің территориясын түрік жағрапиясы деп меншіктейді?

Төртіншіден, Фильм апталығын тәуелсіздікке тарту дегені қайда? Енді келіп неліктен фильмдерін оқыту құралы ретінде пайдаланғанын «мойындайды»? Біз сондай оқытуға мұқтаждығымызды айттық па?

Енді, Өзін Қазақтың жарылқаушысы санайтын тағы бір түрік...

«Қазақстандағы Түркі халықтары мәдени орталығы» деген қоғамдық қор бар.  Осындай керемет атумен құрылған орталықтың жетекшісі қазақтан әйел алған Ахмет Дағдуран атты түрік. Ол да қарапайым біреу емес, профессор, тарих ғылымдарының докторы.

Жақында Анталияда «ұмытпаймыз, ұмыттырмаймыз» ұранымен шығатын «Редактор» атты хабар журналы 13 мемлекеттен 100-ден астам қонақты жинап, «15 шілде және Түркия» атты панель өткізген.  Панелге Қазақстан атынан қатысқан Ахмет Дағдуран «Бұдан он жыл бұрын Қазақстанда біз Фетхуллашыл террор ұйымының Түркияның басына бәле болатынын өкілеттілерге айтқан едік», дей келе, «Қазақстанда Фетөге бағынатын оқуларда шәкірттер тәрбиеленді. Бұл оқулардың үйрету тілі мүлде түрікше болмады. Студенттерге ана тіл ретінде ағылшынша оқытылды», деп бір тоқтады.  

Шетелден келушілердің Қазақстан оқушыларын христиан етіп тәрбиелеген миссионерлер екенін назарға сала кеткен Дағдуран «бұл оқуларда білім берген миссионерлер белгілі бір уақыттан соң діттеген мақсатына жетті.  Осы орайда, 15 жыл ішінде тек қана Қазақстанда 500 мың кісі христиан болды», -  деп айды аспаннан бірақ шығарды. Онымен қоймай, «Көшбасшы Түркияны міндетті түрде құруымыз керек! 15 шілде оқиғасы болған кезінде Түркиямен қатар Қазақстанда, Қырғызстанда, басқа да түрік мемлекеттері де теледидардан жағдайды бақылады. Бәрі де жүректері қан, көзінен жас ағып, «Я раббы, сен Түркияны қорға, Түркия бізді құтқаратын мемлекет» деді. Бұл дұғалардың нәтижесінде екінші рет тірілуіміз басталады деп ойлаймын» деді.

Мәссаған!

Біріншіден, қай қазақ «Түркия бізді құтқаратын мемлекет» деп тәңірге жалбарыныпты. Біздің мемлекеттілігіміз қайда? Біз өзімізді өзіміз 25 жыл қорғадық, Аждаһа мен Аюдың  арасында аяғымыздан тұрдық. Дағдуранның бұл сөзі Қазақстанның территориялық тұтастығына қол сұғу, егемендігімізді қорлау!

Екіншіден, «15 жыл ішінде тек қана Қазақстанда 500 мың кісі христиан болды» деу барша Қазақстан халқын қорлау. Дағдуран бұл статистиканы қайдан алыпты? Қазақстанда тәуелсіздік жылдары мешіттер саны 3 мыңнан асты. Қазақстанда жиырма жылдай жүрген Дағдуранның бұлай сөйлеуінде қандай мән бар?

Үшіншіден, Түркияда болған төңкеріс – Түркияның ішкі мәселесі. Билігіне кім келеді, кім кетеді, ішкі соғыс бола ма? Төңкеріс бола ма? Түрікше айтқанда «бізге не?»

Төртіншіден, «Көшбасшы Түркия құру» деп ашықтан ашық айғайлау барып тұрған империализм емес пе? Одақтастық емес, Гаспралы айтатындай «Тілде, істе, пікірде» бірлік емес, бір туға бағыну деген басқа мемлекеттердің егемендігін сыйламау!

Бесіншіден, керісінше, Қазақстанға шетелдік миссионерлер емес, түріктер келіп мәдениетін тықпалады. Бұл туралы Түркияның 130 мың тиражбен таралатын «Takvim(Күнтізбе)» газеті «КЕЗЕКТЕ КІМ БАР!» атты мақала жариялап, Қазақстанда түріктер төңкеріс жасамақшы деп дабыл көтерген болатын.

«Бірақ, бұлардың не істей алатынын білемін. 1991-ден бері қарай дайындық жасады. Мемлекеттің барлық нүктесінде орналасқан. Байлық та бұлардың қолында. Елеусіз қаралмайтындай күштері бар. Банктерден ҰҚК-ге дейін. Ең жақсы білімді осылар бергендіктен, Шетел көргендердің бәрі осылардан болғаны үшін бұларға бәсекелес те жоқ, бұлардай айлакер де жоқ. Нұрсұлтан Назарбаев өте адал ниетті бір ақсақал... Түркияны сүйетін адам. Бірақ, Жамағат ұйымы Түркиядағыдай ұйымдасуға ұқсас бір әрекетті, тіпті одан да зорын жоспарлаған болуы да мүмкін. Қазақстан байлығы мен жағрапиялық позициясы бақылауда ұсталуға тиіс бір орталық. Жамағат CIA-дің көмегімен бақылауды ешкімге де бергісі келмейді. Осы үшін де келеді олар... Себебін нақты білмеймін, бірақ Нұрсұлтан Назарбаев осы себептен де Энергетикалық Саммитке (14 қазанда Ереванда өткен Ұжымдық қауіпсіздік келісімі кезекті жиналысы. –ред.) бармай қалды. Кім білсін, бірақ оның жекебасының да қатер ішінде екенінің ақиқатын жоққа шығара алмаймыз», - делінген еді мақалада.  

Өткен екі мақаламызда да, Қазақстанда тыйым салынған «Боз Гурд» идеологиясын жайып жүрген түріктер туралы дабыл көтерген едік(бұл 1948 жылы Түркияда пайда болған радикалды пантүркілердің әскери ұйымы). Әлеуметтік желіде арнаулы түрде осы идеологиясын дәріптеп, пропаганда жасап жүрген, у жайып жүрген түріктер бар.

Олардың бірі Robert Ristiç, суреттерден-ақ түсіне беріңіз.

Сөз соңында, Қазақстанның құзырлы орындары осы мәселеде бейжай қарамаса екен дейміз!

Ертүрік Шынтүрік

Қатысты Мақалалар