ТЕРРОРИЗМ & САЛАФИЗМ
Ақтөбеде теракт 5 маусым күні болды. Террористердің тобы «Паллада» және «Пантера» атты қару-жарақ дүкендері мен №6655 әскери бөліміне қарақшылық шабуыл жасап, соның салдарынан 8 адам мерт болды. Олардың 3-уі әскери қызметкерлер. Терроризмге қарсы бағытталған операция барысында 18 адамның көзі жойылып, 9 адам құрықталды. Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен 9 маусым азалы күн деп жарияланды. Iшкi iстер министрi Қалмұханбет Қасымов Ақтөбедегі атыс кезінде 21 адам қаза болып, 6-7 адамға іздеу салынғанын айтты. 38 адам жарақат алды.
«Біз мұның салафизм дәстүрлі емес діни ағымының зұлымдық әрекеті екенін білеміз. Республикадағы діни сенім бостандығын қамтамасыз ете отырып, біз сонымен қатар діни ұрандармен бүркеніп, елдегі жағдайды шайқалтқысы келетіндердің барлығына табанды тойтарыс беруіміз керек», - деген еді мемлекет басшысы аталған жағдайға байланысты Қауіпсіздік кеңесінің барысында.
Алматыда 18 шілде күні қанды қырғын орын алып, Шабуыл салдарынан Алматыда қауіпсіздіктің «қызыл» деңгейі жарияланды. Ал, Күлекбаев шабуылынан 8 құқық қорғау және арнайы орган қызметкерлері және 2 бейбіт тұрғын қаза тапты.
Қазақстан Президенті қаза болғандар мен зардап шеккендердің туыстарына көңіл айтып, мемлекеттік органдарға оларға қажетті көмек көрсетуді тапсырды. "Бүгін Алматыда террористік акт болды, өкінішке қарай, адамдар қаза тапты. Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстарына көңіл айтамын, оларға сәйкес психологиялық және материалдық қолдау көрсетілуі керек. Құқық қорғау органдарына қалада тәртіпті сақтау бойынша қажетті шаралар жүргізуді тапсырамын", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Аталған қылмыстарға қандай жаза кесілгені мен басқа да даулы соттар туралы «Қамшы» порталы жазған болатын.
«Қамшы» порталы сондай-ақ, 2016 жылы елдің есінде қалған ерекше сөздерге де, қазақстандықтардың көңілін қалдырған жайыттарға да шолу жасаған болатын.
АТАУЛЫ ДАТАЛАР
Әлихан Бөкейхан 150 жыл
Үстіміздегі жылы Ә.Н. Бөкейханның туғанына 150 жыл толған мерейтойы, ЮНЕСКО Бас конференциясының 2015 жылғы 18 қарашадағы Қаулысына сәйкес халықаралық деңгейде тойлануға тиіс еді. Сонымен қатар, ЮНЕСКО Алты Алаш көсемін «бүкіл дүниежүзілік маңызы бар шынайы даңқты қайраткер» деп мойындады. Атаулы мерейтой Мемлекеттік деңгейде Ресми Ақорда мен Парламентте атап өтілмеді. Дегенмен аймақтарда ғылыми конференциялар өтіп, Алаштанушы ғалымдардың кітаптары шықты. Ең басты атап айтарлығы Қыркүйек айында Қарағандының Октябрьский ауданы Әлихан Бөкейхановтың есімімен аталатын болып өзгерді. 2016 жылғы 25 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Қарағанды қаласындағы Октябрь ауданын Әлихан Бөкейхан атындағы аудан етіп өзгертуге рұқсат берді. Дегенмен бұл шешімге өткен аптада аталған ауданда тұратын өзге ұлт өкілдері қарсы шықты.
Ұлт азаттық көтеріліске 100 жыл
Биыл ең бастысы 1916 жылғы ұлтазаттық көтерілісіне 100 жыл толды. Алаш қайраткері Міржақып Дулатов 1929 жылғы 7 қаңтарда ОГПУ тергеушісіне берген жауабында былай деп мәлімдеді: «1916 жыл келді. 19-43 жасқа дейінгі қазақ халқын тыл жұмыстарына реквизициялау туралы 25 маусымдағы патша жарлығы кенеттен жарияланды. Қазақ халқы толқыды... Далаға зеңбіректері мен пулеметтері бар жазалау отрядтары ағылды. Губернаторлар жер-жерге барды, түрмелер батыл адамдарға лық толды. Ақтөбеге келген Торғай вице-губернаторы... тура былай деді: «Бірде-бір қазақ тірі қалмаса да патша жарлығы орындалады».
Осынау қасіретті күндерде қазақ даласын соғыс өрті жалмап, миллионға жуық қазақ шетелге қоныс аударуға мәжбүр болды. Бұл, қазақ даласында мамыражай күн кешіп жатқан қазақ халқының қалыптасуына орасан зардап келтірді. Атаулы күнді мемлекеттік деңгейде атап өту туралы тек Нұрлан Оразалин депутаттық сауал жолдады. Бірақ, мемлекеттік деңгейде ғасыр бұрынғы көтерілістің сипаты насихатталмады.
Кенесары Қасымұлы басшылық еткен ұлт-азаттық қозғалыстан кейін 1916 жылғы көтеріліс бірінші рет кең-байтақ өлкенің барлық аймағын қамтыған еді.
Тәуелсіздікке 25 жыл
Биыл Қазақстан Республикасы өзінің 25 жылдығын тойлады. Ширек ғасырға баға беріліп, жаңа ғасырдың жоспары жасалды. Осы 25 жылдықта Қазақстан ең басты үш нәрсеге қол жеткізді:
Шекара мәселесін дер кезінде шешіп, алпауыт елдер арасында абыройын тіктеді.
Ядролық қарудан бас тартып, әлемде бейбітшіліктің ұйытқысы екенін көрсете білді.
Әлемге тарыдай шашылған этникалық қазақтарды Атамекенге шақырып, байырғы ұлттың санын молайтты.
Қазақ көші-қонына 25 жыл
Биыл Ел тәуелсіздігі мен «Қазақ көшіне» - 25 жыл толып отыр. 1991 жылы 18 қарашада Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешіміне сәйкес республиканың Министрлер кабинеті “Ауылдық жерлерде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарының басқа республикалардан және шет елдерден Қазақ КСР-ына көшіп келуі тәртібі мен шарттары туралы” қаулы қабылдады. Содан бергі ширек ғасыр уақытта Атажұртқа оралған қандастарымыздың саны 1 миллионнан асты. Бұл, әрине, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының ең жемісті саясаты десек қателеспейміз. Қазақ тарихына алтын әріппен жазылуға тиіс осы мерейлі мерекені елге оралған ағайын биылғы жылы 18 қарашада Алматыдағы Студенттер сарайында айрықша атап өтті. Концертті «Қамшы» порталы ұйымдастырып, «Қазақстан» телеарнасы ақпараттық қолдау көрсетті.
ЖЕР ДАУЫ
100 жылдан соң қазақ тағы да жалпыхалықтық қозғалыс жасады. Бұл жолы Патша үкіметіне емес, Қазақстан билігінің шешіміне қарсы болды қазақ халқы.
2016-жылдың 30-наурызы күні ауыл шаруашылығы жерлерін жекеменшікке беру мақсатында 2016 жылдың 1 шілдесінен бастап, жергілікті атқарушы органдар 1,7 млн. гектар жерді аукцион арқылы саудалайтыны және оның Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам ұлттық жоспарының» ІІІ. «Индустрияландыру жəне экономикалық өсім» бағытын жүзеге асыру мақсатында жүзеге асып жатқандығы туралы Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрі Ерболат Досаев ресми мәлімдеме жасады. Ресми дерекке сай, 2015 жылғы 2 қарашадағы Заңы қабылданды, ол 2016 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енуге тиіс еді. Онда бос жатқан ауылшаруашылық жерлерінің бәрін аукцион арқылы сату көзделген. Аукцион барысында жердің сатып алушысы анықталмаса онда нысанның құны төмендетіліп, қайта сатылымға шығарылады. Жерді сатып алған азамат оны қайта сатуға құқылы. Жер Кодексіне сәйкес, жер жеке меншікке қазақстандықтарға ғана сатылады. Ал, шетел азаматтары аукционға қатыса алмайды. Ең сорақысы сол, жерді бақандай 25 жылға жалға алады.
Бірақ, жат елдік келген жердің ширек ғасырда не тамтығы қаларын заңды жасағандар ойламаған. Осыған қарсылық ретінде Қазақстанның барлық қалаларында митингілер өтті. Соның нәтижесінде Жер комиссиясы құрылып, тыңдаулардан кейін президент жер кодексіне мараторий жариялап, кейіннен мараторий 5 жылға ұзартылды.
ҚАЙТЫС БОЛҒАН ПРЕЗИДЕНТТЕР
Өзбекстанды 27 жыл басқарған Ислам Каримовтің 2016 жылдың 2 қыркүйегі күні жасалған шараларға қарамастан 20:15-те жүрек қызметі тоқтады. Қарқынды реанимациялық шаралар нәтиже бермеді және 20:55-те науқастың биологиялық өлімі тіркелді». Ислам Кәрімовтың жаназасы 3 қыркүйек күні Самарқанда шығарылды.
28 қыркүйекте, Тель-Авивте 94 жасқа қараған шағында Израильдің бұрынғы президенті Шимон Перес қайтыс болды.
Шимон Перес Тель-Авив маңындағы ауруханаға 13 қыркүйекте «инсульт» диагнозымен түскен. Кеше саясаткердің жағдайы күрт нашарлап, бүйрегі жұмыс істемей қалыпты.
Ол 1984 пен 1986 жылдар аралығындағы және 1995 пен 1996 жылдар аралығындағы Израильдің тоғызыншы және он екінші премьер-министрі әрі 2007 мен 2014 жылдар аралығындағы президенті. Саяси мансабы 70 жылға созылған Израиль саясатының ең қарт ақсақалы.
1994 жылы Ясир Арафат және Ицхак Рабинмен бірге әлем Нобель сыйлығының иегері.
26 қарашада Куба революциясының лидері Фидель Кастро қайтыс болды. 90 жасында өмірден озған әлемдік саясаткердің қазасын Куба мемлекеттік телеарнасы естіртті.
Кубаның басшылығына 1959 жылы келген ол, мемлекетті аттай 50 жыл басқарған. Ф. Кастро өзінің денсаулығына байланысты 2008 жылы 24 ақпан күні биліктен кететінін мәлімдеп, орнына бауыры Рауль Кастро Парламент отырысында тағайындаған болатын.
ДҮНИЕНІ ДҮРБЕЛЕҢГЕ САЛҒАН ОҚИҒАЛАР
Еуропадағы терактілер
Ағымдағы жыл 2015 жылдың қарашасында Парижде терактілерді жасаған күдіктілерді іздестіру аясында Бельгияда полицейлік рейдтермен басталды, ал кейіннен Брюссельде, Ницца шаһарында және бірқатар германдық қалаларда қанды лаңкестік акциялармен жалғасты. 22 наурыз күні Бельгия үшін ең қаралы күндердің бірі болғаны аян. Еске салсақ, лаңкестік оқиғасы 22 наурыз күні таңертеңгі уақытта орын алған. Жанкешті терроршылар Брюссель әуежайының ұшырылым залында екі жарылыс жасады. Тағы бір лаңкестік «Маэльбек» метро стансасында орын алды, оның жанында еуропалық институттар ғимараты орналасқан. Ресми деректерге сәйкес, лаңкестік салдарынан 300-ден астам адам зардап шекті. Терроршыларды қоспағанда, қаза тапқандар саны - 30 адам. Араға төрт ай салып лаңкестік соққының жаңа толқыны курорттық Ницца қаласында орын алды. Францияның ұлттық мерекесі, яғни, Бастилияны алу күні Ницца қаласында қанжоса теракт болды. Жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 22.30-да (Астана уақытымен 02.30) үлкен жүк көлігі Ницца қаласындағы Променад дез Англэ жағажайында отшашуды тамашалаған қалың халықты басып, жаншып өте шығады. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, халық алдымен жүк көлігі өзінен өзі жүріп кетті немесе оның жүргізушісі есінен танды деп ойлаған. Алайда, барынша көп адамды басып өлтіру үшін жүргізуші халық көп тұрған жерді басып, жылдамдықты арттырғанын білгенде, жапатармағай қаша жөнеледі. Анықталғанындай, террорист жүк көлігімен 2 шақырымға жуық жер жүріп, қаншама адамды басып кеткен соң, қарудан оқ жаудыра бастаған. Жүк көлігінің жүргізушісін полиция атып өлтірді. Терактіде 86 адам қаза тапты, тағы 308 адам жарақат алды. ДАИШ лаңкестік тобы екі лаңкестік актілер үшін жауапкершілікті мойнына алды
Ұлыбританияның ЕО-дан шығуына қатысты референдумы
24 маусымда таңертең Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуын жақтайтындар референдумда жеңіске жеткені белгілі болды. Референдум дауыстарын санаудың нәтижесінде елдің ЕО-дан ат құйрығын үзгенін қалап 17 млн. 410 мың 742 адам (51,89 пайыз), ал оларға қарсы 16 млн. 141 мың 241 адам дауыс берді. Бұған қоса, S&P рейтингтік агенттігі Ұлыбританияның Еуропалық одақтан шығуына байланысты орын алатын саяси, қаржылық және экономикалық қауіп-қатерлер жақын арада елдің несиелік рейтингін төмендетеді деп болжайтындығын білдірді. Ұлыбританияның Премьер-министрі Дэвид Кэмерон референдумның қорытындысына байланысты өзінің отставкаға кететіндігі жайлы хабарлады. «Мен премьер-министр ретінде жақын айларда кеменің хал-ахуалын жақсарту үшін қолымнан келгеннің барлығын жасадым, бірақ, менің ары қарай осы кеменің капитаны ретінде қалуымның жөнін көріп отырған жоқпын», - деді Кэмерон. Германияның Сыртқы істер министрі Франк-Вальтер Штайнмайер мен осы елдің вице-канцлері Зигмар Габриэль Ұлыбританиядағы референдумның қорытындысына көңілдері толмайтындықтарын ашық айтты. «Таң ата Ұлыбританиядан жеткен жаңалық шынымен де естен тандырды. Бұл Еуропа мен Біріккен Корольдік үшін ең қайғылы күн сияқты», - деп жазды Штайнмайер ГФР СІМ-нің шағын блогында.
Түркиядағы мемлекеттік төңкеріс әрекеті
Шілденің 16-ына қараған түні бауырлас Түркия елінде қорқынышты жағдай орын алды. 15 шілде күні сағат 22.00-00.00 аралығында Анкара мен Ыстамбұл қалаларында хаос орнап, халық әуеде әскери ұшақ, көшеде танктерді көре бастаған. 16 шілде күні шамамен түнгі сағат 02.00 кезінде Түркияның Премьер-министрі Бинали Йылдырым елде әскери төңкеріс жасауға әрекет жасалғандығы жөнінде мәлім етті. Бүлікшілер биліктің мемлекеттік органдары ғимараттарын, әскери штабтарды, алдыңғы қатарлы БАҚ редакцияларын, көліктік желілерді, байланыс нысандарын басып алуға тырысты. Кейіннен Анкара және Ыстамбұл прокурорлары төңкеріс жасауға қатысы бар әскерилерге қарсы шұғыл әрекеттер жасады, сондай-ақ бұл жағдай толық бақылауға алынды. Сонымен бірге Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған қауіпсіз жерде екені, кейін мәлімдеме жасайтыны хабарланды. Кейінірек Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Ыстамбұлдағы Ататүрік әуежайында баспасөз мәслихатын өткізді. Түркия президенті халықты бүлікшілерге қарсылық көрсетуге шақырып, бұл төңкерісті ұйымдастырмақ болған топтар заңның қатаң талаптары бойынша жауапқа тартылатынын айтты. Бүлікшілердің іс-қимылына тосқауыл қойылғаннан кейін, үкіметте, әскер қатарында, полицияда, сондай-ақ арнайы қызметтер қатарындағы қызметкерлер арасында жаппай тазарту шаралары жүзеге асырылды.
АҚШ-тағы сайлау
АҚШ-тағы президент сайлауында Республикалық партия атынан кандидат болған Дональд Трамп қажетті сайлаушылар дауысын жинады. АҚШ-тың сайлау жүйесі күрделі екені белгілі. 8 қарашада америкалықтар өз дауыстарын қағаз жүзінде нақты кандидатқа емес, сайлаушыларға берген болатын. Жалпы Сайлаушылар алқасында 538 сайлаушы бар, АҚШ президенті атануы үшін кандидаттарға сайлаушылардың кемінде 270 дауысын жинауы қажет еді. 40-тан астам штаттардың нәтижесі бойынша Д.Трамп 278 дауыс жинады. Бизнесмен-миллиардер Дональд Трамп сенаторлар Тед Круздың және Марко Рубионың, Огайо губернаторы Джон Кейсиктің және басқа да отыз кандидаттардың алдын орап, 2016 жылы 19 шілдеде Республикалық партия атынан ресми кандидат болды. Оның сайлаудағы басты бәсекелесі, демократ Хиллари Клинтон осы тартысты додада жеңіліс тапты. Трамп «америкалық арманды» жаңартуға жұмыс істейтінін айтты. Миллиардер АҚШ мүддесін бәрінен жоғары қоюға уәде берді. Бұдан басқа, Трапм Хиллари Клинтонның да рөлін атап өтті. «Америкалықтар елдегі қызметі үшін оның алдында қарыздар»- деді ол. Жеңісімен аяқталған президенттік науқан, Трамптың айтуынша, тек қана науқан емес, халықтың қуатты қозғалысы болды. Республикалық жұмысына дереу кірісуге әзір екенін айтты. Демократиялық партия кандидаты Хиллари Клинтон сайлауда жеңілгенін мойындады. Ол қарсыласына хабарласып, оны жеңісімен құттықтады. Осы орайда Нью-Йорктегі Джейкоб Джевитс Конференц-орталығындағы Клинтон штабына мыңдаған адам жиналғаны есімізде.
Өзбекстандағы сайлау
Желтоқсанның басында Өзбекстан Президентінің міндетін атқарушы, Премьер-Министр Шавкат Мирзиёев мемлекет басшысы сайлауында 88,61% дауыспен жеңіске жетті. Мирзиеевке сайлауға қатысқандардың 15 млн. 906 мың 724-і дауыс берді. Сайлауға төрт үміткер қатысты - президент міндетін атқарушы Шавкат Мирзиеев Өзбекстанның либерал-демократиялық партиясы атынан түсуде, Хатамжон Кетмонов Халық -демократиялық партиясынан, Нариман Омаров социал-демократтардан және парламенттің төменгі палатасының вице-спикері Сарвар Отамуратов демократиялық партиядан. Саясаттанушылар марқұм Ислам Каримов кезінде барынша тұйық болғанын және оның саясаты көршілерге, ішкі саясатты айтпағанда, экономикалық саясаты оқшауланғанын айтуда. Бүгінде көпшілігі Шавкат Мирзиеев қандай өзгерістер алып келетінін түсінуге тырысуда. Ал оның мәлімдемесіне сүйенсек, ол Өзбекстанның сыртқы саясаты бірнеше жыл бұрын қабылданған аяда жүргізілетінін ұғынуға болады. Яғни, бұл тұжырымдама Қазақстанның сыртқы саясатына аздап ұқсастау, яғни бұл ретте көп бағыттылық қағидатына екпін қойылмақ. Сондықтан да жаңа президент бірінші кезекте, көршілес Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстанмен қатынастарын реттеуге тырысып жатқанын байқауға болады. Бұл белгілі бір оң реакцияны тудырады.
Еуропаның көші-қон мәселесі
Ағымдағы жылы Еуропалық одақтың көптеген елдерінде көші-қон тақырыбы ерекше талқыда болды. Көші-қон жөніндегі халықаралық ұйымның дерегінше, 2016 жылдың 1 қаңтарынан Еуропаға 352 мыңнан астам адам қоныс аударған, көшіп келгендердің негізгі бөлігін Грекия мен Италия қабылдады. Жыл басынан бері 4,7 мыңнан астам адам қаза болды немесе теңізде із-түзсіз жоғалды. Көбінесе құрбан болғандар Солтүстік Африкадан Италияға бағыт алған кезде тіркелді, бұл бағдарда 4,2 мың адам көз жұмды. Шенген аумағында заңсыз мигранттардың көші-қоны нәтижесінде қоғамдық тәртіп пен ішкі қауіпсіздік қатеріне байланысты бірқатар елдер жыл бойы уақытша шекаралық қадағалау режімін сақтап тұрды. Қазіргі кезде ЕО-ға мүше мемлекеттердің өкілетті органдарында баспана мен халықаралық қорғауды сұрау бойынша 1,1 миллионға жуық өтінім келіп түскен. Оның ішінде 52 пайызы Германияға тиесілі. Жалпы еурпалықтардың көбісі Таяу Шығыс, Африка немесе Ауғанстаннан ағылған босқындардың көптеп келуіне қарсылықтарын таныта бастады.
Түркиядағы РФ елшісіне қастандық
Түркияда Ресей елшісі Андрей Карлов 19 желтоқсан күні Анкарада «Ресей Калининградтан Камчаткаға дейін» атты көрменің ашылуында сөз сөйлеу барысында атып өлтірілді. Тапаншамен қаруланған ер адам елшіге оқ атқаннан кейін «Аллаху әкбар! Алеппо туралы ұмытпаңдар! Сирия туралы ұмытпаңдар!», деп айғайлаған. Оқиғаға куә болғандардың айтуынша, бұрынғы полицей Мевлют Алтынташ фотокөрме өтіп жатқан ғимаратқа іскерлік костюммен кіріп келген, оны жұрт елшінің сақшысы ретінде қабылдаған. Кейіннен елшіні өлтірген адам полицей болғаны расталды. Өз кезегінде Түркия СІМ басшысы Мевлют Чавушоғлы Анкарадағы Ресей елшілігі орналасқан көшеге қастандықтан мерт болған ресейлік елші Андрей Карловтың есімі берілетінін мәлімдеді. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинге көңіл айту жеделхатын жолдады, Мемлекет басшысы Ресей Федерациясының Түркия Республикасындағы елшісі Андрей Геннадьевич Карловтың қайғылы қазасы туралы хабарды зор күйзеліспен қабылдады. «Бұл терроризм актісі осынау зұлымдықпен күрес жолында бүкіл әлемнің күш-жігерін жұмылдыру қажет екеніне тағы да көзімізді жеткізе түсті. Ешқандай зорлық-зомбылықты ақтауға болмайды. Қазақстан терроризмнің кез келген түрін қатаң айыптайды», - делінген жеделхатта.
ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ САЯСАТ
Жылдың басты тосын оқиғасы ретінде ағымдағы жылдың 9 желтоқсанында Францияның мемлекеттік кеңесі Әбіләзовті РФ-ға экстрадициялау туралы шешімнің күшін жойып, оны қамаудан босатқанын айтуға болады.
16 қарашада ЭКСПО павильонының құлап, Есімовті абдыратқаны тағы бар.
Қыркүйекте Назарбаев Қытайдың Хаңжоу қаласында Қытай президентінің арнайы шақыруымен G-20 саммитіне қатысты.
Елбасының биылғы сапарлары мен кездесулері
2016 жылы Мемлекет басшысы сапармен барған 21 мемлекеттің ішінде АҚШ, Жапония, Ресей, Сербия, Оңтүстік Корея, БАӘ, Тәжікстан, Өзбекстан, Қатар, Қытай, Польша бар. Сонымен қатар, биыл Нұрсұлтан Назарбаев Санкт-Петербургте Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Хатшысы Пан Ги Мунмен, Брюссельде Еуропалық кеңестің төрағасы Дональд Тускпен, қазан айында Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Ияд ибн Әмин Маданимен кездесті.
Сонымен қатар, Елбасы биыл Қазақстанға шетелдік мемлекеттердің, үкіметтердің және халықаралық ұйымдардың 15 басшысын қабылдады. 2016 жылы Түркия Президенті Реджеп Тайип Ердоған, Түркия премьер-министрі Ахмет Давутоглу, Мысыр елінің Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси, АҚШ энергетика министрі Эрнест Мониз, Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Рухани, Испания сыртқы істер министрлігінің міндетін атқарушы Хосе Мануэль Гарсия-Маргальо, Сербия Премьер-министрі Александр Вучич сапарлап келді. Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен Израиль Премьері Нетаньяху келді.
Жыл басынан бері жалпы 49 халықаралық шара мен 81 екіжақты сапар өтті.
Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған Республикалық жастар форумы аясында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ел жастарымен кездесті. Сонымен қатар судьялардың 7 съезіне, Астана экономикалық форумына қатысты. Жалпы, биыл Нұрсұлтан Назарбаев елдің барлық өңірлерін аралады.
Мәжіліс сайлауы өтті
Наурыз айында мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Парламентке «Нұр Отан», «Ақ жол», «ҚКП» партияларының өкілдері өтті. Бұл Қазақстан тарихындағы жетінші парламенттік сайлау еді. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматуллин болды. Бұған дейін ол Президент әкімшілігінің басшысы қызметін атқарған.
Биыл маңызды ауыс-түйістер де болды. Кәрім Мәсімов премьер-министрлік қызметінен кетіп, оның орнына Бақытжан Сағынтаев келді. Ал Мәсімов Ұлттық қауіпсіздік комитетіне басшы болды. Иманғали Тасмағамбетов қорғаныс министрі қызметінен премьер-министрдің орынбасары болып тағайындалды. Премьер-министрдің тағы бір орынбасары болып Асқар Мамин тағайындалды.
Биыл ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі, Дін істері және азаматтық қоғам, Ақпарат және коммуникация министрлігі құрылды. Аталған министрліктердің басшылығына Бейбіт Атамқұлов, Нұрлан Ермекбаев, Дәурен Абаев келді. Қайрат Қожамжаров мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігін басқаратын болды. Марат Бекетаев Әділет министрі, Қанат Бозымбаев Қазақстанның энергетика министрі, Асқар Мырзахметов ауыл шаруашылығы министрі, Жеңіс Қасымбек Инвестициялар және даму министрі, Сәкен Жасұзақов ҚР қорғаныс министрі, Ерлан Сағадиев білім және ғылым министрі болып тағайындалды. Биыл Ұлттық экономика министрі екі рет ауысты: алдымен Куандык Бишимбаев болса, кейін бұл қызметке Тимур Сүлейменов келді. Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Қайрат Әбдірахманов Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Бұған дейін бұл қызметті атқарған Ерлан Ыдырысов Ұлыбританиядағы Қазақстан елшісі қызметіне ауысты.
Бірқатар заңдар қабылданды
Биыл жаңа жер реформалары болды. Мемлекет басшысы Жер кодексіне 2021 жылдың соңына дейін түзетулер енгізуге мораторий жариялады. Сонымен қатар жер реформасына қатысты республикалық комиссия құрылды. Олар биыл 9 отырыс өткізді.
Биыл Еңбек Кодексі, ҚР Азаматты процессуалды кодексіне, Экстремизм мен ерроризмге қарсы заңға, тұтынушылар құқығын қорғау туралы заңға өзгерістер енгізілді. Рақымшылық жасау туралы заң, 2017-2019 жж арналған республикалық бюджет туралы заң, Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мен «Париж келісімін ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды.
Кейбі батырдың басы елге қайтарылды
Биыл 6 қазанда Қазақстанға Кейкі батырдың бас сүйегі қайтарылды. Венгр ғалымдары Кейкі батырдың келбетін толықтай қалпына келтірді. Келесі жылы ол Қостанай облысы Амангелді ауданындағы тасты ауылының маңында жерленеді.
Кейкі (Нұрмағанбет) Көкембайұлы — 1916 жылғы Торғайда болған ұлт-азаттық көтерілісінің батыры, атақты мерген. Орта жүз құрамындағы Қыпшақ тайпасының Құланқыпшақ руынан шыққан. Ол Ресей патшасының 1916 жылғы маусым жарлығы себеп болған Торғай қазақтарының ұлт-азаттық көтерілісіне алғашқы күндерінен белсене араласып, сол көтерілісті ұйымдастырушылардың бірі болды.
Өмірден өткен тұлғалар
Биыл бұрынғы денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Сергей Дьяченко, Атырау облыстық мәслихатының депутаты Асқар Бопылдықов (Асқар Төребай), танымал шаруа Генадий Зенченко қайтыс болды.
Қазақ елі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Хабиба Қарақбайқызы Елебековамен, белгілі жазушысы, ақын Әуезхан Қодармен, Қазақстанның белгілі ғалымы, техника ғылымдарының докторы Скандербек Жолдасбековпен, С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің (бұрынғы – Алматы мемлекеттік медицина институты) бұрынғы ректоры Айқан Ақановпен, белгілі композитор, гитарашыБолат Сыздықовпен, мемлекет және қоғам қайраткері Сағидолла Құбашевпен қоштасты.
Қазақстанның бірінші демографы, белгілі ғалым Мақаш Тәтімов, қазақтың атақты палуаны Әбілсейіт Айханов, әнші, сазгер, Қазақстанға еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Тұрсынғазы Рахимов, белгілі актер, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Меңтай Өтепбергенов, танымал әдебиеттанушы-фольклорист, филология ғылымдарының докторы Едіге Дәріғұлұлы Тұрсынов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, белгілі жазушы Нұрғожа Ораз, Белгілі ғалым, тарихшы, саясаткер, қоғам қайраткері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы да осы жылы дүниеден өтті.
ҚАЗАҚСТАН ЖӘНЕ ЭКОНОМИКА
Экономика туралы ең үлкен жаңалық Елбасы прортеті бейнеленген 10 мың теңгелік шектеулі таралымдағы банкноталар шығар.
2016 жыл мұнай бағасының 36 пайызға арзандауынан басталды. Кейін өндіріс көлемі 1,4 пайызға кеміп, тауар айналымы 30 пайызға азайды. Оның ішінде экспорт – 31,7, импорт 28,4 пайыз құлдырады.
Қазақстанның сыртқы қарызы 155 миллиард АҚШ долларына жеттi.
Жыл басында долларға шаққандағы теңге бағамы 380 теңгеге дейін құнсызданды.
Қазақстан дүниежүзілік экономикалық форумының есебі бойынша, 2015 жылы бәсекеге қабілетті елдердің тізімінде 42-орынға көтерілген еді. Ал ұйымның 2016 жылғы есебінде Қазақстан 11 саты төмен түсіп, 53-орынға жайғасты.
Биыл Қазақстан экономикасына салмақ салған тағы бір фактор сыртқы қарыз көлемінің артып кетуі болды. Қаржы министрлігінің дерегі бойынша, Қазақстан мемлекеттік қарыздың көлемі бойынша 134 елдің ішінде 12-орында тұр.
2016 жылы экономика үшін бірқатар маңызды тағайындаулар болған еді. Оның бірі – мамырдың 6-сында ұлттық экономика министрі болып Қуандық Бишімбаев келді.
ҚАЗАҚСТАН ҺӘМ СПОРТ
Рио 2016 олимпиадасы
Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында XXXI жазғы Олимпиада ойындары өтті. Қазақстан жалпы командалық есепте 22-ші орынға тұрақтады. Қазақстан үш алтын, бес күміс, тоғыз қола медаль жеңіп алды. Жалпы командалық есепте 22-ші орын иелендік. Медаль саны жөнінен рекорд орнаттық. Бұған дейін Атлантада 11, Сиднейде 7, Афиныда 8, Пекинде 13, Лондонда 13 медаль еншілеген болатынбыз. Бұл жолы қоржынға 17 жүлде түсті. Олимпиаданың соңғы күнінде екі боксшысы алтын медаль алған Өзбекстан жалпы командалық есепте бізді басып озып, 21-ші орынға тұрақтады. Ала тақиялы ағайындарымыз 4 алтын, 2 күміс, 7 қола медаль жеңіп алған.
29 қазан, Алматыдағы бокс
29 қазанда «Алматы Арена» спорт сарайында күллі қазақ жұрты көптен күткен бокс кеші өтті.
Қанат Ислам ұпай санымен ганалық 25 жастағы боксшы Патрик Аллотейді жеңді.
Жылдың ең маңызды спорттық оқиғасында Қанаттан бөлек, төмендегі қазақ боксшылары шаршы алаңға шықты:
Жұман Жұмабеков Владимир Ивановті (Беларусь) 23-інші секундта ұрып жықты.
Айдар Шәрібаев 6 раунд бокстасып, әріптесі Хуан Окураны (Испания) ұпай санымен ұтты.
Әли Ахметов болса, Әли Мамедовті (Әзірбайжан) 44-інші секундта нокаутқа жіберді.
Ауыр салмақтағы Руслан Мырсатаев - Наху Азумиді (Гана) шыға сала сұлатты.
Жанқош Тұраров болса бәсекелесі Айсак Ариені (Гана) 4 раундта жайратып салды.
Жәнібек Әлімханұлы Милтон Нуньеспен (Колумбия) өткен кәсіпқой бокстағы алғашқы жекпе-жегін айқын жеңіспен аяқтады.
Шолушы Қарабура Құлтай