Қытайдағы қандастарымыз арасынан шыққан қазақтың ару қызы Риза Әлімжанның есімі кешелі бері Қазақстандық ақпарат кеңістігінде кеңінен тарады. Ол 1986 жылы 15 шілдеде Бейжің қаласында дүниеге келген. Ризаның әкесі Бұратала қаласының тумасы Әлімжан Нұрғазыұлы мен анасы Зайымхан Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар баспасының қазақ редакциясында жұмыс істейді. Риза орта мектеп оқып жүрген кезінен-ақ сәнгер ретінде жұрт көзіне түсе бастаған. Ризаның хоббиі - ән айту, саяхатқа шығу, кітап оқу.
15 жасынан бастап танымал бола бастаған Риза ең жас сәнбике ретінде атақты сән туралы «Ruili» журналының алғашқы беттеріне бірнеше рет шыққан. Бұған дейін ол «Соқыр кино», «Үлкен шайқас», «Сәттілік келе жатыр», «Жень Хуан Чуан ғибадатханасы» сияқты тағы да басқа фильмдерге түскен. Massaget.kz сайтының хабарлауынша Риза Қазір «Біз ғана білетін мекен» («Somewhere Only We Know») атты туындыда басты рөлдердің бірін сомдауда.
Соңғы аптада екі бірдей қазақтың қызы әлемді сұлулығына тамсандырды. Қазақстан қыздар арасындағы волейбол құрамасында ойнайтын жалғыз қазақ қызы 17 жастағы Сабина Алтынбекова мен қатар Ризаның есімі де аталып, әлемге қазақ қыздары сұлу екенін тағы да бір паш етті. Ару қыздарымызға жеңістер мен биік белестер тілеп, қазақтың мақтанышы болып жүре берсе екен дейміз!
“Қамшы” сілтейді


