Ресей тарапы шығыс Украинаға жіберген жүк көліктердің Киевтің рұқсатынсыз Украина территориясына кіруін Батыс елдері: «Украина қауіпсіздігіне тікелей төнген қауіпті ұлғайтты»,- деп айыптап отыр.
«Ресей « Гуманитарлық көмегінің» Украина билігінің келісімінсіз шекарадан баса көктей кіруі Украинаның «ашық шапқыншылыққа ұшырауы» болмақ»,- дейді НАТО тарапы.
НАТО бас хатшысы Андерс Фог Расмуссен Ресейдің артиллериялық қолдаулары шығыс аумақтағы соғысып жатқан украин күштеріне төтеп беру үшін жасалып отырған шаруа екендігін айтады. Ал, Пентагон өкілі Джон Кирби Ресейдің мұнысының заңсыз басып кіру деп санайды.

«Бұл Украина тараптың рұқсатынсыз және Қызыл Кресттің араласуынсыз жасалған ашық заң бұзушылық әрекет»,- дейді Расмуссен. Оның айтуынша, Ресейдің бұл қылығы онысыз да ушығып тұрған өңірдегі дағдарысты тіпті де асқындырып отыр.
«Ресей халықаралық келісімдердегі уәделеріне, әсіресе, жақында ғана Берлиндегі және Женевадағы берген уәделеріне ауыр дәрежеде қиғаштық жасап отыр. Оған қоса, Украинаның егемендігіне қол сұғып отыр... Ресей өзі жандырып, өзі үрлеген шоқты тіпті де қоздыруда. Халықаралық принциптерді осылай көпе-көрнеу бұзуынан-ақ, Ресей шынында ондағы халыққа көмек бергелі жүр ме, жоқ әлде, ондағы қарулы сепаратистерге көмегін жалғастырғысы кеп жүр ме деген сұрақ туындайды»,- дейді НАТО хатшысы.
«Оның үстіне, біз танктерді, бронетранспортерлерді және артиллерияларды қамтыған жоғары қуатты қарулардың шығыс Украинадағы сепаратистік топтарға жіберілгенін көріп отырмыз»,- дейді Андерс Фог Расмуссен.
Дереккөз: Рейтер Агенттігі.
Дайындаған: Санат Наққазақ.