Айнаның алдына тұрып өзіңізден шынайы түрде, еш жасырынсыз «Қаншалықты сыпайымын?» деп сұрап көріңізші. Айнаның алдында болмаса да, іштей өзіңізден немесе жақындарыңыздан сұрап көріңіз. Оның керегі не десеңіз, түсіндірейін:
Біз өзімізді мәдениетті халықпыз деп мойындағанбыз. Дамыған 30 елдің қатарына кіруге де аз қалды дейміз. Халықаралық дәрежедегі іс-шаралар өткіздік. Қысқаша айтқанда, дамып жатырмыз, танылып жатырмыз.
Алайда, «сыпайылық» ұғымына әлі де ерте сияқты. Еуропадан көп нәрсе үлгі етеміз, алайда мәдениетін емес.
Қай жерге бармаңыз барлығы да ашулы, жүйкесі сыр берген адамдарға толы болып жүреді. Көшеде, кітапханада, автобуста. Агрессивті, қабағы қатулы, ұрсуға дайын тұратын адамдарды жиі кездестіретініміз соншалық, сыпайы адамды көргенде таңданысымызды жасыра алмай қалып жатамыз. Адамдардың агрессивті болуының негізгі себептері мынада:
-БАҚ-тың беретін ақпараттарының 80%-ы пессимистік реңкте: қылмыс, зорлық және т.б;
-Мемлекет тарапынан халыққа жасалатын жағдайлардың сапасыздығы;
-Қызметтегі жұмысшыларда мотивация жоқтығы, өмірдің қара-сұр қалыпта өтуі, яғни өзгеріс жоқ.
Қысқаша айтқанда, біздің халыққа сыпайы болуға «уақыт жоқ», қалау да жоқ. Сыпайы болғың келеді, кез-келген адамды жеке тұлға, ҚР-ның азаматы ретінде мойындап, сыйлағың, құрметтегің келеді. Алайда, кейде осының бәрі бекер секілді көрінеді....
Сіздің де басыңыздан өткен шығар...
Осыдан екі ай бұрын ұялы телефонымды ұрлатып алдым. Ұрлатқанда, оны менің көзімше тартып алып кетті деген дұрысырақ болар. Арыз жазуға Алмалы ауданынының ІІБ-на (Ішкі істер басқармасы) бардым. Сондағы кезекшілікте отырған ағайдың маған не дегені әлі есімде.
Көңіл бөлмейді тіпті, не істерімді кімге барарымды білмей есеңгіреп тұрған мені көріп тұр, әдейі қарамай тұр.
Ақыры шыдамадым:
-Ағай, көмектесіңізші! Телефоным жоғалды. Қайда барам? Арыз жазайын деп едім –дедім
Беті бүлк еткен жоқ.
-Күніне 100 телефон жоғалады. «Оның біреуі де табылып жатқан жоқ» -демесі бар ма? Көзім бақырайды да қалды. Ақыры «504-кабинет» деп баспалдақ жақты нұсқады.
Көтеріліп, барсам тағы 3-4 қыз кезекте тұр. Бәрі ұялы телефоын ұрлатқан. Жалғыз емес екенмін ғой деп ойлап, осы ойдан демеу іздеп қоямын. Арызды 3 сағат отырып жаздық. Жұмыс істегісі келмейтін тергеушілеріміз кезекте тұрған бізді біреуі екіншісіне жіберіп, қабылдағысы келмейді.
Күніне жоғалып жатқан 100 телефонның біреуі де табылып жатқан жоқ қой, менікі де табылған жоқ. Ұрлаған адам телефонымның аман-есен екенін білдіртті, бірақ. Электронды поштамды, әлеуметтік желі парақшаларымды бұғаттап тастаған болды.
Мұндай ұрлықты күнделікті өмірде жиі кездестіруге болады. Бұған тоқтау да жоқ секілді. Оның себебінің бірі – мұндай қылмыстарды Ішкі істер бөлімі, құқық қорғау органдарының ашуға құлықсыздығы, қалаусыздығы. Олардың ұры ұйымдары мен топтармен байланыста болады деген пікір де негізсіз емес.
Алдап арбауға, мүмкіндік болса ұрлап, ұруға дайын тұратын адамдарға күліп, тіпті жымиып қарауға да құлықсыз боласың, көзің ашылғанда. Сыпайылық жақсы, ізгі қасиет. Бұл қасиеттен айырылып қалған жоқпын. Тек, адамдарға деген сенімді жоғалттым.
Назерке Мұса