Халқымыздың бір туар азаматтарының бірі, Халық жазушысы, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ілияс Есенберлин - әлем таныған және мойындаған жазушы. Өзінің бүкіл ғұмырын, ел тарихы мен тағдырын ұрпақ зердесіне жеткізуге бағыштаған қарымды қаламгердің қолынан алты алашқа әйгілі «Алтын орда», «Көшпенділер» секілді тарихи романдар дүниеге келді. Туған топырағының әр уысынан сыр іздеп, ақсақалының аузынан шежіре тыңдап өскен Ілекең қазақ елінің тағдыр талайын тұңғиық ғасырлар түбінен аршып алған осы еңбектері арқылы елінің еңсесін көтерді, абыройын арттырып, мәртебесін жоғарлатты.
Бүгінгі ұрпақ қазақ тарихынан І.Есенберлин шығармалары арқылы сусындады, солар арқылы танып, білді. Әміршілдік жүйенің тар бұғауына шегендеп қойған тар кезеңнің өзінде- ақ бар ауыртпалықты қайыспай көтерген жазушының ерлігі мен ел алдындағы азаматтық биік тұлғасына бас июден артық құрмет те болмақ емес. Әрбір шығармасының жарыққа шығуының өзі қажырлылық пен қайсарлықтың, батылдықтың үлгісі. Жазушы романдарынан осы тұрғыдан алғанда «Мұхиттан өткен қайық» романының орны бөлек. Көзі тірісінде жазылғанымен, жарыққа шыға алмай қалған бұл шығармада «тоқырау заманының» ащы шындығы жатыр. Баспа жүзін көрмеу себебі де осында. Әдебиеттану ғылымында өз бағасын толық алып үлгермеген романның тағдырын тілге тиек ету арқылы, жазушының қаламгерлік қасиетін тағы бір қырынан танытсақ деген оймен қолымызға қалам алған едік.
Біз «Мұхиттан өткен қайық» романының тағдырын сөз ете отырып, кітапқа байланысты жазушының көрген зорлық-зомбылығын нақты деректермен ашып көрсетуді мақсат етіп отырмыз. Құжаттар тілімен Ілекеңнің болмыс-бітімін тағы бір қырынан тану мүмкіндігін оқырманға жеткізе алсақ, онда еңбегіміздің зая кетпегені.
1970 жылдардың басында жазылып, дайын болған шығармасының баспа жүзін көре алмауы, әртүрлі деңгейдегі әдебиетші-сыншылдардың және «қырағы» цензураның көкейінен «шыға алмауы» себепті жазушы өз романы үшін күреске шығуға мәжбүр болады. Республика көлеміндегі басшы орындар тарапынан әділдік таба алмай, шырылдып шындық іздеген Есенберлин тікелей Л.И.Брежневтің өзіне өтініш-хат жолдайды:
КОКП ОК-нің Бас хатшысы Л.И.Брежнев жолдасқа!
…Өзіңіздің мені партияға қайта алғаныңыздан бері 20 жыл өтті. Осы уақыт аралығында он кітап жазып үлгердім. Олардың көпшілігі орыс тіліне аударылып, Мәскеудің басты баспаларында басылып шықты. Қазақ ССР Мемлекеттік сыйлығының пауреаты атанып, бірнеше үкімет наградаларын алып үлгердім. Сіздің қамқорлығыңызды, мен үшін істеген жақсылығыңызды еш уақытта ұмытпаймын.
Міне, енді «Мұхиттан өткен қайық» романымды жазып бітірдім. Романым туралы жазушылардың пікірі, жалпы жақсы. Бірақ Қазақстан КП ОК-нің идеология хатшысы С.Н.Имашев жолдас қолжазбамның алғашқы нұсқасының бірін алып, оны бастырмақ түгілі, біреулерге оқуға қатаң тыйым салып отыр. Имашев жолдастың көзқарасы қате екеніне сенімдімін, сондықтан, қолжазбамның бір данасын Сізге жолдадым. Әрине, Сіздің маңызды мемлекеттік істерден қолыңыз тимейтінін жақсы білем, дегенмен, егер орынды деп тапсаңыз, көркем әдебиетті жақсы білетін жауапты қызметкерлеріңіздің біріне оқып шығып, қорытынды шығаруды тапсыруыңызды Сізден өтінем.
Жазушы І.Есенберлин.
31-қазан, 1974 жыл.
Өз шығармасының тағдыры үшін ашық күреске шыққан жазушы роман тағдыры, негізінен, Қазақстанда ғана шешілетінін жақсы білгендіктен де Д.А.Қонаевқа да дәл сол күні осы мазмұндас хат жолдайды. Ал романдағы басты тұлғалардың бірі Қонаевтың өзі болатын. Романның сюжеттік желісіне 1960-70 жылдардағы республикада болған тарихи оқиғалар қамтылғандықтан да автор осыларға байланысты жазушылық ой-пікірі мен топшылауларын, сын-пікірлерін қоса жеткізетіні мәлім, А.Ахметжанов образының прототипі ретінде алынған Қонаевтың роман тағдырына өзіндік көмегі тиер, ықыласы ауар деген жазушының сенімі зор болған секілді:
«…Мұхиттан өткен қайық» атты романымның алғашқы нұсқаларының бірін Өзіңізге оқып шығып, қажет деп тапсаңыз түзетулер енгізуіңіз үшін жолдаған едім. Алайда С.Н.Имашев жолдастың қолына тиген екен. Ол кісі шығармашылық көмек көрсетудің орнына романды жоққа шығарады. Онымен қоймай, Имашев жолдас танысу үшін бірінші нұсқасын жіберген «Новый мир» журналына да КОКП ОК-і арқылы шығармамды жамандатыпты (ал мен журнал редакциясына «Бұл соңғы түзетуім» емес екенін ескерткенмін).
…Міне соңғы өңдеуден кейін романымды тағы Сізге жолдап отырмын. Егер денсаулығыңыз мұрша берсе - Өзіңіз оқып шығуды сұраймын. Бір данасын Л.И.Брежневке де салып жібердім. Романда көтерілген мәселелердің маңыздылығын ескере отырып, өтінішімді аяқсыз қалдырмассыз деп сенемін.І. Есенберлин. 31- қазан, 1974 жыл.
Содан бері төрт жыл өтеді. Өз шығармасына айтылған әртүрлі сын- ескертпелерді ескере отырып, түзетулер енгізіп, дәуір шындығын «шынайы» бейнелеудегі негізгі ойларын жетілдіру мақсатында жұмыс жасап жүрген авторды романның жарық көруі қатты толғандырды. Үміт пен күдікке толы осы жылдар ішінде жазушы өз шығармасының тағдыры үшін талай сын естіп, талай таяқ жесе де, талай басшы орындар мен баспаханалардың есігін тоздырса да, өзінің жазушылық, азаматтық ары мен намысы үшін шырқыраған шындық жолынан, күрескерлік үрдісінен таймады. «Менің жазып отырғаным тек қана шындық, соны неге түсінбейді?» деп жазады жазушы: «Құрметті Дінмұхамед Ахметұлы! «Мұхиттан өткен қайық» романымды бес жыл бойы өңдеп келемін. Бұл кітап республикамыздың маңызды кезеңдерінің біріне арналады. Онда идеологиялық солақайлықтар жоқтығына сенімдімін. Және таза партиялық тұрғыдан социалистік реализм методымен жазылған.
С.Н.Имашев, М.И.Есеналиев, Ә.Т.Әлімжанов, Ш.Р.Елеукенов жолдастардың, Қазақстан Жазушылар одағының секретариаты көрсеткен кемшіліктерді ескеріп романымды қайта өңдеп шығып, соңғы нұсқасын мамыр айында «Жазушы» баспасына өткізіп қойғам. Бірақ ол туралы әлі күнге ешқандай шешім қолданылмай келеді…
…Осыған өзіңіз ғана көмектесе алатын болғандықтан, Сізге хат жолдап отырмын. І.Есенберлин. 19-қазан, 1978 жыл.
Хаттан көріп отырғанымыздай, жазушы әділдіктің, шындықтың жеңетініне еш күмән келтірмейді. Әлі де болса республика басшысының өз шығармасының тағдырына ара түсе алатынына сенеді. Бірақ І.Есенберлинге шығармасының жарық көруін тағдыр жазған жоқ. Оған тоқырау кезеңіндегі әр түрлі күштердің бұлжымас қағидасына айналған шектеулі әрі қатаң пікірі кедергі болғанына дау жоқ. Мына төмендегі тұжырым бұл пікірді анықтай түседі:
«ОК-ке Скоробогатоваға. 20-желтоқсан, 1978 жыл.№1-8 /3478.
...Жазушы барлық материалдарды толық меңгермегендіктен субьективизмге, қате көзқарасқа ұрынған. Жағымсыз кейіпкерлерге фельетон мен памфлетке тән мінездеме берген. Романдағы оқиғаның уақытын дәл көрсету үшін, автор лауазымды адамдардың нақты аттарын енгізген: Л.И.Мирзоян, О.Омаров, Ж. Шаяхметов т.б. Оның үстіне, әлі тірі қызметкерлердің де аты-жөндері бар. Мысалы: М.М.Лаврентьев. П.К.Пономаренко жағымсыз кейіпкерлер қатарында жүр. Партия және мемлекет қайраткерлерінің бейнелері тым тұрпайы, кедейленіп кеткен. Және автор олардың ақылдылығына, парасаттылығына күмән келтіреді...
...І.Есенберлиннің жаңа романы - проблемалық шығарма. Бірінші проблема: оншақты беттері М.Жұмабаев, А.Байтұрсынов секілді алашордашыларды ақтау керек дегенге арналған. Автор жазушылық этиканы да сақтамайды. Мысалы, қаламдас әріптестерін ешбір дәлелсіз «таза», «таза емес» деп бөліп, кейбір қазақ әдебиетшілерінің еңбектерінің құндылығына күмән келтіреді»…
Міне осы анықтамалардан көріп отырғанымыздай, лауазымды адамдардың республиканы басқару кезіндегі жұмыстарындағы жіберген кемшіліктерін автор реалистік шындықпен көркем тұрғыда дәл бейнелей алған. Романның басты кейіпкерлері: жазушы Айбол мен Қазақстандағы бірінші адам - Ақылбек Ахметжанов. Романның желісі Қазақстандағы бірқатар оқиғалардың тізбегінен туады. Және басты кейіпкерлердің соларға қатысты көзқарастары берілген. Романдағы заман, дәуір тынысының реалистік шындыққа сай көрсетілгендігін шығарма тағдырына қатал үкім жасаған мына бір құжат айқындай түседі:
«Қазақстан КП ОҚ-нің хатшысы С.Н.Имашев «Есенберлиннің қолжазбасы» туралы». 20.01.79 ж.
…Автор жоғарғы партия және мемлекет басшыларын көрсеткендіктен ең басты кемшіліктері, олардың өмірі терең, жан-жақты қамтылмай, коммунистердің уақыт талабына сай ерекшеліктерін дұрыс түсінбегендіктен мемлекет қайраткерлерінің іс-қимылдарын таяз, шектелген, дау-жанжалдар ұйымдастыруға құмар, тек жеке бастарының қамын, қызмет бабымен жоғары көтерілуді ойлайтын адамдар ретінде көрсетуге тырысқан.
Автор өмірдің тек жаман жақтарын көрсетуге құмар. Ал партияның өзі түзеткен бұрынғы қателіктеріне тым көп назар аударуы - партия мен оның басшылары, қазіргі заман туралы халық санасында қате түсінік тудырады. Осы сарында оңтүстіктегі үш ауданды көрші республикаға беру экспериментін көрсеткенде, ол біздің Одақтың мызғымас бірлігіне, халықтардың шынайы достығына күмән келтірген.
Ұлтшыл-буржуазиялық «Алаш» партиясының тарихымыздағы орны мен бағасы дұрыс берілмеген. Оған қоса «Алашорда» әдебиетшілері А.Байтұрсынов пен М.Жұмабековты ақтауға тырысқан»…
Міне осы құжатта атап көрсетілгеніндей, сол кездегі талапқа сай «автор өмірдің көлеңкелі жақтарын көп суреттеген». Ал бұл көлеңкелер мен ақтаңдақтар, тарихи оқиғалар халық тарихында шындық екеніне біз соңғы жылдары ғана көз жеткіздік қой. Әрине, жазушының бұл шығармасы осындай «батылдықтарымен» классикалық шығарма деуден аулақпыз. Бірақ сол кездің өзінде-ақ өмір шындығын социалистік реализм мен коммунистік мораль талаптарына сай бүркемелеп, бетін қалқып көрсеткен талай шығармалардан шоқтығы биік тұрғаны анық. 1932 жылғы ашаршылық зардаптарының сөз болуын мысалға алсақ та жеткілікті. Сол кезеңде тарих ғылымының өзінде аты аталмай, түсі түстелмей жүрген осынау ащы тарихи шындыққа, халық трагедиясына Есенберлин бірінші болып дұрыс баға берген. Халықтың тең жартысының құрып кетуіне ел басқарған мемлекет қайраткерлерінің жауапты екендігін ашып көрсетеді. Бұл көзсіз ерлік пен батылдықтың, ел алдындағы азаматтық биік парасат пен жауапкершіліктің айқын айғағы.
Романда осындай дәуір шындығының дұрыс бейнеленуінің қалың оқырман санасынан орын алмауына ұмтылған «қырағы көздер» қайткен күнде де кітаптың басылып шықпауына жанталаса араласады. Жоғарыдағы келтірген құжаттардан байқағанымыздай, Қазақстан идеологтары Мәскеуге сілтесе, олар қайтадан өздеріне жіберіп, қақпақылға салып қояды. Ақ-қарасын айтуға келгенде, ақиқатқа жүгінуден қорқады. «Роман Мәскеуде орыс тілінде жарық көрсе, біз Алматыда қазақ тілінде басуға дайынбыз, ал Мәскеу одан да бұрын, біз оны тек ана тілінде жарық көргеннен кейін ғана басып шығарамыз» деп шарт қойған.
«Мұхиттан өткен қайық» тарихи зерттеу немесе өмірбаяндық хроника емес, көркем шығарма. Автор өзі куә болған дәуірдің шындығын сыншыл тұрғыда ашқан. Ал оның қаншалықты дәрежеде жүзеге асқанын әдебиет сыншылары сараптай жатар. Дегенмен, бұл жерде романды қайтсемде жарыққа шығарамын деп талаптанған, сол жолда талай тауқымет тартқан автор идеология хатшыларының «кеңестерімен» әлденеше рет түзеп, күзеп, өңдеуден өткізгенін, сол заманның «айтқанына» қарай сан мәрте қайыра жазғанын ұмытпағанымыз абзал. Ең бастысы І.Есенберлин тоқырау жылдарындағы күрделі әрі шектеулі талаптарға қарамастан, 1932 жылғы ашаршылық зардаптарын, «тың эпопеясы» кезіндегі кейбір келеңсіздіктерді, ел басқарған біраз қайраткерлердің болмыс-бітімін, шынайы жасауды мақсат тұтқан. Сондай-ақ қазақ тарихын таныту, сол тарихтың әрқилы кезеңдеріндегі азаматтар тұлғасын көрсетіп беру роман желісінен өзекті орын алған. Оларға жазушылық тұрғыдан баға бере келіп, басшы қызметкерлер мен шығармашылық интеллигенция өкілдерінің ақыл-ойына тұсау салған кеңестік идеологияның барлық сырын ашып берген. Айбол тағдыры сол дәуірдегі халық қамын, ел мұңын ойлаған адамдардың бастан кешкен өмірі екенін аңғарамыз. Жазушы өз кейіпкерлерін сомдағанда бірін-ақын, екіншісін- геолог, үшіншісін-мүсінші және дәрігер, төртіншісін-кен инженері есебінде алып көрсеткенімен, олар өткен жол, өмір тарихы арқылы 1917 жылдан кейінгі бүкіл қазақ интеллигенциясының басынан кешірген тіршілігін, шежіресін жасаған. Сол арқылы өткенді жаңаша бағалауға, түйсінуге, сезінуге, лайықты бағасын беруге ұмтылыс жасалынған.
«Мұхиттан өткен қайық» романындағы Ақылбек Ахметжанов образы арқылы жазушы ел қамын көбірек ойлап, халқының әр жетістігіне шын қуана білетін басшыларды көрсеткісі келгенін байқаймыз. Ақылбек- республикадағы белгілі партия және мемлекет қайраткері. Романда оның интернационализм мен ұлтшылдық саясатқа байланысты қиыншылықтарға қарсы тұрып, жеңе білуі ашық айтылған.
Қазақ әдебиет тарихында оннан астам романдар жазып, қазақ әдебиеті мен тарихын көшелі жерге өрге сүйреген І.Есенберлин бірегей де біртуар жазушы екендігіне ешкім де шек келтіре қоймас. Қай романы да халықтың өткен тарихымен, шежіресімен сабақтасып жатады. Ал «Мұхиттан өткен қайық» жазушының өзі ғұмыр кешкен кезеңінің, ортаның, Мәскеуден басқарылып, бағытталған идеологияның бет-бейнесін шынайы ашып беруімен айрықша аталып өтуге тиісті туынды. Социалистік реализм, коммунистік мораль принципімен безбенге салынатын идеология дәуірлеп тұрған шақта ел өміріндегі аса маңызды оқиғалар, оның ішінде халық тағдыры мен келешегі сеніп тапсырылған үкімет басшыларының іс-әрекеттері мен атақ-мансап үшін неден болса да тайынбауға дағдыланған екі жүзді саясаттары жан-жақты, байыпты көрсетілген. Сол себепті осындай ащы шындықтар арқау болған роман жазушының көзі тірісінде кітап болып басылмақ түгілі, мерзімді баспасөз беттерінде де жариялану құқынан айрылды. Өйткені басқа-басқа, Қазақстан КП ОК-і өзі бас болып кіріскеннен кейін не айтары бар. Романның журналдық нұсқасы жазушы өлгеннен кейін, елімізде демократиялық оң өзгерістер бел ала бастаған шақта ғана жарияланды. Ендеше роман туралы барды байыптап, бағалап айтылар әділ баға керек.
Бұл мақалада романның желісі, айтары мен берері туралы көбірек тоқталғаннан гөрі, осы шығарманың жарық көруіне қатысты жазушы бастан кешірген қиындықтар мен кедергілер туралы айтуды мұрат тұтқан едік. Саңлақ жазушының өміріндегі қалың оқырман көп біле бермейтін мұндай жайттар елі мен жерінің тарихын көркем әдебиетте бейнелеуде өзіндік қайталанбас қолтаңба қалдырып үлгерген, сол жолда тынымсыз еңбек жасаған азаматтық, жазушылық тұлғасын тағы бір қырынан тануға септігі тиер деген ойдамыз.
Бұл елі мен жері үшін бойындағы бар қуаты мен шығармашылық талант-дарынын толыққанды жұмсаған І.Есенберлин аруағының алдындағы ұрпақ парызы мен қарызының бір өтеуі болар еді.
Ж. Қ. Смағұлов
филология ғылымдарының докторы, профессор
Қарағанды