Владимир Путин Донецк Халық Республикасы және Луганск Халық Республикасының паспорттары Ресей Федерациясының аумағында жарамды деген жарлыққа қол қойды. Осыған орай Украинаның шығысындағы өздерін бөлек мемлекетпіз деп жариялаған облыстың тұрғындары жаппай жаңа құжат алуға кірісіп кетті. Бұл жөнінде 31.kz жаңалықтары хабарлайды.
Путин жарлығы бойынша Луганск пен Донецк облыстарының тұрғындары саяси ахуал түзелгенше Ресей аумағында ресми түрде білім алуға әрі жұмыс істеуге құқылы екен. Мұндай мүмкіндікті пайдалану үшін Украинаның 50 мыңға жуық азаматы төлқұжатын ауыстырып үлгерген. Кремль өз әрекетін зардап шеккен аудандардың тұрғындарына көмек көрсету үшін жасалып отыр деп түсіндіреді. Алайда, Украина билігі Кремльдің сепаратистердің паспортын мойындауы олардың екі облысты басып алғанын мойындаумен тең деп, Батысты Ресейге қарсы санкцияларды күшейтуге шақырды.
ПЕТР ПОРОШЕНКО, Украина президенті:
- Біз қазір жанжалды реттеу жөніндегі Минск келісімінің сақталмайтынына куә болып отырмыз. Соғысты доғару жөніндегі режимнің бұзылуы былай тұрсын, енді фейк мемлекеттің, фейк құжаты да мойындалып отыр.