Осыдан біраз жыл бұрын ақпараттық кеңістікте «индиго балалар» деген термин пайда болған болатын. Индиго балалар ешкімге ұқсамайтын көк түсті аура шашып тұрады және оны тек қана экстрасенсорлық қабілеті бар адамадар ғана көре алатын көрінеді.
Индиго балалардың немесе вундеркинд балалардың өзгелерге ұқсамайтын ерекшелігі – мінез-құлықтары ауырлау, тіл алмайтын, ренжігіш болып келеді екен, бірақ осыған қарамастан керемет талантқа ие.
Шын мәнінде солай ма?
Шындығына келгенде, дүниеге келген кез-келген бала «индиго» болып табылады. Әрбір баланың талантты болып жетілуіне мүмкіндік бар. Яғни, бәрі бірдей мүмкіндікке ие.
Психологтардың айтуынша, индиго немесе вундеркинд балалар туыла сала, осы қасиеттерге ие екендігін көрсетуге мүмкіндіктері жоқ. Осы талантты, потенциалды ашуда ата-ана рөлі үлкен маңызға ие.
Әлемдегі танымал вундеркинд балалар қатарына тоқталатын болсақ:

Акрит Пран Ясвал Индия тұрғыны. 8 жасында алғашқы хирургиялық операция жасаған. 12 жасында Медициналық Университетке түскен. Бүгінгі күні ол қатерлі ісіктің емін іздеу жұмыстарын жүргізуде.

Микаэла Ирэн Фудолиг Филлипин Университетіне 11 жасында түсіп,16 жасында оны аяқтаған. Қазіргі кезде эконофизика ғылымы аясында сол университеттің профессоры болып қызмет атқарады.

Марк Тянь Боэдихарджо Гонконгта дүниеге келген. 9 жасында Гонконг Университетіне түскен. Қазіргі уақытта 2 диплом иегері. Математика философиясы аясында бакалавр мен магистрант деңгейі мен қоса АҚШ-та білімін жетілдіріп жатыр.
Баланы кішкене кезінен бастап, ойын түрінде білімге, ғылымға қызығушылығын ашу керек. Себебі бала бойында өзі сезбейтін, ата-анаға да беймәлім потенциал бар.
Ғылымға, білімге үйрету керек деген сөз баланы үстел үстіне отырғызып қойып, қинап оқыту деген сөз емес. Әріптерді көрсетіп үйретуден бастап, буынға көшу, визуалды эффект болу үшін суреттер арқылы тамақ үстінде болсын, бос уақытта болсын балаға әсер ету.
Бала уақыт өте келе, суреттерге, айналада болып жатқан оқиғаларға өзі қызығушылық таныта бастайды. Дәл сол кезде ата-ана тарапынан қолдау мен шыдам талап етіледі.
«Мынау не? Анау не? Неге ол олай? Не үшін?» деген секілді стандартты «бас ауыртарлық» сұрақтар туындайтын кезеңде балаға асықпай, бәрін дұрыс түсіндіру керек. Жас бала миы- зерек, ашық, барлық материалды бірден қабылдайтындықтан сұрағының жауабын нақты әрі шынайы түрде түсіндіру керек.
Талантты емес балалар жоқ. Баланы қинамаңыз, өз еркінсіз оқытып зорламаңыз. Қызықтыра біліңіз, балаға өзін-өзін жетілдіре алатын орта жасаңыз.
Әр адам- индивид. Балаңызға ерік берік, өзіне шешім қабылдатып үйреніңіз.
Тыңдап, көңіл бөліңіз. «Оны саған білуге ерте» деген сияқты көзқарастардан аулақ болыңыз.
Теледидар, компьютер ойындарын мүмкіндігінше қолдандырмауға тырысыңыз. Бала психологиясы бұзылатын нәрселерді көрсетуден аулақ болыңыз.
Ең бастысы, кез-келген дені сау бала вундеркинд болып жетіледі, сондай болып жетілуі тиіс екендігін ұмытпау керек. Оған тек аздаған шарттарды орындасаңыз болғаны.
Назерке Мұса