Алматы қаласындағы Мемлекеттік орталық музейде суретшілер Данияр және Асылгүл Байдаралиндердің отбасылық көрмесі өтуде. Көрме аясында Д.Байдаралиннің садақшылық туралы орыс тіліндегі кітабының тұсаукесері өтті.
Данияр мен Асылгүлдің туындылары ұлттық мұраны үлгі тұта отырып, жаңа ізденістерге бой ұруымен ерекшеленеді. Түрлі-түсті және ақ-қара гаммалы картиналар өмірді, еркіндік пен бақытты бейнелейді. Көрмеге қойылған туындыларда халқымыздың тұрмыс-тіршілігі, елі мен жерін қорғаған батырлардың қайсарлығы мен отаншылдық рухы менмұндалап тұр.
Данияр Байдаралиннің негізгі тақырыбы – қазақ қару-жарағының тарихы. Көрмедегі «Жауынгерлер» сериясы көшпелілер әлемінің ұлы батырларына арналса, «Салт аттының садақ атуы» сериясы садақшылық өнерінен сыр шертеді. Сондай-ақ «Қазақ аттары», «Дала келбеттері» атты сериялы туындылар ұлттық нақышқа толы.
Көрмеде Асылгүл Байдаралинаның кескіндеме және графикалық жанрдағы туындылары қойылған. Асылгүл – Қазақ бас сәулет-құрылыс академиясының түлегі. Суретшінің басты тақырыбы – әйел, ана. Асылгүл әйелге тән сезімді аналық болмыспен үйлестіре бейнелейді. Табиғаттың өзіндей саналуан ашық түсті бояулармен салынған бұл туындылар өмірге деген құштарлыққа толы. Оның «Әйелді кейіптеу» атты фантастикалық портреттер сериясы, ұлттық дәстүрдің бір үзігі көрініс тапқан «Қыз ұзату» триптихі өзіндік бояуларымен көз тартады.
Суретші Байдаралиндер жазушылық қырымен де танымал. Асылгүл балаларға арналған ертегілер жазумен және оларды безендірумен айналысады. Оның қаламынан туған «Сиқырлы балта», «Тауықтың арманы» және басқа ертегілер ұшқыр қиялдан туған түрлі-түсті және ақ-қара графикалық суреттермен безендірілген.
Даниярдың «Садақшылық – искусство изготовления и стрельбы из казахского конного лука» атты кітабы қазақтың ат үстінде садақ ату өнеріне арналған. Бұл кітап автордың аудармасымен ағылшын тілінде де жарық көрді. Данияр осы өнерді ғылыми түрде зерттеумен әрі жаңғыртумен айналысып жүр. Байдаралиндердің балалары Күнкей мен Таймастың жұмыстарын қоса алғанда 80-нен астам туынды қойылған көрме ақпан айының соңына дейін жалғасады.
Көрменің ашылу рәсімінде Данияр Байдаралинмен аз-кем сұхбаттасқан едік.
Орталық музейде ашылып отырған осы отбасылық көрменің ерекшелігі неде?
Бірнеше жыл АҚШ-та өмір сүріп келген біздер Отанды сүю,
қадірлеу дегеннің не екенін сол жақта терең түсіндік. Бұл халқымыздың тарихы мен мәдениетін шындап үйренуге, бағалауға жетеледі. Шетелде жүргенде нағыз патриоттық-отаншылдық сезімдер күшейе түседі екен. Елімізге қайтып оралған соң халқымыздың тарихы мен мәдениетін үйренуге шындап ден қойдық.

Асылгүл екеуміздің өмір бойы сәулет пен дизайн саласында жұмыс істедік. Қаржылық жағы жақсы болса да кеңсе жұмысынан бас тартып, көркемөнермен айналысуды қаладық. Стиліміз әралуан. Қазақ көркем өнеріндегі дәстүрлі дүниетанымға сәйкес «ашық түстер эстетикасын» американдық нақты, практикалық тәсілдермен араластырып, жаңа бағытта жұмыс істеудеміз.
Сіздің картиналарыңыздан батырлық кезеңнің рухы байқалады. Бұл тақырып сіз үшін несімен тартымды?
Мен бала кезімнен батырлар жырын оқып өстім. М.Әуезовтың «Абай жолы»
І.Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда», Ә.Әлімжановтың «Махамбеттің жебесі», Б.Жандарбековтың «Сақтар» романдары және басқа тарихи кітаптардың әсерімен батырлардың бейнесін жасауға қызығушылық туды. Жалпы мен үшін көне мәдениет үлгілері, салт-дәстүр, ұлттық материалдық мұраның орны бөлек. Әсіресе, жауынгерлік өнер туралы тарихи деректерді жинау барысында көшпелілердің нағыз сегіз қырлы бір сырлы болғанын байқадым. Бейбіт уақытта ол қарапайым малшы, қолөнер шебері, домбырашы болса, жау шапқанда керегеде ілулі тұрған ата-бабасының қару-жарағын ала салып атына мінеді. Жауынгер-ақын, жауынгер-шебер, жауынгер-өнерпаз, жауынгер-суретші. Бұл біздің генетикалық ерекшелігіміз.
Садақшылық өнерін жаңғырту бағытындағы талпыныстарыңыз туралы айтып өтсеңіз?
АҚШ-тың шағын қалаларына садақшылық клубтары көп. Олар
әдетте қарапайым ағаш садақтары, мысалы ағылшын немесе америкалық ұзын садақтар. Арасында биокомпозиттық садақтар – түрік, моңғол, кәріс, қытай, тағы басқа азиялық садақтар кездеседі.
Сонда маған біздің ата-бабаларымыз да даңқты садақшылар болды емес пе деген ой келді. Жаугершілік кездегі бес қарудың бірі де бірегейі – садақ болатын. Бірақ Қазақстанда садақшылық туралы бір де бір кітап жоқ екен. Менің садақшылық өнерін зерттеуім осылай басталды.
Қазір елімізде садақшылықпен айналысатын адамдар баршылық. Олардың ішінде ең сирек мамандықтар бірі – садақ (жақ) жасаумен айналысып жүрген Атырауда Мұрат Ғабдусалимов, Алматыда Төлеген Сәрсенбаев, Алмаз Сүлейменов, Рафаэль Төлегенов, Астанада Руслан Ашимов сияқты шеберлер бар. Енді бұл өнерді әрі қарай дамыту керек. Мысалы, АҚШ-та, Түркияда, Оңтүстік Кореяда, Жапонияда, Қытайда, Моңғолияда садақшылықпен айналысатындар мыңдап саналады. Тіпті бұл мультимиллион долларлық индустрияға айналған. Мен жақын арада бізде де садақшылық нағыз халықтық спорт түрі ретінде жаңғырады деп сенемін.
Данияр, әңгімеңізге көп рахмет! Шығармашылық табыстар
тілейміз!
Дина Имамбай
Суреттерді түсірген Азамат Құсайынов