«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп ұлы Абай бекер айтпаған. Қазақта өз жанынан өлең жазуға талпынбайтын адам аз. Бірақ нағыз ақынның жөні бір басқа. Ақындық – Алладан берілетін қасиет.
Сұхбатымыздың бүгінгі кейіпкері елімізге танымал ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Темірғали Көпбай.
– Темірғали аға, таяуда ғана 55 жасқа толыпсыз, «Қамшы» порталы да мерейлі мерекеңізбен құттықтайды. Ел ағасы атанған жасыңызда өзіңізді қалай сезінудесіз?
– Құттықтауларыңызға көп рахмет! Тәңірдің бұйыртқан жасын жұрт қатары жасап келеміз. Иншаллаһ! Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар. Хакім Абайдың бір өлеңінде:
Күнді Уақыт қызартып,
Көкжиектен асырса.
Көлеңке басын ұзартып,
Алысты көзден жасырса, –
деп келетін жолдар бар. Демек, ұлы Уақыттың ырқына көнбейтін құбылыс жоқ. Таң өздігінен атпайды, Күн өздігінен батпайды. Оларды қарекетке келтіретін ұлы қозғаушы күш – Уақыт. Сол сияқты адам да белгілі бір жасқа келемін деп келмейді. Уақыттың ұшқырлығы сондай, мұнша жасқа қалай келіп қалғаныңды сезбей де қалады екенсің. Бәрі кеше ғана сияқты: қозы баққан балалық шақ, ат жалын тартып мінген бозбала кез, қияндарға қиял созған албырт жастық, алды-артыңа қаратпас тарпаң жиырма бес, ойланбастан орда бұзар отыз жас, қылшылдаған қылыштай өткір қырық жас! Пай-пай, шіркін! Несін айтасың?! Бәрі күні кешегідей.
Ал енді «ердің жасы» деп атайтын елудің жөні тіпті бөлек. Айтса айтқандай, ер жігіттің нағыз кемелденген кезі – елу жас. Бар қуатың бойыңда, ойлы, байсалды қалыпқа еніп, алды-артыңды бажайлап, нені болса да ақыл таразысына салып қарайтын, басалқалы байламдардың кезеңі. Өзіңнен бұрынғыға да, өзіңнен кейінгіге де сөзің өтетін, жеке басыңнан гөрі елдік мақсат-мұраттар туралы көбірек ойланатын, нағыз ер азаматтың толысқан шағы.
Қай кездің де өз ерекшеліктері бар. Өмір сонысымен қызық. Бүгін маған бұйырған елу бес жас жаңағы айтқан елу жастан аса бір алыс емес. Айтсам, жазсам, атқарсам деген мәселелер тізбектеліп-ақ тұр. Әзірге күш те, қуат та жетерлік. Тек тынымсыз еңбектену ғана керек.
– Қуат демекші, «Нағыз өлең жастық шақта жазылады. Адамның жасы ұлғайған сайын ақындық қуаты кеми береді» деген оймен келісесіз бе?
– Әсіресе өлең үшін жастық шақтың жөні бөлек. Өйткені жас адамның жүрек сезімі мен көңіл ауаны басқа. Қызылды-жасылды арманға толы албырт шақ. Жас ақынның қиялы түнде құс жолының үстінен көрінсе, күндіз көкте қырандай қалықтап, жерге түсе алмай жүреді. Мұқағалидың күнделігінде Александр Блок туралы айта келіп: «Блок – он как сокол, парит в небесах, и никак не хочет спуститься на эту грешнюю землю» дейтін пікір бар. Жас кезде ақынның бәрі өзін періштедей көреді. Сол биіктен сөйлегісі келеді. Жүре келе тағдырдың теперіштері мен айналадағы қызылкөз пендешілік ақын қиялының ақ қанаттарын күйдіріп, қырқып, өзегін өртегендей етіп жерге түсірмей қоймайды. Бірақ, шынайы ақынның аңсары бәрібір ғарыштық табиғатынан танбайды. Марина Цветаеваның: «Если душа родилась крылатой – Что ей хоромы – и что ей хаты!» дейтіні ақиқат сөз. Сондықтан, жастық шақтың қуаты ерекше болғанымен нағыз ақын қай кезде де айтарынан жаңылмайды деп санаймын. Оның үстіне жылдармен келетін қаламгерлік тәжірибенің де маңызы аса зор. Мысалы, Гете әлемге әйгілі «Фауст» трагедиясын жазуды 23 жасында қолға алған. Осы шығарманы ол алпыс жыл жазды. 83-ке қарағанда өмірден өтті. Өле-өлгенше жазды десе де болады. Оның жасы ұлғайды екен деп ұлы шығарманың көркемдік қуаты бір мысқал да кеміген жоқ, керісінше әлемдік классиканың алтын жауһарына айналды.
Мен білетін, өзім 11 жыл бойы етене жақын араласқан данышпан ақын Қадыр Мырза Әли де соңғы күніне дейін қаламын қолынан тастаған жоқ. Рас, ол бақиға аттанардан 2-3 жыл бұрын өлең жазуды доғарып, публицистикалық мақалалар мен эссе, естеліктер жазуға ден қойды. Бірақ орайы келгенде өлең шумақтарын да бұрқыратып тастайтын.
Арамызда жүрген алпауыт ақын Иран Ғайыптың шығармашылығын жіті зерттеген адам оның нағыз ақындық таланты 45 жастан кейін ашылғанын айқын аңғарады. Осы жастан бастап ол бұрын бұлқынғанда жығып кетіп жүрген асау Пегасты өз дегеніне бағындырып, ерттеп мініп алғандай көрінеді. Сол кезден бастап жазған туындылары Иран Ғайып қана айта алатын, Иран Ғайып қана жаза алатын жеке дара қаламгерлік стильдің қалыптасқанын анық растай алады. Сол сияқты бүгінде жетпістің бел ортасындағы аса талантты ақындар Исрайыл Сапарбай, Темірхан Медетбек, Жәркен Бөдештердің сөзі айныды деп кім айта алады? Әлі де сезімдері жібектей, сөздері мірдің оғындай.
Осы тұста Абайды айтпасқа тағы болмайды. Абай 59 жыл өмір сүрген. Ол 54 жасында өлең жазуды пышақпен кескендей тоқтатып, елге белгілі қара сөздерін жазуға кірісті. Бұдан кейін сирек жазған өлеңдері іштен шыққан өрт-жалынның зары ғана. Оспан өлегенде, Әбдірахманның қазасына, ең соңғы күйігі Мағауияның өліміне жазған жоқтау-арнаулары шарасыздықтан шыққан жүрек шеріндей. Бұл жерде ерекше мән беретін бір мәселе бар. Абай өлең жазуды кештеу қолға алды. Біреу 39 жасынан, біреу 40 жасынан бастады деп жүр. Оның мұрасын шұқшия зерттеген ғалым Ғабдрахман Сағдидың айтуынша Абайдың ең өнімді еңбек еткен кезі 48 жастан әрі қарай екен. Көлемді поэмалары мен аудармалары да осы кезге сәйкес келеді. «Ескендір», «Әзім», «Масғұт», «Онегиннің» аудармасы, Лермонтовтан, Крыловтан аударғандары түгел сол жылдар. 50-ге таяған адамды жас деп айта алмайсың. Абайдың нағыз ақындық қуаты осы кезде көрінеді. Сонда Абай қырыққа дейін өліп кетсе не болар еді деген сұрақ өзінен өзі туындайды. Осыған қарағанда «нағыз өлең жастық шақта ғана жазылады» деген ұғым қате сияқты.
Дегенмен бұл сөзде шындықтың да үлесі бар. Айтып отырған Абайымыздың өзі сол 48 жасында: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ақылың ашыған у, ойың кермек» деп жазды. 48 жаста. Миың ашып, ойың кермек тартып, сезімің семе бастаған соң жас кездегі кемерсіз қиял мен кемпірқосақ бояуындай құлпырған қызылды-жасылды армандарға өлеңнің қолы, «жүректің саусағы» жетер ме? Абайдың өлең жазуды ерте тоқтатқаны да осы мәселені (енді бұрынғыдан артық жаза алмайтынын) данышпандықпен, жан-тәнімен терең түйсінгеннен болса керек.
Менің ойымша, ақындық қуаттың сарқылуы адамның жас-шамасына қарай емес, ішкі дамудың жолында талмай іздену мен тынбай еңбектенуге тікелей байланысты. «Таланттың 99 пайызы еңбек» деген. Осы ақиқат қағиданы ескермей, танылмай жатып сарқылған таланттар қаншама? Ерте келген даңққа мастанып, тоқмейілсіп таусылған таланттар да жетерлік. Қазіргі жұрт пір тұтып жүрген, тіпті мемлекеттік сыйлық алған кейбір ақындар қазақ поэзиясында өз орындары бола тұра уақытынан бұрын таусылып болды. Олар өз сөздерін айтып болған ақындар. Енді маңдайына тапанша кезенсең де бұрынғысынан артық өлең жаза алмайды. Бірақ Хакім Абай сияқты ақиқатты мойындауға пендешіліктері жібермейді.
– Аға, өзіңіздің «Жасын ғұмыр дарындар» атты өлеңіңізде: «Арманы үшiн ерте сөнген дарынның, Жауаптымыз ақиқаттың алдында» деп ой топшылапсыз. Осы жерде айтылған «ақиқат алдындағы жауапкершіліктің» терең мәні мен салмағы қандай?
– Түсінген адамға аса талантты ақынның ажалы – бір халықтың ғана емес, бүкіл адамзаттың трагедиясы, ал жас дарынның мезгілсіз өлімі – одан да өткен өкініш. Ақындық талант Алладан беріледі. Ондай бақыт екінің біріне қонбаған. Гарсиа Лорканың: «Ең үлкен бақыт – өмірге ақын боп келу. Өзгенің бәрі түкке де тұрмайды. Тіпті ажалдың өзі де» деген сөзі көп нәрсені аңғартады.
Ажалдан қорықпайтын ақындар ғана. Лермонтовтың: «Жизнь – вечность, смерть – лишь миг», немесе, «Хуже смерти ничего не случается – а смерти не минуешь» дейтіні де сондықтан. Ажал – ақиқат. Тоқтаған жүрек әрі қарай жырлай алмайды. Ең өкініштісі де осы. Егер Лермонтов 27 жасында өліп қалмаса адамзат таңданатындай талай туындылар тудыратын еді. Міне, дауасыз арман! Қанша жыласаң да өлген ақынды тірілте алмайсың. Оның соңында қалған ғажайып жырларын оқып, асау рухымен сырласасың, өзіңді өзің жұбатасың. Егер ол тірі болса адам тебіренерлік ғажайып дүниелердің көшін жалғастыра бермес пе еді.
Қырыққа толмай Пушкин де кетті. Дантес Пушкинді атқан жоқ, әлемдік поэзияға оқ атты. Қырықтан жаңа асқанда Блок кетті, отыз жасында Есенин кетті. Олар тағы біраз жүргенде не тындырмасын бір Құдай біледі. Бірақ Құдайға солай қолай болып тұр ғой.
Ал енді өзіміздің қазақ поэзиясында құйрықты жұлдыздай жарқ етіп өткен талантты ақындар қаншама? Өткен ғасыр басындағы Сұлтанмахмұт, Саттар, Мағжан, Ілияс, Сәкен, бергі жақта Төлеген, Мұқағали, Жұмекен, Жұматай, Кеңшілік, тіпті беріде Артығали Ыбыраев, Бауыржан Үсенов, Серік Томанов, Нұрлан Мәукенұлы, Әділ Ботпанов, күні кешегі Әмірхан Балқыбек. Осы аталғандардың бірі де қырықтың бел ортасынан асқан жоқ. Тіпті жас кеткендері де бар. Олар теңдессіз таланттар еді.
Осы жерде үлкен сұрақ туындайды? Біз не үшін тірі жүрміз? Олардан жанымыз артық па? Әрине, талқаның таусылмаса тіршілік ете бересің. Бірақ мәселе жан бағуда ма? Меніңше, біз тірі жүрсек, сол жасын ғұмыр дарындардың айтып үлгермегенін айту үшін, жазып үлгермегенін жазу үшін жүрміз. Сондықтан олардың әруағының алдында да, ақиқаттың алдында да жауаптымыз. Бір мезгіл еркінсіп, уақытты босқа өлтіруге, ортаңқол өлең жазуға біздің қақымыз жоқ. Мөлдіретіп айту керек, өндіртіп жазу керек.
– Сізді қалың жұртшылық әуелі қарымды баспагер, ғалым деп таныды. «Қазығұрт» баспасының басшысы ретіндегі іскерлік қадамдарыңызға қызықты. Ал ақын ретінде кештеу мойындалдыңыз. Жазушылар одағына да кештеу өтіпсіз. Оның себебі неде? Қатарыңыздан кеш қалдым деп ойламайсыз ба?
– Менің алғашқы жыр жинағым 36 жасымда жарық көрді. Бұл ерте ме, кеш пе, ол жағын бағамдап жатпадым. Негізі өлеңді 6-шы сыныптан бастап жаздым. Жетінші сыныпта Түркістанда оқып жүргенімде аудандық «Комунистік еңбек» газетіне алғаш рет «Құстар күні» деген өлеңім жарық көрді. Ол кезде мен 14 жаста едім. Жоғарғы сыныптарда жүргенде өлеңдерім облыстық, республикалық газеттерге шыға бастады. Содан бері өлеңнен қол үзген емеспін. Бірақ сирек жазатыным рас.
Мен Алматыдағы әдеби ортаға 1984 жылы келдім. Ол кезде Жазушылар одағында жастардың түрлі әдеби кеңестері, фестивальдары жиі өткізіліп тұратын. Әдеби жиындарға қатысып, өлең оқып жүрдік. «Жалын» журналына, «Қазақ әдебиеті» газетіне де өлеңдерімнің топтамасы жарияланды. Бірде Фариза апам (Оңғарсынова) редакцияда қарсы жолығып қалып: «Әй, батыр-ау, қалайсың?» дегені. Үлкен кісінің мені танып, жағдай сұрағанына қуанып тұрсам да, қысылыңқырап: «Ептеп» дедім. Ол кісі басқаратын «Пионер» (қазіргі «Ақ желкен») журналына да өлеңдерім шыққан болатын. Фариза апам жұлып алғандай: «Сенің өлеңдерің тым жақсы көрінді. Саған ептеп емес, көптеп жазу керек!» деп салды. Не дерімді білмей, қысылғаным-ай! Менің сирек жазатынымды бетіме басып тұрғандай қысылдым. Тезірек құтылуға асықтым. Үлкен ақынның сол сөзі есімнен кетпей қалды. Бірақ өлең жазуды жиілеткенім шамалы. Мен әу бастан еңкілдеткен жазғыштыққа қарсымын. Өлең үшін өзімді қинамаймын. Жазу керек екен деп жазбаймын, жазбасқа шарам қалмағанда қаламымды қолға аламын. Жас күнімнен солай. Жазбас бұрын жүрегім қатты шымырлауы керек. Содан кейін ойдың салмағы иығымнан басып, жазуға отырғызады. Біреулер мені мақтанды дер, ал мен өзімнің шындығымды айтып отырмын. Мен ешқашан өлеңді біреуге көрсету үшін, немесе, газет-журналдарға беріп, елге танылу үшін, немесе, кітап көлемін көбейту үшін, тіпті бір ортада оқу үшін жазбаймын. Осы қасиет менің шығармашылық ұстанымымды қалыптастырды.
Менің ұстанымым – өлеңді өзің үшін жаз, одан қалса өлеңнің биік мұраты үшін жаз, нағыз шабытты шағыңда жаз! Ол – жүректің шері, шықтай жаныңның жеке мұңы, көңіліңнің құпия сыры. Ол – сенің өзің. Нағыз өлең аман болса сені өлтірмейді. Оны көр-жерге тықпалама. Жарқыраған асылды елдің өзі-ақ тауып алады. Жақсы өлең жарнамаға зәру емес. Шабытты шағың келді ме, жаз да таста.
Осындай ұстаныммен мен елге қалай ерте танылайын? Оған өзім ешқашан өкінбеймін. Өйткені, елге танылудың өзі де менің басты мақсатым емес-тін.
Әдебиетте бұзып-жарып, жарқ етіп көріндім демеймін. Мені 22 жасымда алғаш танып, мойындаған Жұматай Жақыпбаев болы. Ол көрінгенді қасына ертпейтін хас талант еді. Оның қасында жүрген Қажытай Ілиясов, Мейірхан Ақдәулетов, Әуезхан Қодарлардың әрқайсысы бір әлем. Олар да кеудемнен итерген жоқ. Мені жас күнімнен дұрыс арнаға бағыттаған да солар ғой. Содан кейін мен Абайды, Шәкәрімді, Жұмекенді пір тұттым. Оның да әсері болмай қалған жоқ. Ойлы жырға, астарлы сырға ұмтылдым. Өлең – атыңды шығарудың құралы емес екенін ерте түсіндім. Бертін келе Қадыр, Тұманбай ағалар менің шығармашылығым туралы мақалалар жазды. «Аз болса да, саз жазады» деді. Поэзияның осындай алыптары мойындап кеткені маған жетпей ме? Жетеді.
Бірер жыл бұрын бір әдебиетші профессор телефон соғып: «Сенің өлеңдеріңді бұған дейін оқымағаныма қатты өкіндім» деді. Әдебиет саласының маманы бола тұра осыған дейін менің ақын екенімді білмеген сияқты. Оған не дейсің? Ол білмепті деп өкіне қояр, немесе өзгере қояр адамың мен емес. «Ғалымдар өзінің жазғанынан басқаны оқымайды» деген сөздің шындығы да бар сияқты.
Жазушылар одағына неге кештеу өттіңіз деп қалдың ғой, оны да айтайын. Мен ол одаққа әдейі өтпей жүрдім. Өйткені, әдеби ортаға келгеннен ақ «индивидиум» – дара тұлға концепциясы мені қатты ойландыратын. Дара стилі айқындалған ақын ғана – шын талант. Көптің бірі болып ұли бергеннен ештеңе шықпайды. Ешбір елде, ешбір заманда дара талантты қоғамдық ұйым тәрбиелеп шығармаған.
Махамбеттер, Абайлар, Шәкәрімдер ешқандай жазушылар одағына мүше болмай-ақ поэзияның шыңына шықты ғой. Мұқағали, Төлегендер одақ болмаса ақындық талантынан айырылып қалар ме еді? Осыны терең түсінген соң менің көкірегімде одаққа деген іштей қарсылық (протест) пайда болды. Одаққа ешқашан өтпеймін деп шештім. Жазушылар одағы деген ұйым кеңестік номенклатуралық жүйенің ойлап тапқаны. ХХ ғасырдың басындағы орыс поэзиясында орын алған топтық ағымдар мен «инкубаторлық ақындардың» қоғамдық клубтары не өзгертті? Есенинді имажинист, Маяковскийді футурист, Хлебниковты кубофутурист, Мандельштамды акмеист деп жіктегені болмаса, ештеңе де өзгерткен жоқ. Керісінше ақындарды қоғам өз мақсатына пайдаланды. Дара тұлғаның шығармашылығы үшін қоғамдық ұйымдардың, түрлі одақтардың бары да, жоғы да бір. Өйткені ғарыштан берілген қасиет жердегі пендешілікке бас имейді.
– Одаққа бәрібір өттіңіз ғой. Ұстанымыңыздан неге айныдыңыз?
– Жазушылар одағына өткенде мен 46 жаста едім. Біраз ой тоқтаттым. Гүл өзінің ортасында өседі, бөрі де өзінің үйірімен өмір сүреді. «Жүрсең саяқ, жерсің таяқ» деген бар. Одаққа деген ішкі қарсылығымнан зияннан басқа көрмедім. «Қатардан қалдың, сыбағаңнан қағылдың» деген осы екен. Одаққа мүше болмасаң көпшілік дұрыс түсінбейтін көрінеді. Авторлық кездесулерге ешкім шақырмайды. Өйткені одақтың мүшесі емес дейді. Түрлі анықтамалықтар мен энциклопедияларға, тіпті телефон анықтамалығына да атыңды кіргізбейді. Өйткені одақта жоқсың. «Қазақстан жазушылары. ХХ ғасыр» дейтін үлкен анықтамалық кітапқа кірмей қалғаным да сондықтан. Одақтың пленумдары мен құрылтайларында сенің дауысың жоқ. Жазушылар одағында кеш өткізе алмайсың, мерейтойың атаусыз қалады, әдеби сыйлықтар мен гранттарға өзіңді ұсына алмайсың. Ең қиыны қалың жұртшылық: «Жазушылар одағына қабылданбаған бұл қандай ақын?» деп ойлайды екен. «Өтпеген» демейді, «қабылданбаған» дейді. Бұл да адамның намысына тиетін нәрсе.
Бірде Нұрлан Оразалиннің кабинетіне барып едім, ол кісі: «Сен неге одаққа өтпей жүрсің?» деп сұрады. «Соған аса құлқым жоқ» дедім. Ол кісі көпті көрген адам ғой, біраз ақылын айтты. Сөйтіп, райымнан қайтарды. Өтініш бердім. Мен Жазушылар одағына осылай өткенмін. Бірақ өлеңде өзімнің қатарымнан кешігіп қалдым деп ойламаймын. Одаққа өткенде де, өтпегенде де ізденіс қуаты өзімнің қолымда ғой. Өзімді таптым деп тоқмейілсіп, ізденбей, тоқырап қалсаң қатардан қалдым деген сол. Онда сені Жазушылар одағы түгілі Алла да құтқармайды.
– Ақындық ізденіс тұрғысынан келсек өз замандастарыңыз туралы не айтар едіңіз?
– Менің замандастарымның ішінде ең көп ізденетін ақындар деп Ғалым Жайлыбай, Светқали Нұржанов, Жанат Әскербекқызын жеке бөліп айтар едім. Үнемі өсу жолында келе жатқан бұл үшеуі қазіргі қазақ поэзиясының көгіндегі жарық жұлдыздар. Сезімдері сергек, тілдері аса шұрайлы, ойлары түпсіз терең. Лирикалық өлеңдері мінсіз. Эпикалық қарымы орасан. Дастандары елдік тарих пен танымның жүгін тұтастай арқалап келеді. Бүгінгі қазақ өлеңінің нағыз қара нарлары осылар. Ғалымның «Киікқашқан», «Ақ сиса» поэмалары, Светқалидың «Жан тер», «Хан кегі» дастандары мен соңғы жылдары жазған сопылық сарындары, Жанаттың «Сұлтанмахмұтпен сұхбат» поэмасы мен «Көнеден жеткен көп белгі» дастаны менің сөзіме дәйек бола алады. Егер мемлекеттік сыйлық беру құзіреті менің қолымда болса ойланбай-ақ осы үш ақынға бірінші кезекте тапсырар едім. Менің түсінігімде олар кез-келген сыйлықтан биік тұрған ақындар. Бұларға ортақ қасиет – өлеңге де, өмірге де адалдық, биік парасат, рух тазалығы. Ең кереметі тума таланттардың орынсыз өңмеңдеп, өз атын шығаруға талпынбайтындығы. Үнсіз ізденіп, тынымсыз еңбектеніп жатса да кеуде қағып, «Мені көрдіңдер ме?» демейтіндігі. Ұлылықтың бастауы қарапайымдылықта.
Олардың соңында шабыттың пырағын қамшылап келе жатқан біраз ақындарымыз бар. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» дегендей олар да аламанның жолында. Бірақ көбінің пендешілігі басымдау көрінеді. Сол негізгі топтағы ақындардың кейбірі атаққұмар, кейбірі қызғаншақ, кейбірі менмен шығып, пендешіліктің қамытын итшілеп сүйреп келеді. Түрлі тізімдерге ілігу үшін жан жалдап, көз сатып, орайы келсе елді алдап, сыйлық-жүлдені де, атақ-даңқты да жанкештілікпен жұлып алып жүргендері бар. Мүшайра біткенді адақтап, қолында билігі мен дүниесі барларды мадақтап, ода жазып жүргендері де бар. Алланың берген талант сыйынан артық сыйлық болмайтынын түсінбейді олар. Уақыт деген ұлы төреші бәрін өз орнына қояды әлі.
– Ақындардың жағдайы бұлай болғанда, қалың оқырманның күйі қалай? Өзіңіздің тұрақты оқырмандарыңыз бар ма? Сізді қандай аудитория оқиды?
– «Қалың оқырман» деген сөз ширек ғасыр бұрынғы анықтама ғой. Бүгінгі таңда біздің елімізде «қалың оқырман» жоқ. Жалпы, қазір өлеңді іздеп оқып жатқан ел шамалы. Сонысына қарай кітаптардың таралымы да құрдымға кетті. 500-1000 дана таралыммен шыққан кітаптың өзін ешкім алмайды. Оқырманның бәрі интернетте, әлеуметтік желіде отыр. Одан да оқып жатқаны шамалы. Қазіргі жас ақындар болмаса, біздің буынның интернетке өлең салып жарытқаны да шамалы. Осы көп шамалыдан шығатын ойдың түйіні мынау: біз қанша мойындағымыз келмесе де соңғы 20 жыл белеңінде қазақ өлеңінің қадірі кеткені кеткен. Кім көп, ақын көп. Ал оқырман өлеңнен теріс айналып барады. Мына фейсбук деген әлеуметтік желі шынайы поэзияның жаназасын шығарып жатыр. «Ерінбеген етікші, ұялмаған өлеңші» болып, кімнің ойына не келсе соны салады. Комментшілерде де (оқырман) ар-ұят жоқ. Болатынды да, болмайтынды да қызылөңештеніп мақтап жатқаны. Бәрі бірдей «КЕРЕМЕТ!!!». Қарапайым оқырман ненің жақсы, ненің жаман екенін ажырата алмайтын жағдайға жеткендей. Осы фейсбуктағы талғам қоғамның негізгі талғамына айналып кетпесе болғаны. Жә, жарайды, аспан ашықта ақырзаман орнатпай-ақ қояйық. Бәрін уақыт көрсетер. Оқырманның талғамы тозды деп шынайы ақындар сөзінен адасып қалмас. Интеллектуалды оқырман да өзінің іздегенін табар.
Менің өлеңімді кімдер оқып жатқанын мен білмеймін. Ондай әулиелігім жоқ. Осыған дейін бес жинақ шығардым. Бәрі таратылды. Біреулер «Кітабыңызды оқыдым. Ұнады!» десе кәдімгідей қуанып қаламын. Кейде өзім танымайтын кісілер республиканың алыс түкпірлерінен телефон шалып, қуантып жатады. Соған мәз болып, қанаттанып қаласың. Өлең деген өзіңнің ішіңнен шыққан перзентіңдей ғой. Өз баласын мақтағанды кім жеккөрсін. Оқырман шынайы көңілмен мақтап, алғыс білдіріп жатса ақынның үміті ақталғаны, өлең сөздің мақсатына жеткені.
– Алтын уақытыңызды бөліп, риясыз айтқан әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Марал Шайхы