Кешегі тұлымы желбіреген қаланың кіп-кішкентай ерке қызы Балқия, бүгінде ақыл ойы толысып, оң мен солын таныған, көркіне сай, бұрымды бір үйдің бойжеткені болған. Ата жолын қуған зеректігінің арқасында Балқия қыз еліміздің ең беделді жоғарғы оқу орнына түсіп, үздік бағамен тәмамдап, магистратурасын және жалғастырды. Қамшының сабындай болған қысқа уақыт көзді ашып жұмғанша зымырап өте берді...
Білімі мен біліктілігіне сеніп, мансап жасап, қызмет қууды басты мақсаты еткен Балқия, жасының отыздың ортасына келгенін де байқамай қалды. Бұрын-соңды алаулаған оттың, жалындаған жас көңілдің ұшқынымен уақыттың қалай тез өтіп жатқанын өзіде мән бермейтін... Соңғы кездері Балқияға алапат бір ой маза бермей, беймаза етіп жүр. Жабырқаған жаны жалғыз. Бір уақыт күйбелең тіршіліктен арылғысы келіп, айналасына назар салды. Барлық адам бақытты, тек бір өзі ғана жападан жалғыз қалғандай жалғызсырайды. Қайталанатын бір көше, бір жолдар... Жан-дүниесіне тыныштық орнатып, ішкі сезімін тыңдады. Кешегі алған білімі, жұрттың назары, басшылық лауазымы, атақ-даңқының біріде бақыт сыйлай алмайтынын түсінген-ді. Балқияның бойындағы тылсым күштің құдіреті бір нәзіктікті қалады. Алланың берген тендесі жоқ нығметі әйел бақытын, ана бақытын аңсады. Балқияның замандастарының барлығы әлдеқашан балалы-шағалы болып, у-да шу отбасын құрып үлгерген.
Кенет тыныштықты бұзған дауыс жарқын шықты. Сәлеметсіз бе? - деді алақ-жұлақ етіп, әлденені бүлдіріп алмайын деген кейіппен.
- Імм... Сәлематсыз ба?
- Бүгін сондай құлпырып кетіпсіз... мынау сізге, ғафу өтінемін, ілтипатпен раушан гүлі мен тәттісін ұсынды.
- Тағы қандай тосын сыйыңыз бар, ауыл мырзасы, - деп мырс етті. Бұл күлкісі еркелігінен гөрі паңдығы басымдай болып көрінді.
- Сіздің көңіліңізден шығу үшін бәріне дайынбыз ғой, - деп қиыла қалды жас балаша.
- Хмм, сіз тегі романтик екенсіз, әлде ауыл жігіттерінің барлығы бірдей ме?
- Бикеш, турасында ауыл не қала деп бөлінбейді, тек сезім керек, шынайылық керек!
- Ал, өмірге реалистік тұрғыдан қарайтындарды сезімсіз дегіңіз келе ме?
- Ғафу өтінемін, айтқым келгені сезімді игеру үшін шынайылық пен қарапайымдылық қажет-ақ...
- Жөн-ақ екен ауыл мырзасы, сізді құрметтеймін, сезіміңізге бас иемін. Есеппен емес сезіммен жүретін сіз секілді азаматтар бүгінгі қоғамда жоқтың қасы. Бірақ біз қиялмен өмір сүретін он жеті жасар бала емеспіз ғой... Біз ересектерміз, сондықтан мына жағдайды саналы түрде ашып айтқым келеді. Мен қалада өстім, тәрбием бөлек, бірбеткей тік мінезім де бар, осыны ойланғаныңыз жөн болар... ия, ауыл мырзасы, Сізге әйел болармын, бірақ ауылға келін бола алмаспын, жо-жооқ елестете де алмаймын...
- Ең бастысы сіз мендік боласыз ғой, - деп мәдениетті түрде жымиды.
Соңғы алты ай көлемінде зыр жүгіріп, раушан гүлі, тәттісімен бірге жүрегін ұсынып жүрген Алдияр бір сарынды, еш өзгеріссіз өтіп жатқан Балқияның өміріне жаңаша леп әкелген еді. Тең-теңімен, тезек қабымен дегендей, Алдиярымыз да осал емес, білікті маман, жеке кәсіпкер, бай-қуатты отбасынан шыққан текті жігіт, бір әулеттің сенім артып отырған жалғыз ұлы. Тек Балқия ауылдың жігіті деп мін іздегені болмаса... Осыған қарамастан сегіз қырлы, бір сырлы Алдиярымыз уақыт өте келе өз сүйіктісін шынайылығымен баурап алды. Балқияның іштей көңілі болып, ырымын жасағандай ойланып жүрседе, соңында келісімін беріп, екі жақ құда-жекжат болысты. Екі әулетте де үлкен қуаныш, көптен күткен ұлан-асыр той қаланың қақ ортасында дүркіреп өтті. Екі құда жақтыңда қуанышында шек жоқ, тіпті Балқияның әкесі қызының бал айына еуропаның әсем қаласы, махаббаттың символы, ғашықтар қаласына айналған Парижге жолдама сыйлады. Бұл әрине жан дегендегі жалғыз қызының бақыты үшін емес пе еді...
- Жаным, мен бақыттымын, дұрысы ауыл мырзасы шығар деп мойнына асыла, шаттана күлді...
- Алтыным, сенің бақытты жүзіңді көру, сыңғырлаған күлкіңді есту мен үшін де бақыт қой...
- Солай ма... імм, ендеше бақытыңды еселеуге дайындал... жақсы жаңалығым бар, ол үшін маған не уәде етесің?
- Бәрін... тіпті қалағаныңның бәрін... Ал енді бикеш, уәдемді бердім, жаңалығыңызды жайып салыңыз...
- Онда қалаға біржола көшіп келейік..
- Түуу, болсаңшы енді еркем, әлде көзімді жұмып тұрайынба?
- Жоға, бала болмашы... Імм, қалай жеткізсем екен, неден бастасам екен... біз жақында балалы боламыз...
- Не, не дейсің? Қайталашы көкем... рас қой... Мен, мен әке болам жақында, естимісің мені, Алматы... Қане, Балқия, тез жинала ғой...
- Қайда?
- Ауылға, ата-анамызға барып, бұл жаңалықпен қуантып қайтайық, бармағалы да біраз болды ғой, нақтырақ екі жыл...
- Қызықсың Алдияр, кейде сен қалып кеткен ескі көште өмір сүріп жатқандайсың... телефон бар емеспе? Айта сал телефонмен... Мен жиналамын, ауылдағы қалып қойған дүние-мүліктерімізді біржола қалаға алып келу үшін... уәдең қайда жаңағы?
- Жә, қойшы енді саған ашулануға болмайды... жинала ғой, бұл қуанышты хабарды ауылдағы ата-анамызға жеткізіп, батасын алайық. Немерелі болатындарын естіп марқайып қалсын...
Уақыт деген шебер ғой шіркін, өз еншісін алмай тынышталмас... жас жүзге де әжім түсіп, қара шаштар да ағаратын, тік иықтар да бүгіліп, өз кезегін қарттықпен алмастыратын.. Кешегі дүркіреп тұрған ауыл әкімі, атақ-даңқы сағымға айналған... Бүгінде Алдиярдың ата-анасы жетпісті еңсерген қазыналы қариялар... Баласы жалғастыратын бұл қара шаңырақ тек кемпір мен шалдың ғана мекені болып келеді. Документ жүзінде келіні бар демесең, ақиқатында қолдарын ыстық суға малитын уақытта, қол ұзарар келінге де, алданар немере исіне де зәру еді...
Баласы ауылға келе жатыр дегенді естіген ана жүрегі алқынып, ақсаңдаған аяғының ауырғанына да қарамастан зыр жүгіріп жүр. Бар тәттісін пісіріп, бар дәмдісін алдына тосады кеп жанталаса... Ал әкенің қабағы қатулы, баласының араға екі жыл салып ауылға келгеніне сағынышымен қоса ашуы да бар...
Ошақтағы қазан қайнаулы, ет асулы, дастархан басында арқа-жарқа әңгіме.
- Құлыным-ау жас кезіңде оқу дедің, одан қалса жұмыс дедің, ол кезде біз де жас едік, біліне қоймап еді... енді жасымыз келіп, келін алдықпа дегенде бұл кеткенің жөн болмады ботам, сағындық қой өзіңді... немере құшар жасымызда қу тіземізді құшақтап қалғанымыз жарамас...
- Апааау, менің де жақсы жаңалықпен келгенім де осы емес пе еді... жақында немерелі боласыздар...
- Не дейді құлыным, шал-ау естідіңбе... әкей мен шешейдің қуанышында шек жоқ.
- Көке, апа өздеріңіз де білесіздер біздің жұмыс қалада, ауылда қалуға мүмкіндік жоқ, сіздердің ақ баталарыңызды алуға келдік.
- Ойбай-ау, жаңа естіп отырғандай келіннің де аяғы ауыр екен, күтім керек, тым болмаса немеремізді бағып отырайық.
- Келіні орнынан атып тұрды, тіпті өзі де сезбей қалды. Баламызды кемпір мен шалдың тәрбиелеуіне үзілді-кесілді қарсымын. Қалада өзімнің ата-анам бар, егер берсем сол кісілерге-ақ берер едім ғой... бала жаңа заман, жаңа көзқараспен тәрбиеленуі керек.
- Апа, келініңіздің айтпағы ол емес еді... немерелеріңізбен жазда келіп тұрамыз немесе қалаған уақытта бізге біржола көшсеңіздер болады...
- Жаңадан бері барлығын байыппен үнсіз ғана тыңдап отырған әке айтарға сөзі қалмағандай, қарттық жүзінде ерекше мұң ұялаған күрсініспен тұрып кетті. От пен судың ортасында қалғандай перзентінің жан-дүниесі алай дүлей... жас баладай біресе ата-анасына, біресе жарына жалтақ-жалтақ қарайды. Бар болғаны қайталап айтқан іштегі сөзі апау, апатай-ау жазығым болса кешіре көрші, мені түсінетін өзің ғана едің ғой... мейлі мен қателік жасайын, жүрегіңді жаралайын, өзімшілдік танытайын, жастық шақтың күшіне булығайын, бірақ апатай бар кінәме көзді жұма қарап кешетін өзің едің ғой деп жалбарынған көзімен мөлт-мөлт қарайды...
Осы сәтте шарасыз ананың езілген жүрегін көрсеткендей көздерінен жас табы байқалды. Еріксіз есіне бала кезіндегі атасының: Балам, өмірде адам болып қалумен қатар, кеудедегі жүректі бала көңіл қалпында сақтап қалу – жеңіспен пара-пар, - дейтін сөздері оралды...
Салтанат Есенқұлова
Пікір қалдыру