Бүгін Ұлттық кітаптханада белгілі жазушы, этнограф, тарихшы, ғалым, “Қаракерей Қабанбай”, “Хас батыр Қабанбай”, “Тұғырыл хан”, “Демежан батыр”, "Халық күйшісі Қайрақбай”, “Баспай” атты кітаптар мен бірнеше этнографиялық еңбектердің авторы Зейнолла Сәнік пен оның қызы Жанат Зейноллақызы бірлесіп жазған «Қазақ этнографиясы» атты кітабының тұсаукесері болып өтті, деп хабарлайды «Қамшы»
Аталмыш кітапта қазақтың тұрмыс-салты, туыстық атаулар мен олардың мағыналары, шаруашылығы жайында кеңінен түсінік берілген. Кітап 3 бөлімнен тұрады:
І бөлім – Этнография дегеніміз не?
ІІ бөлім – Заттық этнография туралы түсінік
ІІІ бөлім – Рухани этнография
«Бұл кітап ұлттық болмыс пен мінезді ғана емес, бүкіл қазақ халқының шығу тегінен бастап өмірінің барлық сан-саласын толық қамтыйды. Тек әлеуметтік тұрғыда емес, биологиялық, яғни қайталанбас құбылыс есебінде де қарастырады. Сондай-ақ қаншама аласапыран жағдай болса да, өз бірлігін ұстап тұрған этнос туралы мәліметтерге кеңінен шолу береді» - деп жазылған кітаптың аннотациясында.
2013 жылдың 26 қыркүйегінде өмірден озған қаламгердің ізін жалғастырушы ұрпақ – өзінің қызы Жанат Зейноллақызы да әкесінің салған сара жолын жалғап, осы бағытты ұстануды жөн көрген. Бүкіл жанұясы филолог, жазушы, этнограф, тарихшы болып келетін отбасыда Гүлсат Зейнолла атты қызы ғана технолог мамандығына бет бұрған екен.
Болашақта Зейнолла Сәніктің жазған еңбектерін 20 томдық етіп шығармақ мақсатта. Бұл жайында қаламгердің аяулы жары Шәмшібану Ғамзақызы баяндап берді. Шыңжаң университетінде филология мамандығын тәмамдаған Шәмшібану апамыздың да ақындық өнері бар. Сонымен қатар, Қытайдың бірнеше қалаларында апамыздың 5 өлеңдер жинағы жарық көрген.
«Бүгін осы кітабының жарыққа шығып, тұсаукесері болып жатқандығына қатты қуанып, толқып тұрмын. Этнография бүкіл бір халықтың өмірін бейнелейді. Ел боламын десең, этнографияңды дұрыста дейді. Кез келген мемлекеттің өзінің этнографиясы болуы керек. «Қазақ этнографиясы» – ұлттың мақтанышы. Сол себепті қазір қуаныштан толқып отырмын. Зекең өзі болса, қазір осының барлығын көретін еді. Ең алдымен, халыққа рахмет. Осы этнография үшін, ауырып жүрсе де, 10-15 жылдай материал жинап, аянбай еңбек етіп жазып шықты, ақырындап баспаға өткізді. Бұл кітап ең алғаш Үрімжіде араб жазуында жарық көрген. Мұны төте жазудан қазақ тіліне аударып, өздері басқарып, бүгінгі күні тұсаукесерін жасап отырған Қазақстан Жазушылар одағына, сонымен қатар Нұрлан Оразалин бастаған редакциялар алқасына үлкен рахметімді айтамын. Осындай кітапты басып шығарып, елге жеткізіп отырған «Ан Арыс» баспасының қызметкерлеріне де алғысымды білдіремін», - деп қаламгердің жары Шәмшібану Ғамзақызы өзінің жүрекжарды лебізін жеткізді.
Қамшыгер: Назерке Лабихан
Пікір қалдыру