Айман Байсалова. Алаш Ардақтыларын ұлықтау – мемлекеттің міндеті, біздердің борышымыз

/uploads/thumbnail/20170709233453422_small.png

Асылы Османова, Шолпан Ахметқызы, Айман Байсалова. Шымкент. 1992 ж.

«Ахмет Байтұрсынұлы – қазақ халқының ар-ожданы»

Нұрсұлтан Назарбаев.

 

3 ай бұрын Qamshy.kz «Мемлекет қарауынсыз қалған мемлекеттің көрнекті қайраткерінің үйі» атты мақала жариялағаны оқырманның ойында болар. Мақалада Алматыдағы Байтұрсынұлы музей-үйінің мемлекет қарауынсыз «жетімнің күйін кешкен» ахуалы жазылған болатын. Өз кезегінде мақала Иманғали Нұрғалиұлының назарын аударған-ды. Сол уақытта Үкімет басшылығында қызмет еткен И.Н.Тасмағамбетов арнайы ат басын бұрып, бұл өзекті тақырып жөнінде: «...Бұл мәселе расында да өте үлкен мәселе, бұл Мұражайға мемлекеттік статус бермей мәселе шешілмейді. Мәселенің бәрін дұрыс көтеріп отырсыздар, мемлекеттік статус болатын болса шаруалар ары қарай жүріп кетеді. Керек болатын болса Ресейге экспедиция жіберуге де ықпал етеді» деген еді.

Араға 3 күн салып Үкімет аппараты мен Мәдениет және спорт министрлігі Ахмет Байтұрсынұлы мұрасымен тікелей айналысушыларды, әрі туыс ұрпақтарын Астанаға шақырып үкіметтік жиын өткізген болатын. Онда: «Алаштың 100 жылдығына дұрыстап дайындалуымыз керек. Қазір ең бастысы, жақсы жоспар құруымыз қажет. Оған бір-екі аптадай уақыт алып, дұрыс жоспар құрып, оны Елбасымен келісіп, уақытын белгілеген жөн. Алаштың 100 жылдығы сол заманмен қалып қоймай, бүгінгі тәуелсіз мемлекетпен байланыстыру орынды болады. Алаш зиялыларының арманы, оның орындалғаны, тәуелсіз ел болғанымыз, осының барлығы ұлттық, тарихи сананы көтеретін жақсы дүние болуы керек»  деген еді сол кездегі вице-премьер Иманғали Тасмағамбетов.

Әлбетте, үкіметтің осындай қамқорлығынан кейін ұлт мақтанышына айналған Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің «батпандай ауырлығы жеңілдеп, шаруасы дөңгеленіп» кетуге тиіс-ақ еді. Өкініштісі, олай болмай тұр... Осыдан бірнеше жыл бұрын музейді қарамағына алған  Ахмет Байтұрсынұлы атындағы қоғамдық қорға иелік етіп отырған Серік Самыратұлы Байтұрсынов «музейді мемлекетке өткізуге (сыйға тартуға) немесе жартылай құқ беруге (ұзақ мерзімді тегін жалға беру), жалпы алғанда музейдің мемлекеттен қамқорлық көріп, ұрпақ қажетіне жаратуға аса ықыласты болмай отырғандығы» көпшілікке мәлім болған. Бұл туралы «Қамшы» порталының тілшісіне музейдің директоры Райхан Имаханбет өз сұхбатында айтқан еді. Серік Байтұрсынов мемлекеттік мекемелермен арада құжаттардың ресемделуіне қажетті «мекеме мөрі мен өз тарапынан берілетін сенімхат» сияқты ресми құжаттарды «музейдің шырақшысына» айналған, ширек ғасырын Ахаң мұрасын зерттеп-зерделеуге арнаған Райхан Имаханбетке бермей отыр. Ал, Серік Самыратұлы музейдің өзекті мәселесін көтерген әрі оны шешуге нақты ұсыныстар жасап отырған үкіметтік ұйымдармен мәміле жасау түгілі, музейге тіпті бас сұқпай қойғанына екі айдан асыпты. И.Тасмағамбетовтің ресми сапарының алдында «бір құжаттарға керек болып тұр» деп алған қордың мөрін әлі қайтармапты да.

Үкімет көмек көрсетуге пейілді болып отырғанда, Алаш Арысы Ахмет Байтұрсынұлының 145 жылдық мерейтойын ел қатарлы ұлықтаудың игі шараларын республикалық деңгейді атқаруды өз міндеті санайтын музей директоры Райхан Сахыбекқызы Серік Самыратұлының бұл ісіне  тіпті түсіне алмай дал болып отыр. Ахмет Байтұрсынұлының туған жиені Айман Байсалова да ренжулі екенін жасыра алмады.., жылдар бойы ата мұрасының үкіметтің назарынан тыс қалуға себепші болып отырған өз туысына «өкпесі қара қазандай».

Ия, 1998 жылдан мұражайды қоғамдық қорға қаратып алған Байтұрсынов Серік Самыратұлы «төрағалық етіп отыр» деу аты ғана, тек құжатты құшақтағына болмаса... Ахмет Байтұрсынұлына қатысты жасалып жатқан музейдің бір де бір шараларына қолғабыс ету былай тұрсын, кешегі Алаш арыстарына арналып берген асқа да келмегенін көзіміз көрді. Оған осы жолдарды жазып отырған мен және өзім қызмет отырған Қамшы сайтының ұжымы куә!

Самырат Байтұрсынов – Байтұрсын Шошақұлының кенже баласы Мәшен қажыдан туған. Мәшен – Шолпан Ахметқызының туған әкесі. Яғни, Шолпан мен Самырат бір әкенің балалары. Осы Шолпаннан туған Айман Байсалова – Ахмет Байтұрсынұлының жиені. Ахмет пен Бадрисафа бауырына салып өсірген Шолпан апаның төрт баласынан біреуі.

Ахаңның жары  Бадрисафа өзі қалап Шолпанды 3 жасынан бауырына салып асыраған. Шолпан Ахметқызы 10-12 жастар шамасында анасы Бадрисафамен бірге Томскіде айдауда болған. Айдауға жіберілгендердің кәмелетке толмаған балаларына кешірім беріліп, Шолпан орыс жерінен елге қайтады.  Осы тұста ол өзін 3 жасқа үлкейтіп, жастайынан еңбекке араласып өмірбақи есепшілік қызмет атқарған. Шолпан Ахметқызы сол заманның сұрқия саясатының салдарынан күнкөріс қамымен 16 жасында тұрмыс құруға мәжбүр болған. Күйеуі Қабиден екеуінің арасында 2 ұл, 2 қыз бала дүниеге келген. Екі бала ерте шетінеп, ал Айман Байсалова мен 1981 жылы қайтыс болып кеткен інісі Болат екеуі Алматыда ержеткен. Айман апа бір апта бұрын ғана 81 жасқа келді.

1936 жылы туған Айман Байсалова қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінде 1 жыл 7 айына дейін нағашысы атасы Ахмет пен әжесі Бадрисафа, өзінің әке-шешесімен бірге тұрған. Ахаңның жиені өзін атасы мойнына мінгізіп, талай еркелетіп ойнатқанын айтады. Ол туралы анасы Шолпан апамыз айтып берген екен. Кейіндеу, шамамен 1940 жылы шешесі Шолпанның жұмысына байланысты Бақанасқа көшкен. 

Айман апамыз Ахмет Байтұрсынұлының жиені екенін, тек 1991 жылы білгенін былайша есіне алды: «Абай даңғылы мен Масанчи көшесінің қилысындағы теміржол ауруханасында жұмыс істеуші едім. Анам Шолпан келіп, жұмыстан сұрап алып, Торғайға ұшып кеттік. Сол кезде Аманқос, Ғарифолалар жас еді (Мектептегі мен Әнесті айтып отыр. – Ред.). Ұшақта Тұрсынбек Кәкішев те болды. Мен ол кезде олардың бірін де танымайтын едім. Солай текті тұлғаның ұрпағы екенімізді білдік», - деп күрсінді апамыз.

Содан кейін Шолпан Ахметқызы мен Гүлнар Міржақыпқызы Дулатова осы үйді Ахмет Байтұрсынұлы музей етіп жасауға бар күштерін салған. «Олар өте жақын құрбылар еді, Орынбор-Қызылорда қалаларында бірге өскен» деп еске алады Айман Байсалова. Қазіргі Ахмет Байтұрсынұлы көшесіне Ахаңның аты берілуінде де екі апаның еңбегі зор болған. Осылай естеліктерін айта отырып, Айман апа музейдің қазіргі меншік иесіне де тоқталды: «Серёжка (Серік Самыратұлын айтады. – Ред.) Алматыда 1949 жылы Самыраттың беларус әйелі Лидиядан туған. Нағашы ағам мен жеңгемнің Сергейден басқа Светлана, Ирина деген қыздары болды. Света қайтыс болды, Ира Ресей жағында тұрады, отбасы бар. Бірақ, ағам мен жеңгем кейін бірге тұрмады... Самырат екінші рет тағы үйленді. Серёжка1998 жылдан анам Шолпан мен оның құрбылары, сондай-ақ  Алаш тақырыбына ден қойған жас ғалымдардың зерттеуі негізінде дәлелденген Ахмет атамның тағылым үйін әкесі Самырат құрған қорға қаратып алды. Қандай жолмен, ол жағы оның өзіне ғана аян.

Атамның 125 жылдық мерейтойына осы ата тұрған үй – музей болып салтанатты түрде ашылды. Азып-тозып тұрған үйді үкімет қаржы бөліп жөндеді. Бірақ жөндеу жұмыстарының басында шын жанашыр адам жүрмегендіктен, музейге су мен жылу жүйесі кіргізілмей қалды... Атамның аяулы аты ақталғаннан кейін сол кездегі қала әкімі Заманбек Нұрқаділов Шолпан Ахметқызына қаладан бір бөлмелі пәтер бергізді. Шолпан сол пәтерде қайтыс болды. Ол пәтер Шолпанның өсиеті бойынша менің қызым Гүлнарға қалды», - дейді Айман Байсалова. Ахмет Байтұрсынұлының жиені Айман апайдың қолындағы ресми құжаттарда Шолпан апаның заңды мұрагері Айман Байсалова екендігі көрсетілген. Әрі бұл құжаттар мемлекеттік мекеме мөрімен расталған.

Ал, музей маңындағы 16 телім жер – мемлекет тарапынан Ахмет Байтұрсынұлы мұрасын дамытуға және насихаттауға деп, ата атындағы қоғамдық қорға үлкен сеніммен тегін беріліпті. Өйткені, сол қорды құрған Самырат Мәшенұлы қор жарғысында «Ахмет Байтұрсынұлының артында қалған мұрасын ел иігілігі, келешек ұрпақ кәдесіне жарататынын, әрі әр жыл сайын ғалымның қазақ тілі білімі мен әдеби мұрасын қайта жарыққа шығару, қасындағы жер теліміне «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы мәдениет үйін» салу жоспарында бар» екенін жалпақ жұртқа мәлім еткен. Құжат бойынша Ахмет Байтұрсынұлы мен Бадрисафа анамыздың заңды мұрагері – Шолпан. Шолпан өзінің інісі Самыратпен араларындағы түрлі кикілжіңге байланысты жақсы қарым-қатынаста болмаған. Оған түрлі пендешіліктер де себеп болған сықылды. Десе де Шолпанның інісі Самыраттан туған Сергейдің құзырына өткен музейдің талай жылғы мүшкіл хәліне Айман апай куә болып жүргенін, өзінің туған інісі Болат та қайтыс болып кеткеннен соң, «бас көтерер ер адам ғой» деп туысы Серёжаға өзі де сенім артқанын айтады. Ең сорақысы, Сергей-Серіктің анасы Шолпанның да, өз әкесі Самыраттың да жасаған жұмыстарының ширегін де істей алмай отырғанына өкінеді. Ия, ол тек жер салығын төлегені болмаса, музей-үйдің коммуналдық төлемдеріне аса бас қатырмаған. Райханның қағылездігі мен Ахмет мұрасына шын берілгенінің арқасында жылдар бойы музей жұмыстардың жігін ұқсатып келеді екен.        

Тіпті, бір кездері Айман Байсалова Ахаңның жиені ғана емес, сол музейдің бас директоры болып та жұмысты үш айдай атқарған. Жалпы, қорға қараған музейге бірнеше директор тағайындалғанын (Тәкен Тыныбеков, Макс Байғозинов, Алма Шамшаровна, Зейнеп Естемесова), олардың барлығы да қаржы болмаған соң жұмыс істемей кеткендерін, тек 2005 жылдан директор болған Райхан ғана әлі күнге осы жұмысты қоғамдық негізде істеп жүргенін сөз етті. Райхан екеуінің музей 1998 жылы ашылғаннан кейін... аяқталмай қалған жұмыстарды Сергейге бірнеше рет ескерткендерін, бірақ оның қызметі Астанаға ауысқандықтан «музеймен шаруасы болмады» дейді. Қалай болғанын нақты білмеймін, бірақ сол жағдайы жоқ мұражайда үш жыл бойы Райхан мен Ләйла екеуі кезектесіп жұмыс істеп жүрді. Алты ай қыс мұздай жерде жұмыс істеу мүмкін емес қой... 2001 жылы «музейдің бір уыс кілтін» Сергейге мен, Меруерт (Ахаңның қарындасы Зиляштың ұрпағы. – Ред.), Райхан Сахыбекқызы және Арай Кеңесбаева төртеуміз апарып тапсырмақшы болдық. Ол кезде Сергей орталық стадионда спорт саласындағы бір мекеменің басшысы болатын, орнында болмады, қарамағындағыларға қалдырдық. Осылай музейдің есігі жылдап жабылып қалды дейді.

Қашанда тарихи тұлғалардың жоғын іздеуші, оны мәселе етіп көтеретін БАҚ өкілдері емес пе?! Музей қатты тозып кеткендігі туралы «Азып-тозған Ахаңның мұражайы» атты мақала «Ана тілі» газетінде 2002 жылы жарық көріпті. Іле-шала бірнеше рет мақала жарияланғанын және теледидардан Ахаң музейінің мүшкіл хәлі көрсетілгенін, өзінің сол тұста қала әкімі болып тұрған Иманғали Тасмағамбетовке арнайы хат жазып «музейді қаланың балансына алуын немесе республикалық бюджетке қаратуын» сұрағанын айтты. БАҚ-қа алғысым шексіз, ел назары, қала басшысының назары Ахаң музейіне ауды.

2005 жылы Иманғали Нұрғалиұлы мұражайға үлкен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздіріп беріпті. 1998-ші жылғыдай емес, бұл жөндеудің басына білек сыбанып кіріскен Райханның жіті қадағалауының арқасында жылу, су, кәріс құбыры тартылса, кабелдік сымдары әбден шіріген электр желісі жаңартылып, жылдар бойы су мен жылу көрмеген музейге жан бітіпті. Сондай-ақ музейдің айналасы түгел қоршалып, қаңғыған ит пен құстың мекеніне айналған шыршаларға су құйылып, ескерткіш маңына гүлзар пайда болғанын, оның бәріне бас-көз болып жүрген Райханға ризашылығын білдірді. Райхан Сахыбекқызы екеуінің арасына «сына қаққысы келген» базбіреулердің «өзі мен Меруерттің» атынан прокуратураға «домалақ арыз» түсіргендерін, бірақ ондай хатты өздерінің жазбағанын, ортаға дәнекерлікке Юлия Серікқызының түсіп, бір-бірмен қайтадан түсініскендеріне қуанып жүргенін де жайып салды. 5-наурыз күнгі өткізілген «Алаш Арыстарына арналған ас» үшін бізге де алғысын жаудырды.

Ахмет Байтұрсынұлының жиені Айман Байсалова ешбір дүниеге қызығып отырмағанын, қазақ жұрты ғана емес, күллі түркі әлемі ұлт ұстазы деп ұлықтайтын Байтұрсынұлы Ахмет атасының мұрасы «не өзінің, не Сергей-Серіктің жекеменшігі бола алмайтынын, бұл тағылым үйі – халықтың қазынасы, асыл мұрасы» екенін Үкімет басындағылар білсе ғой шіркін, деп армандайды. Осы сексеннен асқан жасында Атасынан қалған «рухани жәдігер музейді мемлекет қамқорлығына алғанын, ал ата мұрасының ұрпақ игілігіне жарағанын» көзі тірісінде көргісі келетінін ағынан жарыла айтты Айман Қабиденқызы.

Кейуана тілегінің орындалуынан үлкен үміт етіп Үкімет басшысы Б.Ә.Сағынтаевқа арнайы хат жолдап, хат көшірмесін Мәдениет және спорт министрі және Алматы қаласы әкіміне ұсыныпты. Өйткені, жыл басында «Алаш Ардақтыларын ұлықтауға арналған Имекең бастаған игі бастама аяқсыз қалады ма» деген қорқынышы басым екенін жүзін төмен салып, күбірлей отырып жеткізді апамыз Айман Байсалова.

Енді Үкіметке жолдаған ресми хат мәтінін ұсына отырып, Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйі – «меншік таласының нысанасы емес, мемлекетіміздің ұлттық асыл қазынасына айналса екен» деп, төртінші билік өкілі ретінде ел назарына ұсынуды біз де перзенттік борышымыз санадық!

 

 

Нұрғали НҰРТАЙ

Қатысты Мақалалар