Путин Қазақстансыз Ресейді елестете алмайды

/uploads/thumbnail/20170708154014235_small.jpg

Украинадағы даудың жаңа кезеңі экономикалық санкциялармен бірге басталды. Ең алдымен санкциялардың неге жасалғандығына және құқықтық табиғатына үңіліп көрелік. Экономикалық санкциялар халықаралық құқықты қамтамасыз етуде кең қолданылатын құралдардың бірі. Бұған мысал ретінде Иракқа жасалған мұнай экспортына эмбарго немесе Иранның ядролық бағдарламасын жүзеге асыруға байланысты қолданылған санкцияларды атауға болады. Кезінде тіпті ақ нәсілділердің басымдығына арқа сүйеген Оңтүстік Африкадағы аппертеид режиміне қарсылық ретінде оларға қару жарақ сатуға тыйым салу секілді экономикалық санкциялар қолданылғаны мәлім. Дәл осы секілді АҚШ пен Батыс Еуропа елдері Ресейге қатысты экономикалық санкция қолдануға мәжбүр болды.

            Біріншіден, аталмыш елдер Будапешт келісімшартының  негізінде ядролық қарудан бас тартқаны үшін Украинаның территориялық тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігіне кепіл берген мемлекеттер яғни Украинаның территориясына қауіп төнген жағдайда бұл елдер Украинаға өзінің бар қауқарымен көмекке келуге міндетті. Ал экономикалық санкциялар осы уақытқа дейін өзінің тиімділігін көрсеткен саяси құрал болып отыр. Ресейге байланысты экономикалық санкциялардың қолданылуы  заңды болуымен қатар, өте қажетті дүние.

            Ресей күдікті референдумнан кейін өз территориясына Қырымды қосумен шектелмей, Украинаның конституциялық құрылымына қауіп төндіріп тұрған Шығыс Украиналық сепаратистерге қолдау көрсетіп отыр. Оның үстіне Ресей әскерлері жағдайы құлдырап отырған Донбасс халқын қолдап отырғандығында ешқандай шүбә жоқ. Тіпті Ресейдің ресми ақпарат көздерінің деректеріне сәйкес Донецк халық республикасынан көшкен босқындардың саны жергілікті тұрғындардың жартысынан артты. Бұл жағдайда Донецк әскерлерінің қатарының көбейіп, арнайы дайындық пен жаттығудан өткен Украина тұрақты армиясының жасақтарын жеңгендігі туралы ақпараттың өзегі неде? Логика бойынша тұрғыны азайған елдің әскері әлсіреуі керек емес пе?

            Екіншіден, Еуропа одағы мен АҚШ өз одақтасы алдындағы міндеткерліктерін орындауға мүдделілік танытып отыр. Яғни, шын мәнінде, халықаралық құқықтағы «келісімшарт орындалуға міндетті» қағидасын жүзеге асыру үшін күресуде. Ал Ресей ше? Өзі оккупант, өзі халықаралық шартты бұзушы ел ретінде өз қателігін мойындап, Шығыс Украинадағы заңсыз Үкіметке тоқтау айтудың орнына оларды жаңа тығырыққа итермелеп жатыр. Оларды итергенімен қоймай өзі де белсенді тығырыққа кіріп жатыр. Ресей өз мүддесін қорғау үшін шетелден келетін бірнеше азық-түлік түрлеріне шектеу қойды. Ресей бұл азықтың орнын өз экономикасының әл-ауқатымен көтере алады деген сенімі бар екендігін көрсеткендей. Дегенмен, жағдай ондай жеңіл емес. Бүгінгі күні әлемдік экономика аймақтардың мамандануы мен өзара экономикалық тығыз байланыспен ерекшеленеді. Кез-келген экономикалық аймақтың әлемдік экономикадан шығып қалуы дағдарыс жағдайына әкеліп соқтыруы да мүмкін. Нарықтағы босаған орынды тез арада толықтыру оңай шаруа емес. Шын мәнінде мықты болса, Ресей азық-түлік өндірушілері осы уақытқа дейін өз нарығын бақылай алмай қайда қарап отырды? Мәселенің барлығы осы жерден басталады.

            Ресей ауыл шаруашылығын саралап көрелік. Осы уақытқа дейін ауылшаруашылығын дамытуға бағытталған бірнеше ірі де іргелі ұлттық бағдарламалардың жүзеге асқанына қарамастан, Ресейдің ауыл шаруашылығы өте төмен деңгейде. Нақты статистикалық мәліметтерге тоқталар болсақ, қазіргі жағдайда Ресей ауыл шаруашылығының әлеуеті өзіне қажетті азық-түліктің 20 пайызынан аспайды. Қалған 80 пайыз сырттан келетін экспорт. Оның үстіне орыс деревняларында орта тап өкілдері жоқ. Яғни ауыл шаруашылығын алға сүйрейтін 5-ші элемент ауылдық зиялы қауым, фермерлер, орта және шағын өндірушілердің саны тұрақты түрде төмендеуде.

            Енді Ресейдің сауда мүмкіндіктеріне көз жүгіртіп көрелік. АҚШ пен Батыс Еуропа елдері саудалық шектеулерді халықаралық құқықтың шеңберінде жүзеге асырып жатқандығын жоғарыда айттық. Ал Ресей болса сауданы тек өз саяси мүдделерін қорғаудың әдісі ретінде қарастырып келеді. Оған мысал ретінде Саакашвилидің тұсында Ресейдің Грузин шараптарына байланысты шектеулерін еске аламыз. Яғни, Ресей сауданы экономикалық категория емес, саяси категория ретінде қарастыратындығын байқаймыз. Алайда, бүгінгі күні Ресей Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі және осы ұйымдағы мүшелігі белгілі міндеткерліктермен байланысты. Яғни бұл ұйымның мүшелері өз беттерінше белгілі бір елдің саясаты ұнағаны немесе ұнамағанына байланысты саудалық шектеулерді жүзеге асыра алмайды. Демек, Ресейді жақын арада осы ұйымның шеңберінде ірі даулар күтіп тұрғандығы анық. Бұл ұйымның шеңберіндегі дауларда қуатты АҚШ, Қытай, тіпті, Еуропа одағы елдері де жауапкер атанып жататындығы белгілі.

            Өз ауыл шаруашылығының әлеуеті жетпейтіндігін Ресей түсінбейді емес, түсінеді. Сондықтан Еуропа одағы, АҚШ пен Канададан алған өнімдерді өзге елдерден сатып алу туралы келіссөздер жүргізілуде. Бірақ Ресейлік нарықта Еуропа және АҚШ өнімдерінің өз орнын алып тұрғанында күмән жоқ қой. Демек, Сіз, әрине бір елден алған тауарды өзге елден де алдыра аласыз. Бірақ ол сапалық және сандық көрсеткішіне сәйкес ешқашан табиғи жолмен толған нарыққа сәйкес келмесі анық. Мұнда, бірінші кезекте тұтынушылар ұтылады. Олар бұрын тұтынған Француз ірімшігінің орнына бағасы одан қымбат әрі дәмдік қасиеттері одан төмен өзге елдің тауарын тұтынуға мәжбүр болады.

            Бірақ Ресейдің сыртқы саясатындағы белсенділік мұнымен аяқтала қоймас. Жақында Селигер аралында жастармен кездесуінде Ресей Президенті алдыңғы қатарлы мақсаттардың бірі ретінде Ресейдің ядролық қуатын арттыру, әскери әлеуетін арттыру екендігін жасырған жоқ. Бір қызығы аталмыш кездесуде Ресей Президенті Қазақстан секілді көршілес елдермен қатынастарға деген көзқарасын да айқындады. Путиннің сөздерінен келесідей түйінге келуге болады:

            1) Ресей өзінің стратегиялық әріптестеріне саяси-экономикалық қадағалау механизмдерін жүзеге асыруға мүдделі екендігін көрсетті. Ресейдің мүдделері аймағына кіретін елдерде кез-келген тәуелсіз саясат антиресейлік табиғатқа ие болады. Тек қана Ресей қадағалап отыратын мемлекет лидерлері ғана Кремльдің қолдауына арқа сүйей алады.

            2) Ресей Еуразиялық идеяны Ұлыресейлік идеяны жүзеге асырудың негізгі тетіктерінің бірі ретінде қарастырады. Еуразиялық тұжырымдаманың тамырын кезінде Трубецкойлар империялық амбициялары бар қуатты Ресейді құру үшін қолданған болса, бүгінгі күні Ресей осы ойдың жалғастырушысы әрі мирасқоры. Егер бұл идея осылай жалғасар болса Еуразиялық экономикалық одақтың саяси компоненті күшейеді. Ал бұл аймақ елдерінің мүддесіне тікелей қарсы.

            3) Ресей өз мүддесін қорғау мақсатында өзге елдің ішкі істеріне қол сұғуға баратындығын ашық мәлімдеді. Тіпті Қазақстан жағдайында саяси процестердің Кремль үшін маңыздылығына тоқтала отырып Путин өзінің қазіргі саяси билікке үлкен сенім артатындығын айтты. Жақын арада саяси жүйеде үлкен өзгерістер болмайтындығына сенімді көрінген Путин, Елбасы ауыса қалса Ресей мүддесін қорғайтын тұлғаны көргісі келетіндігін жасырмады. Бұл Кремльдің Қазақстандағы мүдделерін қорғауда әскери күш қолдануы мүмкін екендігін аңғартты.

Putin Stalin

            Осылайша Ресей өзінің маңызды стратегиялық әріптестеріне өз бейнесін толық көрсетті, яғни Ресей өз саяси мүдделері үшін одақтастарының экономикалық мүдделерін аяқ асты ете алатындығын, олардың егемендігі мен тәуелсіздігін Ресей мүддесіне қайшы келмейтін дәрежеде ғана мойындай алатындығын көрсетті.

            Әрине, бұл сан салалы сауалдар әлі де түрлі өзгеріске ұшырары анық. Дегенмен бір нәтиже айқын: Қазақстан өз мемлекеттігін сақтау және ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін стратегиялық әріптестеріне жіті назар аударуы керек.

Шыңғыс Ергөбек

“Қамшы” сілтейді

Қатысты Мақалалар