«Іскерлік ахуал» әлеуеметтік зерттеуінің қорытындысын жариялады

/uploads/thumbnail/20170710001901346_small.jpg

Орталық коммуникациялар қызметінде «Сандж» зерттеу тобы мамандарының қатысуымен Экономикалық зерттеулер институты (ERI) дайындаған 2016 жылғы «Іскерлік ахуал» әлеуметтік зерттеуінің қорытындысы» тақырыбында брифинг өтті деп хабарлайды qamshy.kz.

Брифингке «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары Рустам Жүрсінов, ҚР Ұлттық экономика министрлігі жанындағы «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Салалық сараптама орталығының директоры Айжан Төлепбекова, «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Салалық сараптама орталығы директорының орынбасары Динара Ақынбекова қатысты.

Жиын барысында «Атамекен» ҰКП Басқарма Төрағасының орынбасары «Іскерлік ахуал – 2016» зерттеуі Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамыту мен бизнес-ахуалды жақсартудың негізі болатынына сенім білдірді.

«Әлеуметтік зерттеуді «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерелер палатасының тапсырысымен ҚР Ұлттық экономика министрлігінің жанындағы Экономикалық зерттеулер институты жүргізді. Зерттеудің ерекшелігі өңірлердегі бизнесті жүргізуге қолайлылық рейтингісі мен мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі рейтингісіне дайындықта. Сауалнамаға 2016 жылы  4100 респондент-кәсіпкер қатысты, бұл көрсеткіш 2015 жылмен салыстырғанда 2 есе көп», – деп атап өтті Рустам Жүрсінов.

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Салалық сараптама орталығы директорының орынбасары Динара Ақынбекованың айтуынша, зерттеудің мақсаты Қазақстандағы іскерлік ахуалдың жағдайын зерттеу, кәсіпкерлікті дамыту үшін жағдайы қолайлы және қолайлылығы төмен облыстарды анықтау, сондай-ақ осы саладағы өзекті мәселелерді анықтау болды.

«Рейтинг аясында әкімшілік реттеу, мемлекеттің бизнесті қолдауы, жылжымайтын мүлік пен инфрақұрылым, адам ресурсы, қаржылық ресурс, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейі секілді көрсеткіштер ескерілді», – деп атап өтті Айжан Төлепбекова.

Рустам Жүрсіновтың айтуынша, зерттеудің қорытындысы Алматы қаласында кәсіпкерлікті дамытуға анағұрлым жақсы жағдай жасалғанын көрсеткен. «2015 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда оңтүстік астана 2 тармаққа жоғары көтеріліп, Астана қаласын 2-орынға түсірді. Сонымен қатар Оңтүстік Қазақстан облысы 3-орынды иеленген. Бұл облыс 2015 жылғы көрсеткішін 3 позияцияға жақсартқан. Рейтингті аяқтайтын өңірлер қатарында Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Қызылорда облыстары бар», – деді Басқарма Төрағасының орынбасары.

Сауалнамаға қатысушылар кедендік органдарда, экономикалық зерттеу қызметі мен көлік инспекциясында сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары деп көрсеткен. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық деңгейі Жамбыл, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында жоғары деп танылған.

Мұнымен қоса сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламалардың тиімділігіне де баға берілді, оны кәсіпкерлер жоғары бағалаған – 71%. Сыбайлас жемқорлықты азайту үшін кәсіпкерлер жазаны қаталдатуды, сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша уәкілетті орган қызметінің тиімділігін арттыруды, билік органдары қызметкерлерінің әрекетіне, олардың табыстарына, отбасы мүшелерінің табыстары бақылауды күшейтуді, мемлекеттік қызметтерді толықтай автоматтандыруды ұсынған.

Зерттеу барысында мемлекеттік органдардың жұмысы да бағаланды. Кәсіпкерлердің мемлекеттік қолдау туралы ақпарат алуы 2015 жылмен салыстырғанда 1,5 есеге артқан, ал «Бизнестің жол картасы–2020» бағдарламасына қатысушылар үлесі 4,8%-ға өскен.

Сараптама бойынша мемлекеттік органдардың тиімді жұмысына кедергі келтіретін негізгі мәселелер екені анықталды, оның ішінде респонденттердің 29,53% құжаттарды қарау мерзімінің ұзақтығы мен қағазбастылықты көрсеткен. Сондай-ақ сауалнамаға қатысушылардың 14,75% қызметкерлер біліктілігінің төмендігін атаған.

«Несиелеуді дамытуды тежейтін және қаржыландыру құралдарын қолжетімді етпейтін мәселелер қатарында құнсыздану деңгейінің жоғарылығы; ҚР Ұлттық Банкінің қайта қаржыландыру мөлшерлемесі көлемінің жоғарылығы; шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесінің аздығы (2015 жылы 25,6%), экономиканың монополиялану деңгейінің жоғарылығы; шағын бизнеске инвестицияның тартылмауы, нарыққа шығуға кедергілердің болуы мен жаңа кәсіпорынның банкроттық қауіптілігінің жоғары болуы, несие пайызының жоғарылығы, кепілдік қамтамасыз ету: көптеген шағын бизнес иелері заңды мүлікті иеленбейді; шағын бизнес үшін ұзақмерзімді несиелеудің жоқтығы бар», – деп атап өтті «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Салалық салаптама орталығының директоры Айжан Төлепбекова.

Сонымен қатар, жер учаскелерін алудың қолжетімсіздігі немесе қиындығы да көтерілген. Кәсіпкерлер тарифтердің жоғарылығына назар аударған, оның ішінде сауалнамаға қатысушылардың 64%-дан астамы электр энергиясын атап көрсеткен.

Маман мәселесіне қатысты, барлық өңірден сауалнамаға қатысушылардың түгелі дерлік олардың дамуы үшін тұрғын үймен қамтамасыз етілуді атап өткен. Алматыдан сауалнамаға қатысушылар ¬– медициналық қызметті, Батыс Қазақстан облысы – әлеуметтік инфрақұрылымды көрсеткен. Ал Шығыс Қазақстан облысынан сауалнамаға қатысқандар түрғын үймен қамтамасыз етумен қатар, экологиялық қолайлылық қажеттілігін атаған. Қостанай облысы қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпке көп көңіл бөлген.

Қатысты Мақалалар