ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұxамедиұлының айтуынша, бүгінде табиғи-климаттық және антропогендік факторлардың әсерінен Сарайшық қаласын сақтау және қалпына келтіру мәселелері өзекті болып тұр, деп хабарлады ҚазАқпарат.
«Бұл проблемаларға біз білікті шетелдік және отандық ғалымдардың назарын аудартуымыз керек. Сөйтіп, ұтымды бірлескен шешімдер қабылдағанымыз жөн. Жалпы алғанда, қаланы сақтауға жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдар, ғалымдар мен өзге де мүдделі тараптар қалашыққа қатысты күрделі мәселелерді бірлесіп шешуге атсалысуы қажет.
Мәселен, Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарын аяқтау, археологиялық қазба жұмыстарын жалғастыру, осыдан кейін қалашықта консервациялау жұмыстарына барлық ресурстарды жұмылдыруымыз керек», - деді Мұxамедиұлы бүгін Астанадағы xалықаралық конференцияның ашылу салтанатында.
Министрдің сөзіне қарағанда, Сарайшық қалашығының туристік тартымдылығын арттыру үшін көне мұрамызды ашық аспан астындағы музейге айналдырып, өңірдің туристік инфрақұрылымын дамытуға күш салғанымыз жөн. Сондай-ақ, облыстық «Хан Ордалы Сарайшық» музей-қорығының жұмысын жетілдіріп, экспозициясын кеңейткеніміз абзал. «Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрлігі 2015 жылы «Сарайшық» қалашығының археологиялық ескерткіштерін реставрациялау және консервациялау жұмыстарының жобалау-сметалық жұмыстарын әзірлесе, 2017 жылы қалашықты консервациялау жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Осы бағыттағы жұмыстарды алдағы жылдары да жалғастырамыз», - деп атап көрсетті Мұxамедиұлы.
Еске сала кетейік, 23 ақпан, 2017 жылы Атырау облысына жұмыс сапары барысында ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Сарайшық қалашығын сақтау мәселесі бойынша кеңейтілген отырыс өткізгенін Қамшы ақпараттық агенттігі жазған болатын.
Атырау облысының әкімдігі 2013 жылы ҚР Үкіметінің тапсырмасына сәйкес құрылған «Сарайшық» қалашығын сақтап қалу мәселесін талқылау жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімі бойынша Жайық өзенінің жағалауын бекіту бойынша жұмыстарды жүзеге асырған.

Сарайшық қалашығын сақтап қалу мәселесіне қатысты кеңейтілген кеңесте аталмыш мәселеге жүйелі, бірізді қарау есебімен бірегей тарихи ескеркерткішті сақтаудың алдағы қабылданатын шаралары талқыланған болатын.
Отырыста Арыстанбек Мұхамедиұлы: «Біздің басты мақсатымыз – көне Сарайшық қалашығының табиғи бұзылуын тоқтату. Біз бұл бірегей мәдени ескерткішті сақтап қалып, болашақ өскелең ұрпаққа табыстау үшін бар күшімізді салуымыз қажет. Бұл жерде әкімдікке жағалауды бекіту жұмыстары бойынша қабылданған шаралар үшін алғысымды білдіргім келеді. Бекіту жұмыстарын жүргізгеннен кейін археологиялық зерттеулер өз жалғасын табатын болады. Археологиялық қазбалардан кейін бірден реставрациялық жұмыстарға көшетін боламыз» - деп атап өтті.

Айта кетсек, Сарайшық қалашығы 100 га көлемі бар, XIII-XVI ғғ. жатады. Жайық өзенінің оң жақ жағалауында, Атырау қаласынан 55 шақырым жерде орналасқан. Археологиялық зерттеулер нәтижесінде Сарайшықтан Шығыс пен Батыстың ортағасырлық өркениетті орталықтармен сауда-экономикалық және мәдени байланысы туралы ақпарат беретін және Алтын Орда дәуірінің қалалық мәдениетінің бай материалдары табылды. «Хан» қоғамдық құрлысының архитектуралық орналасуының кезеңдеріне зерттеу жүргізілді. Зерттеу барысында «ханның» салу ерекшеліктері анықталды. Сонымен бірге, өткен маусымда бес құрылыс кезеңін анықтауға мүмкіндік алынды. Археологиялық зерттеу барысында қалашықта нумизматикалық материалдардан басқа қалалықтардың көптеген күнделікті қолданыс заттары табылды: қыштан жасалған заттар (құман, құмшы, шығыр, құмыралар, көзелер, шырақтар, түбектер, кесе, пияла ) өсімдіктер мен зооморфты өрнектер және түрлі араб шрифтімен, сонымен бірге, трапезундық және қырым амфораларыныњ бөлшектері, қытай фарфорынан жасалған табақтың бөліктерімен безендірілген. Қазбалар барысында көптеген сүйектен, темір мен қоладан жасалған бұйымдар кездеседі. Одан басқа, ортағасырлық моншаның қалдығы табылып, зерттелді. Сарайшықта салтанатты сәулетті сарайлар, керуен-сарайлар, моншалар, мешіт-медреселер және басқа да ғаламат ғимараттар салынған. Оларды атақты сәулет өнері мектептерінен өткен дарынды шеберлер тұрғызған қаланың өте тамаша жобаланып салынған түзу де кең көшелері мен алаңдары болған. Қаланың келбетінен шығыстың әсері айрықша байқалды.