Астана Мұнайшылар кәсіподағы белсендісі Нұрбек Құшақбаевты соттады

/uploads/thumbnail/20170710011453668_small.jpg

Астанада Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company кәсіпорны жұмысшылары кәсіподағының еңбек қауіпсіздігі инспекторы Нұрбек Құшақбаевқа сот үкімі шықты. Бұл туралы Азаттық хабарлады. 

Астананың Алматы ауданының №2 сотына Oil Construction Company (OCC) кәсіпорны жұмысшылары кәсіподағының еңбек қауіпсіздігі инспекторы Нұрбек Құшақбаевқа қатысты сот үкімін тыңдауға ондаған белсенділер - сотталушының жақтастары келді.

"Қазақстан Респбуликасы атынан" деп басталатын үкімді оқыған судья Маңғыстау облысындағы Oil Construction Company (OCC) кәсіпорны жұмысшылары кәсіподағының еңбек қауіпсіздігі бойынша инспекторы, 1982 жылы туған Нұрбек Құшақбаевтың қылмыстық кодекстің 402-баптың 2-бөлігі ("заңсыз ереуілге қатысуды жалғастыруға арандату") бойынша "қылмыс жасады" деп танылғанын, екі жарым жылға бас бостандығынан айырылатынын мәлімдеді. Судья үкімінде Құшақбаевтың бұрын сотталмағаны, үйленгені, кәмелет жасқа толмаған бір баласының бар екені айтылды. Сот шешімінде Құшақбаевтың жазасын жалпы режимдегі колонияда өтейтіні, жаза мерзімі оның қамауға алынған (2017 жылғы қаңтардың 20-сы - ред.) күнінен бастап есептелетіні жазылған.

Екі жарым жыл бас бостандығынан айырудан бөлек, сот үкімі бойынша Құшақбаевқа екі жыл мерзімге қоғамдық қызмет атқаруға тыйым салынды. Судья үкімнің "жәбірленуші тарап Techno Trading компаниясы талап еткен 25 миллион 199 мың 717 теңге "материалдық шығынды" Нұрбек Құшақбаевтан өндіру" туралы бөлігін оқып жатқанда сотқа келген азаматтар бұл соманың тым қомақты екеніне наразылық білдірген.

 

Нұрбек Құшақбаев 2017 жылы қаңтар айында - мұнайшылардың аштық акциясы өтіп жатқан кезде ұсталған. Ол кезде Ақтауда Маңғыстау облысындағы Қаламқас және Жетібай мұнай кеніштерінде істейтін Oil Construction Company (ОСС) мекемесінің бірнеше жүз жұмысшысы Тәуелсіз кәсіподақтар конфедерациясының әділет министрлігі арызымен жабылуына қарсы аштық жариялап жатқан.

Құшақбаевпен бірге ОСС кәсіподағы төрағасы Әмин Елеусінов те ұсталған. Әмин Елеусіновке қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігі бойынша («сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») айыптар тағылған. Елеусіновтің соты әлі басталған жоқ.

ОСС компаниясында екі кәсіподақ ұйымы бар. 2011 жылы компания жұмысшылары кәсіпорындағы кәсіподақ ұйымы құқықтарымызды қорғамайды деген уәжбен тәуелсіз кәсіподақ ұйымын құрып, оған жетекшілікке Әмин Елеусіновті сайлаған.

Кейін аштық акциясына қатысқан 63 мұнайшыға азаматтық және әкімшілік сот арқылы 20-дан 50-ге дейінгі айлық есептік көрсеткішке тең (1 АЕК – 2269 теңге) айыппұл салынып, сот жалпы сомасы 3 миллион 854 мың 870 теңге шығынды өтеуді міндеттеген.

Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясы Қазақстан билігінен ОСС компаниясы кәсіподағы лидерлері Әмин Елеусінов мен Нұрбек Құшақбаевты қудалауды доғарып, екеуіне бостандық беруді талап еткен.

Human Rights Watch халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстанның серіктестерін, оның ішінде Еуропа Одағы мен АҚШ-ты Елеусінов пен Құшақбаевты босату үшін Астанаға ықпал етуге шақырған.

Қатысты Мақалалар