Қазақстанның Cыртқы істер министрлігі Сирия төңірегіндегі жанжалдың өршеуіне "қатты алаңдайтынын" білдірді. Қазақстан билігі сириялық үкімет пен оппозиция күштерін Женева және Астана келіссөздері барысында қабылданған бітім шарттарын орындауға және келіссөздерді жалғастыруға шақырды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің сайтында арнайы мәлімдеме ілінді.
7 сәуірде АҚШ 59 қанатты зымыранмен Сириядағы әуе базасын атқылады. Америкалық биліктің мәлімдеуінше, Хан-Шейхун қаласына тасталған химиялық қару дәл осы әуе базасында дайындалған. АҚШ әрекетін Германия, Франция және Ұлыбритания қолдады. Сириялық оппозиция да бұл шабуылды жөн көрді.
"Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Сириядағы шиеленістің өршуіне орай аса алаңдуашылығын білдіреді.
Қазақстан жаппай қырып-жою қаруының кез-келген қолдануын аморальды, адамгершілікке жат және адамшылық қағидаттарына қайшы әрекет ретінде үзілді-кесілді айыптайды. Бұл факті бойынша кінәлілерді жауапқа тарту үшін БҰҰ аясында халықаралық жан-жақты объективті және әділ тергеу жүргізуді қағидатты түрде маңызды деп санаймыз.
Қақтығыстың одан әрі өршуі және тараптар ұстанымдарының қатаңдануы халықаралық қоғамдастықтың террористік қауіпке қарсы күрес бойынша бұрын қол жеткізген барлық, оның ішінде Женева және Астана процестері шеңберіндегі уағдаластықтарға қауіп төндіреді және Сирия жерінде барлығын қамтитын бейбітшілік пен келісімге жету перспективасын алыстатады.
Сирия Араб Республикасының Үкіметі мен қарулы оппозициялық топтар арасында 2016 жылғы 30 желтоқсанда күшіне енген соғыс әрекеттерін доғару режимін сақтаудың және нығайтудың маңыздылығын атап өтеміз. Астана процесінің кепілдік беруші елдерін шиеленістің одан әрі өршуінің алдын алу үшін өздерінің бар күш-жігерлерін жұмсауға шақырамыз.
Қазақстан сирияаралық қақтығысты тек бейбіт жолмен, диалог және татуласу арқылы шешу мүмкін деген ұстанымына берік және барлық мүдделі тараптардың қатысуымен Астана процесі шеңберінде Сирия үкіметі мен оппозициялық топтар арасында татуласуды сақтау бойынша тікелей келіссөздерді жалғастыруға шақырады", - делінген СІМ мәлімдемесінде.
Биыл Астанада Сириядағы жанжалды реттеуге арналған келіссөздердің бірнеше раунды өтті. Оған Ресей, Түркия және Иран делегациялары қатысты. Женева қаласында да БҰҰ бастамасымен жекелеген келіссөздер жүріп жатыр.
Сириялық биліктің мәліметі бойынша, 7 сәуірде Сириядағы әуе базасын шабуылдау кезінде алты әскер қызметкері мен тоғыз бейбіт тұрғын қаза тапқан.