Үндсітанның Жамма мен Кашмир штатында сайлау кезінде тәртіпсіздіктер орын алып, 8 адам көз жұмды, 150 адам жарақаттанды деп хабарлайды «Қамшы» ақпараттық агенттігі Times of India-ға сілтеме жасап. Жарақаттанғандардың арасында наразылық шараларын өткізгендер де, тәртіп сақшылары да бар.
Айта кетейік, қарсылық акциясы парламенттің төменгі палатасына сайлауға бір күн қалғанда өткен. Жексенбі күні сайлау округінде тәртіп сақшылары мен Будгам және Шринагар қалашығындағы түрлі аудандарда наразылық білдіргендер көп болды. Олар дауыс беруге арналған электронды машиналарды сындырған.
Қарсылық акциясын өткізген сепаратистер адамдардың көз жұмғанына қарамастан өз жақтастарын наразылық акциясын жалғастыруға шақырды. Салдарынан жексенбі күні өткен сайлауға өте аз адам келген. Бұл соңғы 30 жылдағы ең төменгі көрсеткіш. Небәрі 7% адам дауыс беруге келген. Енді штатта сәрсенбі күні Анантнаг өңірінде тағы сайлау болады.
Үндістанның басқа да штаттарындағы қосымша сайлау жанжалсыз өтпеді. Онда көз жұмғандар болмады. Алайда, жарақаттанғандар бар.