Заңгер Жангелді Сүлейменов нәзік жандылардың жұмыс уақытын қысқартуды ұсынды деп хабарлайды «Қамшы» ақпараттық агенттігі. Заңгер өзінің facebook парақшасында «Әйелдерді қорғайық» атауымен қазақстандық әйелдердің жұмыс сағатын қысқартуды ұсынды.
«Қазақстандық әйелдердің жұмыс күні 18 сағаттан тұрады. Оның ішінде демалыс, мереке жоқ. Әйелдер таң атпастан отбасына таңғы ас дайындайды. Одан кейін балаларын балабақшаға, мектепке апарады. Осы істерді атқарғаннан кейін сағат 9-дан 7-ге дейін жұмыста отырады. Одан шыға сала үй жинау, кір жуу, балаларының оқуын қадағалау тағысын тағылар. Әбден шаршаған әйел түнгі 12-де жатып, таңғы 6-да қайта тұрады. Барлығы қайта басталады. Ал демалыс күндері жұмыс күндерінен де қиын. Әйелдердің өмірін жеңілдету үшін олардың жұмыс сағатын 7 сағатқа қысқартуды ұсынамын. Ал жұма күні түске дейін ғана жұмыс істесін. Жұмыс уақыты біткенде әйелге қосымша тапсырма беріп, жұмыста отыруға мәжбүрлеуге тыйым салу қажет. Мұндайға көбіне мемлекеттік мекемелер барады. Әйелді жұмыс уақыты біткеннен кейін де жұмыс істеуге мәжбүрлеген басшыларды орнынан босату керек. Осы бос уақытта әйел барлығымыздан демалсын» деп жазды Жангелді Сүлейменов.