Жекеменшік ауруханаға гайморит ауруынан емделемін деп барған ер адам көз жұмды

/uploads/thumbnail/20170710020133277_small.jpg

Алматы қаласындағы жекеменшік ауруханалардың бірінде 26 жастағы ер адам көз жұмды, деп хабарлайды «Қамшы» ақпараттық агенттігі Ктк телеарнасына сілтеме жасап.

Алексей есімді Алматы тұрғыны дәрігерге гайморит ауруынан емделуге барған. Қаза тапқан ер адамның әйелі кінәлі адамдарды жазалауын талап етіп отыр. Оның айтуынша, күйеуі ешқандай да ауыр дертке шалдықпаған, өміріне төніп тұрған қауіп жоқ еді. Тәуелсіз эксперттер ер адамда анафилактикалық шок болуы мүмкін деп тұспалдап отыр.

26 жастағы Алексей Губенконы жер қойнына тапсырғанына бір айдан астам уақыт өтті. Алайда, әйелі әлі күнге дейін оның неден көз жұмғанын білмейді. 6 наурыз күні ер адам гайморит ауруын емдетуге қалалық жекеменшік ауруханалардың біріне барған, кейіннен бірнеше сағат өткеннен соң Виктория күйеуінің өлгендігі жайлы хабар алды.

«Менің жарыммен бірге оның досы да болған. Бірақ ол процедуралық кабинетке кірмей, сыртта күтіп тұрған. Оның а туынша, менің күйеуімді алдымен жуындырып, кейіннен процедуралық кабинетке алып кірген. Сол жерде жағдайы нашарлапты», - деп мәлімдеді Виктория Губенко.

Өлім туралы куәлікте ер адам тұншығып қалды деп көрсетілген. Алайда, нақты себебі әлі белгісіз. «Аман-саулық» атты қоғамдық қорының айтуынша, дәрілік препараттардан аллергиясы бар адамдарда анафилактикалық шок көп болады, бұл ер азамат та сондай жағдайға душар болған.

Виктория Губенко полицияға арыз жазып, Денсаулық сақтау министрлігі мен медициналық және фармацевтикалық жабдықтарды қадағалау комитетінің көмегіне жүгінген. Қазір солардан жауап күтуде. Денсаулығына ешқашан шағым келтірмеген ерінің аяқ асты бұлай өліп қалуының басқа себебі бар екендігіне ол сенімді болып отыр.

«Менің күйеуім сап-сау қалпында жәй ғана гайморитін емдетуге барып, кешке жақын аяқ астынан қалай өліп кетуі мүмкін? Маған осының нақты себебін түсіндіргендерін қалаймын. Бірнеше сағат емес, тіпті, бірер минуттардан кейін көз жұмған. Мен әділдікке қол жеткізгім келеді. Менің күйеуімнің өліміне кінәлі адамдар өздеріне лайықты жазасын алса екен деймін», - деп ағынан жарылды Виктория.

Жекеменшік аурухана қызметкерлері бұл жағдайға қатысты пікір білдіруден бас тартты. Судмэдэкспертизаның нәтижесін білмейінше, бұл іске қатысты қандай да бір ақпарат бере алмайтындықтарын айтты.

Аударған: Назерке Лабихан

Қатысты Мақалалар