Бесқарағай ауданында туризм саласы толыққанды қолға алынып, биылғы жылы құны 250 млн теңге құрайтын шипажай кешенінің құрылысы жоспарланса, шетелдіктерді қызықтырған Шошқалы көлінің аумағында тағы бір шипажай құрылысының жоспары қолға алынған деп хабарлайды "Қамшы" ақпараттық агенттігі.
Бұл жайлы Шығыс Қазақстан Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты барысында Бесқарағай ауданы әкімінің м.а. Ерболат Рахметуллин мәлімдеді.
– Ауданда «Екі дос» ЖШС жаңа шипажай кешенін салу үстінде. Құны 250 млн. теңге құрайтын кешен құрылысының 80%-ға жуық бөлігі аяқталып қалды. Жаңа шипажайда марал қанымен емдеу кешені, киіз үй қалашығы, 300 орындық мейрамхана, 120 орындық қонақүй болмақ, – деді Ерболат Рахметуллин.
Сондай-ақ шетелдіктерді тамсандырған Шошқалы көлінің жағалауында жаңа шипажай кешенінің жобасы жасалуда. Емдік балшығы және әсем табиғатымен шетелдік туристердің назарын аударған көлге апарар жолды жөндеуді қолға алынбақ. Айта кетсек, аталмыш көлдің суы құрамы жағынан Израильдегі Өлі теңіздің суымен тең.