Мәжіліс депутаты Азат Перуашев «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жатақхана салуға ұсыныс тастаған болатын. Соған байланысты, қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан өз пікірін білдірді деп хабарлайды «Қамшы» ақпараттық агенттігі.
Мұхтар Тайжан өз сөзінде: "Бұл "шешімді" ұсынған адам алдымен өзі үлгі көрсетсін. Ас үйі мен жуынатын бөлмесі жоқ жатақханаға өзі бірінші көшіп барсын. Осы ұсыныстың шынайылығына сол кезде көзіміз жетеді", - деді.
Депутаттың аталған ұсынысына экс-әріптесі Мұхтар Тінікеев те өзінің фэйсбук парақшасында пікір білдірді: «Қарағанды қаласында әлі күнге дейін Сталин-Хрущев уақытынан қалған уақытша тұрғын үйлерде халық күнелтіп жүр. Уақытшадан асқан тұрақтылық жоқ! Ешқандай жағдайда бұлай жасауға болмайды!»
Экс-депутат қазақстандықтарға тұрғын үй бойынша көмектесудің тиімді жолын ұсынды:
«Егер халыққа тұрғын үй мәселесі бойынша көмектескіміз келсе, оларға байланыс жүйелері қосылған 10 соттық жерден бөліп берейік. Бір коммерциялық үйге екі-үш әлеуметтік үйлер салынбайынша әкімшілікке элиталық тұрғын үй кешендерін салуға жер беруге тыйым салуымыз керек».
Естеріңізге сала кетейік, "Жуыну бөлмесі мен ас үйсіз салынған тұрғын үй 40 пайызға арзанға түседі. Осылайша, 2021 жылға дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша жалға берілетін 35 мың пәтер емес, 49 мың пәтер салуға болады. Бұл пәтерлерге халықтың мұқтаж бөлігін, оның ішінде, ауыл жастарын қоныстандыруға болады", - деген болатын А.Перуашев.