КӨЗІМДІ АШСАМ ДА, ЖҰМСАМ ДА КӨРЕМІН ӘРТІСТЕРДІ

/uploads/thumbnail/20170710021010847_small.jpg

Шоу-бизнес! Аты айтып тұрғандай шоуға негізделген кәсіп. Алайда шоу бизнес  рухани ләззат алып, күнделікті күйбен тірліктен бір сәтке демалу үшін емес, саяси, экономикалық, рухани және күнделікті өмірімізге мықтап орнығып алды. Олай дейтінім телеарна да, радио да, газет-журнал да, интернет басылымдар да шоу бизнесте болып жатқан өзгерістер, жаңалықтар, ел алдында жүрген өнер адамдарының жеке өмірі мен өсек аяннан көз ашпайсың. Одан қала берді ел мүддесін қорғап, халықтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын, халық арасындағы қордаланған мәселені шешуі қажет халық қалаулысы секілді лауазымға да әншілер үміткер ретінде сайлауға түсе бастады.  Шоу-бизнес әлемінің серкелерін көзді жұмсақ та, ашсақ та көретін болдық.

Телеарна әртістердің ордасына айналды

Әртістердің  «Ақ дегенін алғыс, қара дегінін қарғыс» ретінде қабылдайтын жағдайға жеттік. Оған әртіс өмірі мен шығармашылығының телеарналар да кеңінен насихатталауы себеп екені әмбеге аян. Көгілдір экранда шоу бағдарламалар жетіп артылады. Оның ішінде саяси сараптамалық, Қазақстан мен әлем экономикасынан хабар беретін, қоғамдады қордаланған мәселелер мен кенжелеп келе жатқан салаларды дамытуды көздейтін, сауат ашатын сараптамалық бағдарламар жоқтың қасы. Әлемнің алдыңғы қатарлы CNN, BBC, Fox News, NBC секілді телеарналарда концертті өте сирек көрсетеді. Көбіне жоғарыда атап өткен салмақты әрі сапалы өнімді ұсынады. Қазіргі жаһандану заманда телеарнаның дәуірі өтіп, интернет жайлаған уақыт десек те, көгілдір экран әлі күнге дейін қоғамға әсер ететін күшін жоймаған. Мәселен, 2016 жылы өткен АҚШ-тың президенттік сайлауында 4 миллиард доллар телеарнадағы жарнамаға жұмсалған.  Осыдан телеарнаның әлі күнге дейін қоғамға әсер ететін мықты құрал екенін аңғаруға болады. Барлық қоғамдық орындардан, шалғай ауылдарға дейін интернетке қол жетімді болғанша телеарнаның күші кемімек емес. Сол күшті халықты сауаттандыру, рухани байыту үшін неліктен қолданбасқа? Бағдарлама жүргізушілерін таңдағанда оның бетінің жылтырлығына емес, ойының тереңдігі мен халыққа салмақты ой айта алатынына мән берсе құба-құп. Бағдарлама рейтингісін  ғана көздемей  оның қоғам үшін пайдасын мақсат тұтсақ ұтылмайтынымыз анық. Мәселен АҚШ-та тележүргізушілердің барлығы дерлік орта жастағы азаматтар. Олар тележүргізуші болу үшін көп жылдық сынақтан өтіп, тәжірибе жинайды, білімін арттырады. Ал Қазақстанда көптеген бағдарламаны әлі оң, солын танып үлгермеген әнші жүргізеді. Оның қатып қалған сценарийден асып, сүбелі ой айтып жатқандары да өте сирек. Ең өкініштісі әншілер жүргізген бағдарламалардың аудиториясы көп. Жоғарыда айтып өткендей телеарнаны қоғамды қозғаушы күш десек, телеарналардың 70-80% жайлаған шоу бағдарламалардың көрермені рухани құлдыраудың алдында тұр.

Еліміз мерекеге бай. Қазақ тойшыл халық деген сөз содан қалса керек. Қандай айтулы датаны алып қарасаң да оның Қазақстан үшін маңыздылығы теледидарда тек концерттердің, шоу бағдарламалар мен әншілердің қатысуымен түсірілген фильмдерді көрсетілгенімен өлшенеді. Әрбір үйдің төрінен орын алған көгілдір экраннан халық жоғарыда атап өткен ерекше теле кестені тамашалау арқылы, мерекені сезінетін жағдайға жеттік. Мәселен, тәуелсіздік күні тарихтан сыр шертетін, егеменді Қазақстанға жету үшін қазақ халқы қандай нәубетті бастан кешіргенін неліктен көрсетпеске, айтпасқа? Тәуелсіз Қазақстанда туылған ұрпақ ертеңін біліп, кең байтақ жердің қандай қиындықпен, қандай күшпен келгенін неліктен түсіндірмеске?

Қазіргі қоғамда жемқорлықты түп тамырымен жою мәселесі емес, танымал тұлғалардың бір-бірімен жанжалдасқаны қызығырақ. Білімнің сапасыздығы емес, әртістердің күйеуімен ажырасқаны маңыздырақ. Медицинаның ақсап тұрғаны емес, әншінің кіммен жүретіні көбірек талқыланады. Қазіргі Алаш арыстарын танымайтын, алайда Әли Оқаповты жақсы білетін, Абайдың шығармашылығынан хабары жоқ, бірақ Қайрат Нұртастың шығармашылығымен жете таныс жастар бар.

Мұның барлығына жан-жақтан әртістерді кеңінен насихатталуы себеп. Олардың жеке өмірінен бастап, үйіндегі итін қалай күтетінін тілге тиек етіп, 40 минуттық бағдарлама дайындалады. Оны миллиондаған аудиторияға ұсынады. Мұндай жобалар әдетте прам-таймға қойылады. Сәйкесінше көрермені де көп. Алайда рейтинг, ақша деп жүргенде  «тобырлық мәдениет» деген үлкен мәселені туындатып отырмыз.

Музыка – мәдениеттің бір бұтағы

Тұтас бір ұлтты рухани кемелдендіретін де, рухани мүгедек ететін де – мәдениет. Мәдениеттің бір бұтағы музыка. Ол тек дыбыс қана емес, адамды рухтандырып, ойландыратын керек десеңіз биік мақсатқа жетелейтін адамға әсер ете алатын ерекше күшке ие.

Қазіргі таңда музыка, ән өмірімізде нықтап орнығып алды. Теледидарды қоса қалсаң концерт, радио тетігін бұрасаң ән орындалып жатады, құлақтарын тығындаған жастардың көбі қайда жүрсе де ән тыңдап жүреді.  Өмірімізде музыкаға көп уақыт берілгеннен кейін ол сапалы болса қанекей. Алайда сөзі жұтаң, әуені жеңіл ырғаққа негізделген әндер жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті.

Осы ретте Қытайда кеңінен тараған мынандай аңыз еске түседі. Ежелгі Қытайда дыбысы үйлесім таппаған ән жазған  сазгерді өлім жазасына кескен екен. Бұл аңыздың қаншалықты шындыққа жанасатыны белгісіз. Алайда аңыздың халық арасында кеңінен таралуы аспан асты елінің өнер мен мәдениетке қаншалық терең мән беретінін түсінуге болады.

Себебі қазіргі жастардың рухани деңгейі, мәдениеті, дүниетанымы, өмірге деген көзқарасы мен түсінігі қандай болса, келер ұрпақтың деңгейі де сондай болмақ. Үлкен буынды алмастыратын кіші толқын өмірдегі құндылықтарды бастапқы кезде үлкендердің қалыптастырған түсінігі бойынша қабылдауға тырысады.  Ол үшін бұқаралық мәдениеттен  гөрі элиталық мәдениетті жөн көретін, мәдени талғамы бар, жақсы мен жаманды, дұрыс пен бұрыстың аражігін ажырата білетін ұрпақты тәрбиелеу қажет.

Кезінде Гитлер,  халық елдегі саяси жағдайды ойлап, ел, жер, ұлт, секілді маңызды мәселелермен бас қатырмауы үшін оларға азаннан кешке дейін даңғаза ән тыңдатыңдар деген екен. Бұдан жеңіл ырғаққа негізделген, сөзі жұтаң әнді көп тыңдайтын адамның рухани құлдырап, ертеңін ойламайтын дүбәрә  ұрпақты тәрбиелейді деген қорытындыға келесің.

21-ші ғасырда аталмыш бұйрықты 100% орындап жүргендер жетіп артылады. Шоу-бизнестің жылтыраған өзіне тән кішігірім әлемін БАҚ-тың барлық көздерінде кеңінен насихатталып, той деңгейіндегі әндер үлкен сахнада шырқалып жүр. Нәтижесінде көңіл ашар, шоу бағдарламалардың тұрақты көрермендері көбейді. Оған мына сауалнама да дәлел.

Адамдардың радионы қаншалықты жиі және қандай мақсатта арнайы қосып, тыңдайтынын білдім. 18-35 жас аралығындағы, түрлі мамандық иелері қатысқан сауалнама нәтижесіне сай, 50 адамның 30-ы  радионы тек ән тыңдау үшін ғана қосатынын айтты. Ал қалған 20 респонденттен шоу және таң ертеңгілік көңіл ашар бағдарламарды тыңдаймыз деген жауап естідім. Оларға әншіні қонақ етіп, сұхбат жүргізетін бағдарламалар ерекше ұнайды екен. 20 адамның 5-еуі бағдарламаға телефон шалып, қонаққа сұрағын қойған екен.

Әртіс қауымын көзімізді ашсақ теледидардан көреміз, көзімізді жұмсақ әнін радиодан естиміз, киноға барсақ фильмнен көретін болдық.

Фильмдерде кәсіби актерлер емес «әмбебап» әншілер ойнайды

Қазақстан кинемотографиясында жаңа өнімдер артып келеді. Бұл қуантарлық жағдай. Себебі сан болған жерде бәсеке туындайды. Ал бәсеке бар жерде сапа болады. Десек те, қазір коммерцияға бағытталған фильмдер көп екені анық. Ұлттық идеологияны, ел мүддесін насихаттайтын фильмдер ара-тұра түсірілгенімен көрерменге жетпейді.

Ал шетелдік фильмдерді көруге дағдыланып қалған қазақстандық қоғам отандық өнімдерді зор қызығушылықпен көре бастады. Халықтың қазақтың иісін сезінетін, өзіне таныс тыныс-тіршілігінен сыр шертетін өнімдерге шөлдеп қалғанын байқауға болады. Оған отандық фильмдердің миллиондаған касса жинауы дәлел. Дәл сол фильмдерді қарасаңыз да қайта жоғарыда атап өткен мәселеге келеміз. Коммерциялық фильмдердің көбінде отандық шоу-бизнес өкілдерін көресіз. Кәсіби, маманданған, тәжірибелі актерлер сахна сыртында қалып қойды.

Қазір әнші – тележүргізуші де, актер де, депутат та болған заман. Қазақстанның өнеріне, мәдениетінің дамуына өзінің орасан зор үлесін қосқан өнер адамдарына берілетін сыйлықтарды да кеше ғана шыққан, әнші ретінде буыны қатпаған өнер адамдары алып жатыр. Осыдан қазіргі қоғамның басты қаһарманы – әнші ме деген ойға қаласың.

Елімізде мұндай үрдістің орын алуы көңілге кірбің түсіреді. Себебі бұл халықтың саяси сауаттылығына, рухани деңгейіне, дүниетанымының тереңдігіне кері әсерін береді. Тұтас бір ұлттың рухани мүгедек етеді. Дене жай ғана рухтың қауашағы десек,  адамның бойындағы ең асылы да, құндысы да рух. Мамандар оның кемелденуіне ішкі түйсік, мінез, ген, білім мен қоса сыртқы факторлар да әсер ететінін айтады. Бұқаралық мәдениетті кеңінен насихаттау арқылы рухани мүгедек ұрпақты тәрбиелеп шықпауға ат салысу керек.

Қамшыгер: Әсем Әлмұханбет

 

 

 

 

Қатысты Мақалалар