СҚО әкімі Құмар Ақсақалов: «Мемлекет сіздердің пайда табуларыңызға жағдай жасады, енді оны адамдарға беріңіздер»

/uploads/thumbnail/20170710021101702_small.JPG

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов  жұмыс сапарымен Аққайың ауданында болды деп хабарлайды «Қамшы» ақпараттық агенттігі. Смирново ауылында  өңір басшысы  «Сапро-Нат» ЖШС-нің  бу қазандығы  модулімен танысты. Компанияның бас директоры  Әлтайыр Сыздықовтың айтуынша, 2016 жылы  серіктестіктің балансында  4  бу қазандығы бар еді. Содан бері  облыс бойынша 19  қазандық орнатылды. Олардың көпшілігі Аққайың ауданында орналасқан.

 Қазандыққа   жоғарыдан жану әдісі қолданылады. Нәтижесінде  отын үнемделеді  және пайдалы қызметтің коэффициенті  жоғары деңгейге  жетеді.

«Біз  бюджет қаражатын үнемдеуге  мүмкіндік беретін  заманауи және  жоғары технологиялы қазандықтармен  жабдықтауға әзірміз. Қазандықтарды өз қаражаттарымыздың есебін орнатып жатқандықтан, бюджет  жыл сайын жылуға жұмсап жатқан  шығынын да үнемдейді.  Осының барлығы  заманауи технологияның арқасында орын алып отыр.  Біздің қазандығымыз патенттелген.  Бұл қазақстандық  өнертабыс.  Біз Қазақстан атынан  «ЭКСПО-2017»-ге қатысушымыз. Қазандықтарымыз  жасыл энергетика тек  жел қондырғысы ғана емес екенін іс жүзінде көрсетті.  Ол көмірдің мол қоры болғандықтан, одан бас тартудың қажеті жоқ. Қоршаған ортаны ластамай-ақ нысандарды   үнемді жылыту арқылы  көмірмен де жұмыс істеуге болады. Біз ауаны емес, ғимаратты жылытамыз» ,-  дейді Әлтайыр Сыздықов.

Кәсіпорын шығаратын өнімдердің  прототипі немістік және польшалық қазандықтар. Құмар Ақсақалов осындай жобаларды   дамыту қажеттігін алға тартты.

«Біздің елімізде  өндірілген энергияның 70 пайызы көмірден, 14 пайызы  жел қуатынан, 10 пайызы газдан, 4 пайызы  дизель отынынан алынады. Бізде қазір 21 ғасыр. Ол – энергетика саласында  сілкініс  жасайтын ғасыр. Президентіміз осы жайында  айтып жүр. Неге ЭКСПО өткізіп жатырмыз?  Қазақстан  қазір  осы іспен айналысып жатқандығына  назар аудартқызу үшін. Сіздердің бүгін осындай қазандық шығарып жатқандарыңыз   біздің дұрыс жолмен келе жатқанымызды көрсетеді », - деді өңір басшысы.

Облыс әкімі  қазандықтың экспорттық әлеуеті болғандықтан,  аталмыш жобаны  бірлесе алға жылжыту жағдайын қарастыруды  ұсынды.

Шағалалы ауылында өңір басшысы  «Солтүстік Қазақстан  ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-нің  мал сою  қосынына соқты. Кәсіпорынның жұмысымен серіктестік директоры Белгібай Қанафин таныстырды.  Оның айтуынша,  кәсіпорын бір тәулікте  5 ірі қара мал соя алады.

 Мұндай өндірістік мал сою  ветерианарлық-санитарлық жағынан  өнімнің жоғары сапалы болуына  кепілдік береді және  алынған ет өнімінің қауіпсіздігі бойынша  барлық талапты сақтауға  жағдай жасайды.

 «Мұздатып қана сату керек, онсыз алмайды. Мұнда сертификатталған  өнім ғана болуы керек. Біз ет өндіруді көбейтуге  тиіспіз, осындай цехтар салу арқылы  өңдеп, сақтап және экспортқа шығаруымыз қажет. Бұл – біздің міндетіміз»,- деді Құмар Ақсақалов.

Бұдан кейін  Аққайың ауданының әкімі Дәурен Байтүлешев әлеуметтік-экономикалық даму туралы айтып берді.

«Біз 18 және 5  пәтерлік 2 тұрғын үйді пайдалануға бердік. Үй кезегіндегілер саны – 247. Биыл  тағы 2 үй салу үшін  жобалық-сметалық құжаттарды  әзірлеп жатырмыз. Автомобиль жолы бойынша өткен жылы 507 млн. теңгенің қаражаты игерілді. Биыл  осы мақсатқа 817 млн. теңге жоспарлап отырмыз.  Жолдарымыздың 71 пайызы  жақсы жағдайда.  Өткен жылмен салыстырғанда  30 пайызға көбейді»,- деді Дәурен Байтүлешев.

Өңір басшысы  «Солтүстік Қазақстан  ауыл шаруашылығы тәжірибе станциясы» ЖШС-нің   дәнді  және майлы дақылдар тұқымының көрмесімен танысты. Құмар Ақсақалов элиталық сұрыптар тұқымы өндірісін  көбейту қажеттігін  атап айтты.  Белгібай Қанафин   бұл мәселеде   тұқым заңнамасы бойынша шектеу қойылғанын алға тартты.

 «Элиталық тұқым  бізге өте қажет.   Қалай десек те элита көлемін  ұлғайтуға тиіспіз.  Оның үстіне өзіміздің тәжірибе станциямыз бар.  Элиталық тұқымды осында өндіру керек. Ұсыныс жасаңыз. Ауқымын және алқабын көбейту үшін  министрлікпен жұмыс істейтін боламыз. Яғни  кәсіпорынның қуаттылығын  көбейту бойынша  мақсатты түрде жұмыс істейміз»,- деді  Құмар Ақсақалов.

Жергілікті ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер  өңір басшысын өз өнімдерімен таныстырды.  Облыс әкімі аграршылармен  көктемгі дала  жұмыстарына әзірлік,  өңірдің АӨК-нін дамытудағы өзекті мәселелерді талқылады.

«Сіздердің алып жатқан қаражатты  бәрінен бұрын  өндірісті кеңейтуге,  жермен жұмыс істеуді жақсартуға, адамдарға жағдай жасауға, оқуға және  еңбекақы қорын  көтеруге жұмсауды  сұраймыз. Басқаша жасай алмаймыз, онда  олар жұмыс істемей қояды. Адамдар өте сезімтал. Президент:  «Адамдардың жағдайын ойлаңдар»,-деп әрдайым айтады.  Мемлекет сіздердің   пайда табуларыңызға жағдай жасады,  енді  оны адамдарға беріңіздер.   Аграршылыр  агробизнеспен айналысу арқылы  байып,  адамдарға да жағдай жасап  отырғандығы  жайында  бірнеше мысал келтіруге болады»,- деді Құмар Ақсақалов.

 Жұмыс сапарының соңында  облыс әкімі Аққайың ауданының аға буын өкілдерімен кездесті.  Онда  ауданды дамыту және алған қойған міндеттер жайлы өзекті мәселелер  талқыланды.  

Қатысты Мақалалар