ҚАМШЫ АГЕНТТІГІНЕН ПРЕЗИДЕНТКЕ ХАТ!

/uploads/thumbnail/20170710021432611_small.JPG

ҚР Президенті Назарбаевтың назарына

БАҚ ӨКІЛІ РЕТІНДЕ ЛАТЫН ӘЛІПБИІНЕ ЖЕДЕЛ АУЫСУДЫ ҚОЛДАЙМЫЗ!

Құрметті Президент және ел азаматтары!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бас газетке жарияланған мақаласында «Еліміздің жаңа тарихи кезеңге аяқ басқаны» баса айтылды. Ұлттық бірегейлікті сақтау мен бәсеке қабілеттілік аясындағы ұлттық сананың жаңғыруы әрбір қазақстандық үшін бұлтартпас қажеттілік.

Жаңа тарихи кезеңге жаңарумен адым басқалы отырған қазақ қоғамының, Қазақстан азаматтарының президент мақаласын жылы қабылдап, ондағы бастамаларға, әсіресе «латынға көшу» жобасына айрықша қолдау білдіргені айқын көрініп отыр.

Елбасының «рухани жаңғыру» мақаласында көрсетілген болашаққа бағдары «жапондардың тәжірибесін үлгі ете отырып, қазақ елін қысқа уақыттың ішінде мәдениеті мен экономикасы өркендеген әлемдегі жетекші мемлекеттердің қатарына жеткізуді ойлаған» ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның идеясымен астасып жатыр. Қазір әлемдегі дамыған мемлекеттер толықтай латын графикасын қолданады.

Президент сөзінде айтылғандай, латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылым және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Ал, коммуникациялық дамудың сағаттап жетіліп, технологияның күн санап тың жетістіктерге жетіп жатқан заманында қазақ қоғамы көштен қалмауға тиіс.

Сондықтан да президент атап айтқан «2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз» бастамасын Қамшы ақпараттық агенттігі толықтай қолдайды.

«Қамшы» ақпараттық агенттігінде ашылғаннан бері қарайғы 5 жыл уақытта таратқан ақпараттарының барлығын латын графикасында да оқуға техникалық мүмкіндік жасалған. Оның аясында бізді Еуропадағы, Түркиядағы, тіпті Қытайдағы латын әліпбиін қолданған он жылдықтың буыны да еркін оқып, бөгетсіз ақпарат алып келеді. Яғни, латын графикасына көшу әлемдегі қазақтардың да басын біріктіретін негізгі фактор болып отыр.

Мақалада көрсетілгендей, жылдың аяғына дейін қазақ әліпбиінің жаңа графикадағы бірыңғай стандартты нұсқасын қабылдау талабының жедел іске асуына баспасөз өкілі ретінде Қамшы ақпараттық агенттігі мүдделілік танытады.

Сондай-ақ, Қамшы агенттігі бірыңғай графика қабылданса, алдыңғылардың бірі болып, қазақ әліпбиінің жаңа таңбасымен ақпарат таратуға дайын екенін хабарлайды.

Қамшы ақпараттық агенттігінің редакциясы

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар