Танымал тележурналист Берік Уәли телеарнаға қайта оралды деп хабарлайды Qamshy.kz
16 сәуірден бастап әр жексенбі сайын «Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан «1 студия» атты қоғамдық-саяси ток-шоу эфирге шығады. Бағдарламаны белгілі тележурналист, қоғам белсендісі Берік Уәли жүргізеді.
Жаңа бағдарлама тұжырымдамасына сай, берілген тақырыпты талқылауға төрт спикер қатысады. Хабар барысында студия қонақтарының ішінен де мәселеге қатысты ой білдіргісі келетіндерге сөз беріледі. Ал, телекөрермендер эфирдегі мәселе бойынша дауыс беруге қатыса алады.
«1 студия» бағдарламасының алғашқы хабары жексенбі 20:00-де эфирге шығады.
Айта кетсек, араға біраз жылдар салып телеарнаға қайта оралғалы отырған саяси ток-шоу жасаудың шебері, қазақ тележурналистикасында өзіндік қолтаңбасы бар журналист Берік Уәли қазір ҚР Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі және Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметін атқарып келеді. Енді ол мемлекеттік қызметімен қоса заңға сай телеарнада ток-шоу жүргізбек.
Пікір қалдыру