АҚТАУЛЫҚ КӘСІПКЕР: СТУДЕНТТЕР МЕН ОРАЛМАНДАР МАЗАЛАМАСЫН!

/uploads/thumbnail/20170710030208893_small.jpg

Көбіне жастар қолданатын «Вконтакте» әлеуметтік желісінде жұмыс ұсынатын топтар да көп болады. Әр қаладан жастар үшін жұмыс ұсынатын сондай топтардың бірі – Работа в Актау – Жұмыс Ақтауда. Фармацевтік орынға маман іздеген ақтаулық кәсіпкер өзіне керек адамдардың ерекшеліктеріне тоқтала кетіп, мәтінді былай аяқтайды, жай ғана емес, бас әріптермен: ӨТІНІШ, СТУДЕНТТЕР МЕН ОРАЛМАНДАР МАЗАЛАМАСЫН!

Біріншіден, жастар қолданатын әлеуметтік желіде студенттер мазаламасын деген мазмұнмен жарнама бергені қай сасқаны? Студенттер тәжірибесіз дегенді алға тартар, бәлкім. Алайда, тәжірибесіз адамды жұмысқа алмаса, ол тәжірибені қайдан жинамақ?! Маман ретінде жаңадан жетіліп келе жатқан студенттерді кеудесінен итермей, білмегенін үйретіп, жұмыспен қамтамасыз ету – білікті мамандардың міндеті болуы тиіс. Бұл – бір.

Екіншіден, «Оралмандар мазаламасын» дегенді қалай түсінуге болады? Студенттер мен оралмандарды жұмысқа қабылдамайтын бұл қандай компания?

Осы сұрақтардың жауабын білу мақсатында Қамшы АА-ның тілшісі хабарламаны жариялаған Гаухар есімді маманға қоңырау шалды. Тұтқаны көтере сала, әйелдің кешірім сұрағаны өзінің қандай бәлеге тап болғанын түсінгенін білдіріп тұр. Алғашында оралмандар елімізде тіркелмеген, сондықтан артық мәселелер туындамасын деп ойладық деп жауап қайтарды. Кейіннен:

   -Мен білген жоқпын. Қазір заман басқа. Адамдарға сенуге қалдық. Бәрі алдап кетеді. Кешіріңіздер, - деп алғашқыда өз айтқанынан жалтарды.

«Сонда бұл заманда алдап кететін оралмандар ғана ма екен?» дей берген тілшіден маман кешірім сұраумен ғана шектелді. Бірақ, хабарлама парақшадан әлі күнге дейін алынбаған.

Бұл халықты екіге бөлу емей немене? Өз елімізде жүріп бір-біріне жәбір көрсететін тек қана қазақтар. Мұндай дискриминациядан қашан құтылар екенбіз?

Қалтасында көк тиын болмаса да, Қазақстан шаңырақ құрғанда бір уығы болсам деген ниетпен Отанына оралған оралмандарды ақтаулық кәсіпкерлер адам қатарына жатқызбай тұр. Тәуелсіздіктен бері Қазақстанға оралған шетелдегі қандастарымыздың саны 1 миллионнан асқан. Бұл қуантарлық көрсеткіш. Алайда, ата қонысына оралған қалың жұртшылықтың Отанына келіп орнығуы оңай бола қоймағанын да айтып өту керек. Соның өзінде олардың басым бөлігі қазақ қоғамына араласып, сіңісіп үлгерген. Елбасы айтқандай, ендігі мақсат Қазақстан тұрғындарын 20 миллионға жеткізу болған. Мұнда да арқа сүйеріміз шетелдегі қандастарымыз емес пе? Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі «Халықтың көші-қон туралы» заң жобасын да әзірлеген.

Еліміз қаншама жылдар бойы аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізгенде өз Отанымызға қайтатын күн туды деп төбелері көкке жетіп қуанған сол оралмандар болды. Өз ауасымен тыныстап, өз ағашының саясында жүрген қандастарымызға біз қолдау көрсетпегенде, кім көрсетеді?

Маңғыстау жұртшылығы мен Ақтау қаласының жауапты органдары мен тұрғындарынан мұндай заңсыздыққа жол бермеулерін сұраймыз! Қазақстанда заң бойынша дискриминацияға орын жоқ. Ендеше ақтаулық кәсіпкер қисынсыз жарнамасы үшін заңмен жазаланады деген үміттеміз. 

Қамшыгер: Гүлім Жақан  

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар