Қамшының хат қоржынына оңтүстіктен ерекше хат келіп түсті. Балаларға батырлар жырып жаттатқызып, мұғалімдеріне машина мінгізбек шырайлы өңірге біз ризамыз. Оқырман назарына Өмірзақ Ақжігіттің байқау идеясы қалай пайда болғаны туралы қысқаша түсіндірмесін ұсынамыз. Одан кейінгісі байқау ұйымдастырушысының конкурс шарттарының ережесін түсіндірген жазбасы.
"Оңтүстік Қазақстан" газетінің бас редакторы Абай Балажан осыдан екі-үш ай бұрын "газетіміз мектеп балалары арасында қазақтың батырлар жырын жатқа айтудан жарыс өткізуге мұрындық болса екен" деген идея тастап еді. Бірақ, ол мәселе қаптаған күнделікті көп тірлік тасасынан қайтып көтеріле қоймаған болатын.Сөйтсек, біз ұмытқанмен Әбекең ұмытпапты, ұлттың рухы көтерілуі үшін өте өміршең, толғағы әбден пісіп-жетілген бұл идеясын облыстық оқу басқармасын апарып ұсыныпты, олар "уралап" қарсы алыпты.
Шіркін-ай, балалық шағым қайта оралар ма еді деп мен отырмын. Өйткені, 4-класқа көшкенде ауылдың кемпір-шалына оқи-оқи "Қобыланды", "Алпамыс", "Ер Тарғын", "Қыз Жібек" қиссаларын жатқа соғатын едім. "Қамбар батырды" да оқитынмын, бірақ, онда аналардай қырғын соғыс аз болатын, сондықтан онша қызықпайтынмын.
Енді біздің газет жүлдесі үшін жарысты нақ сол - ең көлемі аз екендігін ескеріп -"Қамбар батырдан" бастамақпыз. Әрі Қамбар батыр жерлесіміз, күнгейлік, жырда
"Жарысты ендігі жылдан бастап, Құдай қаласа, республика көлемінде өткізетін боламыз. "Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын, Ер Сайын, Ер Көкшелерді де қосамыз. Мүмкін, ол кезде жас талаптың өзіне де темір тұлпар мінгізіп қалармыз" дейді Әбекең.Қалай болғанда да "Бастады Абай бір істі, Алла оңғарсын бұл істі!" дейміз. Деп қана қоймаймыз, бүкіл редакция болып байқауға ат салысамыз.Ол біздің газеттің брендіне айналатын болады!
Жас жеткіншектер, алға! "Ұстазына машина мінгізген алғашқы оқушы" атанып тарихқа кіресіңдер.
Ал, бізге "Бегім-Айдың" ізімен "мен мектепте жүрген кезде неге өтпедің?..." деу ғана қалады...
(төменде байқау шарттары беріліп отыр)
«Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының ұжымы бір игілікті іс-шараны қолға алғалы отыр. Атап айтқанда, биылғы оқу жылының соңғы күндерінің бірінде аудан-аудандарда «Жақсылар, дастан айтайын!» атты батырлар жыры байқауын өткізуді ниет етіп отырмыз.
Бұл – бүгінгі ұрпақ ұмыт қалдырған батырлар жырын насихаттау ғана емес, жасөспірімдердің әдебиетке деген қызығушылығын ояту. Сондай-ақ, мектеп мұғалімдерінің, оның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімінің беделін көтеру болып табылады.
Байқауға 5-10 сынып аралығындағы оқушылар қатысады. Өз аудандары мен қалаларында алғашқы үш орынды жеңіп алған оқушылар облыстық байқауға жолдама алады. Облыстық байқауда жеңімпаз атанған оқушыны дайындаған мұғалімге «темір тұлпардың» кілті табыс етіледі. Басқа да жүлдегерлер сый-сияпатсыз қалмайды.
Биылғы тақырып – «Қамбар батыр» жыры.
Байқаудың ережелері мен шарттары «Қамшыда» және газет бетінде қосымша жарияланады.
Ал, әзірге сіздер «Қамбар батыр» жырын жаттай беріңіздер. Анықтама алу үшін бас редактордың орынбасары Гүлжамал Мұсаеваға 8-775-609-23-63 телефонына хабарласуларыңызға болады.
«Оңтүстік Қазақстан» газеті редакциясының ұжымы.
Пікір қалдыру