ҚАЛАМГЕРЛЕР ПРЕЗИДЕНТКЕ МЕМЛЕКЕТТІҢ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕРІН КҮЙІНЕ ЖЕТКІЗДІ (ВИДЕО)

/uploads/thumbnail/20170710033545147_small.jpg

Кеше, Президент Назарбаевтың Ақордада қаламгерлермен кездескенін хабарлаған едік. Кездесуге белгілі жазушылар Бексұлтан Нұржекеев, Дулат Исабеков және Смағұл Елубай қатысқан болатын. Кешкілік мемлекеттік арналардан көрсетілген зиялы қауымның кездесуінде мемлекеттік ауыр салмақты мәселелер айтылды.

Кездесуде Бексұлтан Нұржекеев қазақ тілі графикасы мен ережесі туралы үлкен мәселені қозғады.

«Латын әрпіне көшу мәселесі. Жасыратын ештеңесі жоқ. Халықтың ортасында әртүрлі пікір бар. Қобалжу да бар. Өзіңіз айттыңыз «біз ұзақ дайындалдық» деп. Ал сол дайындықты мен ғалымдардан көріп тұрған жоқпын, кешірерсіз. Неге дейсіз ғой, біз көшуіміз керек. Көшкенде әріпті көшіре салумен мәселе бітпейді. Ол түкті де шешпейді. Мәселе тілде. Көшу арқылы (латын графикасына. – ред.) біз тілдің мәселелерін шешуіміз керек. Алматыда осыны талқылап дөңгелек үстел болғанда ғалымдарға өкпемді айттым. 25 жыл адам шыдайтын нәрсе емес қой. Тілімізді құртып келген заңды дереу өзгерту керек еді. Етікшілердің, кәсіпкерлердің өз заңы бар, тек тілдің заңы жоқ. Адамға қиянат қой. Ондай былай деп жазылған: «Орыс тілінен енген сөздер орыс тілінің орфографиясы бойынша өзгертілмей жазылады.» Ал, екінші пунктте, «Араб тілінен, иран тілінен енген сөздер қазақ тілінің заңы бойынша өзгертіліп жазылады». Сонда араб, парсы шет тілі де, орыс тілі шет тілі болмай тұр. Енді осыдан құтылғамыз жоқ, латынға көшу арқылы біз осыдан құтылуымыз керек. Көшудің бізге ең тиімділігі осы болуы керек. Ол үшін не істеу керек дегенде ғалымдар «латынға көшіп жаңа ереже жасаймыз» дейді. Менің пікірім «әуелі қазақ тілінің емлесін жасау керек биылдың өзінде». Неге дейсіз ғой, емлені жасағанда біз қай әріптен құтылуымыз керек, қай әріпті алуымыз керек екені емле арқылы анық болады. Осындай менің ойларым бар», - деп ортаға ашық салды жазушы өз пікірін.

Смағұл Елубай қоғамда қатты талқыланып жатқан «үштілділік» мәселесі туралы байламды ойларын жеткізді.

«Үміт пен күдікті тудырып отырған бір мәселе бар.  Мынау үштілділік деген нәрсеге жұрттың бәрі бірдей оң көзбен қарап отырған жоқ. Оны жақсы білесіз, мен неге екенін айтқым келеді. Неге жұртты шошытып отыр? Бұл «үштілділік» деген сөз құлаққа «Қазақстанда үш мемлекеттік тіл бар» дегенді айтып тұрғандай естіледі, құлаққа түрпідей тиеді бізге». Меніңше олай болмауы керек деп ойлаймын. Мемлекеттік тіл ылғи да бірінші орында тұруы керек. Мектепте үш тілділікті бастап кетті. Жалпы, баласының үш тіл білгенін ешбір ата-ана кемшілік деп қарамайды. Бұл жағынан ешкім қарсы емес. Мәселе мемлекеттік  тілдің жағдайы не болатынында. Қазақ тілінің жағдайы не болады, осы жұртты алаңдатып отыр. Өзіңіздің бір идеяның төңірегінде топтасқан «қазақстандық ұлт» болуы керек дегеніңіз көңілге қонады. Шынында да Қазақстанда тұратын барлық халықтар бір идеяның төңірегінде топтасқанда ғана біздің айдарымыздан жел еседі. Ол нәрсені шынында да балабақшадан бастау керек деп ойлаймыз. Бүкіл балабақшада барлық балалар ұлтына қарамай мемлекеттік тілде тәрбие алатын болса ол қыруар пайда барлық ата-ана, әр ұлттың ата-анасы үшін. Өйткені бірінші кластан бастап бүкіл мектептердің бәрі орыс, қазақ деп бөлінбей бір ғана программамен, мемлекеттік тілдің басымдылығымен бүкіл оқу, тәрбие сол тілде берілсе, бірақ негізгі пәндер мемлекеттік тілде берілсе сонда үштілділік біздің байлығымызға айналады. Бізді қорқытпайды, шошытпайды. 11 сыныпты бітірген бала мейлі қазақ болсын, орыс білсін үш тілде сайрап шығады. Орыс мектебі, қазақ мектебі деген мүлде болмауы керек. Төңірегімізде, мысалы Францияда, Германияда, Қытайда ұлттық мектептердің бөлінгені жоқ қой. Бірлігіміз болуы үшін, барлық ұлттар бір-бірін түсінуі үшін кішкентайдан бастауымыз керек. 10-15 жылдың ішінде мектеп бағдарламасы мемлекеттің тілдің басымдылығымен жүрсе жүзеге асыруға болады, бітірген балалар бауыр болып шығады. Қазақтың тілін білгеннен кейін тарихын да, менталитетін де біледі. Қазақстандық патриотизм оянады. Сонда тіл проблемасы күн тәртібінен алынып тасталынады», - деп үлкен ұсыныс тастады жазушы. Сондай-ақ жазушы суфизм мәселесін арқау еткен Яссауи туралы фильм түсіру бастамасын да көтерді. Қоғамдағы моральдік инвалидтер шыға бастағанын айтқан Елубай Яссауи тұлғасын экранға шығаруды сценарий деңгейінде қолға алғанын жеткізді.

Ал, Дулат Исабеков «Әр дін ұлттың ыңғайына қарай жығылуы керек» деп әңгімені төтесінен қойып, діни ала-құлалық мәселесін ашып айтты.

Сондай-ақ, Смағұл Елубай шетелдегі қандастарды елге көшіру туралы да ұсынысын президентке жеткізді.

«Сіз сұрақ қойдыңыз, «5 миллионды қалай әкелу болады?» деп. Құдайға шүкір бізде байлар бар. Соларға ұран тасталса: «шетелдегі қазақтарды көшіріп келуге көмек берсеңіздер, сіздерді салықтан босатамыз, орден береміз» деген сияқты ма, осыны қозғалысқа айналдырсақ, тарихтың алдында беті жарық болар еді Нұреке! Өйткені енді 10-15 жылда сол елден айрылып қаламыз», - деп күйінді жазушы.

Қатысты Мақалалар