Қазақстан халқының саны 16 млн 836,7 мың адамды құрады. Осы халықтың 9 млн 215,6 мыңы қалада, 7 млн 621,1 мыңы ауылда тұрады екен. Жыл басынан бері халық саны 1 пайызға өсіпті. Бұл көп пе, аз ба, ол жағы белгісіз. Әйтеуір көңілге демеу болары, айтылған кезеңде 257,8 мың бала дүниеге келген, бұл өткен жылдан 3,8 пайызға жоғары екен. Ал бақилық болғандар 1,5 пайызға азайған, 1 жасқа дейінгі шетінеген нәрестелер саны да азайған, 2,6 пайызға. Бұл туралы кеше Статистика агенттігінің төрағасы Әлихан Смайылов мәлімдеді.
Оның айтуынша, некесін қиғандар мен ажырасушылар қатары көбейіп келеді. Мәселен, жыл басынан бергі сегіз айда 105,9 жұп неке қиюға өтініш берсе, 32,3 мың өтініш ажырасуға қатысты тіркелген. Ажырасу 8,8 пайызға артып кеткен.
Статистика агенттігі төрағасы айтқан дерекке сүйенсек, шетелден болсын, ел ішіндегі болсын көші-қон саябырсып тұр. Сандарды сөйлетсек, айтылған мерзімде Қазақстанға келушілер 3348 адамға, яғни 14,2 пайызға азайған. Қазақстаннан кеткендер 1221 адамға немесе 6,0 пайызға төмендеген. «Еліміздегі негізгі көші-қон алмасуы ТМД мемлекеттерімен болуда. ТМД елдерінен келгендердің және сол елдерге кеткендердің үлесі, тиісінше, 17053 және 18343 адамды құрады. Ел ішінде қоныс аударатын көшіп-қонушылар саны да 1,0 пайызға азайып, 228325 адамды құрады», - деді агенттік басшысы.
Қысқа мерзімді экономикалық индикатор биылғы тоғыз айда 102,7 пайызды құрапты. Ал негізгі капиталға салынған инвестиция 3536,4 млрд теңгеге табан тіреп, 3,3 пайыздық өсім көрсетті.
Биылғы қуаңшылық ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін өткен жылғымен салыстырғанда, 8,4 пайызға дейін азайтып жіберді. «Бүгінгі дерек бойынша республика көлемінде 14 млн 497 мың тонна бидай жиналды, өнімділігі гектарына
9,6 центнерден болды. Былтырғыдан төмен. Былтыр 15 қазанда 26 млн 118 мың тонна жиналған болатын. Ал жыл соңына дейін 27 млн тонна астық бастырып едік», - деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, жүк айналымы 11,3, бөлшек сауда көлемі 12,8, көтерме сауда көлемі 15, тамақ өнімдері мен сусындарды ұсыну қызметтері көлемі 12,5 пайызға өсті. Ал қаңтар-тамызда сыртқы сауда айналымы 89984,3 млн АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 13,5 пайызға артты. Оның ішінде экспорт 9,3, импорт 24,1 пайызға артты. Ал Кеден одағы елдерінің тауар айналымында экспортта төмендеу бар.
«Қаңтар-тамыз айларында Кеден одағы елдерінің өзара сауда айналымы 15 млрд
522 млн АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,3 пайызға төмен. Экспорт 4 млрд
546 млн долларды құрап, 12 пайызға төмендеді. Импорт 10 млрд 975 млн долларға тұрақтап, 5,2 пайызға өсті. Экспорттың төмендеуіне металлургия тауарларына сыртқы нарықтан сұраныстың төмендеуіне себеп болды», - деді біздің сауалымызға жауап берген агенттік төрағасы.
Өткен қыркүйекте азық-түлік тауарларының бағасы 3,2, азық-түлік емес тауарлар - 2,2 пайызға қымбаттағанын
да Ә.Смайылов айтып отыр. Ал халықтың орташа жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары тамыз айында
51890 теңгені құрады. Тағы да сол тамыздағы есепке жүгінсек, қызметкерлерге есептелген орташа айлық атаулы жалақы 104546 теңгені құраған. Жалақы өсіп жатқанымен, елімізде жұмыссыздық жойылар емес. Мәселен, қыркүйектегі жұмыссыздар санын бағалау 475,3 мың адамның екі қолға бір күрек таба алмай отырғанын анықтады.
Агенттік берген дерекке сүйенсек, автокөлік мінушілер көбейіп барады.
Жыл басынан тамыз айына дейін 38 312 жеңіл автомобиль тіркеліпті. Бұл өткен жылғыдан 4,2 пайызға жоғары екен. Осылайша еліміздегі жеңіл автокөліктердің саны 3 млн 646,5 мыңға жетті. Ең көп көлік тіркелген Алматы қаласы - 5661 автокөлік тіркелсе, одан кейін Оңтүстік Қазақстан облысы тұр. Содан кейін Алматы облысының халқы көлік мінгенді жақсы көреді.
Ал қыркүйек айында 15 026 тұрғын үй сатылыпты. Ең көп үй Алматы мен Астана қалаларының бірінде сатылған болар десеңіз, қателесесіз. Себебі тұрғын үй сатып алу-сату мәмілесін көп жасаған аймақ Қарағанды облысы болып шықты. Бөл өңірде қыркүйек айында 1812 сатып алу-сату мәмілесі жасалған, одан кейінгі орында Шығыс Қазақстан облысы, Алматы қаласы тұр.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Пікір қалдыру