Бүгін Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының 20 жылдығына арналған торқалы тойдың шымылдығы жабылды. Мерейтой құрметіне орайластырылған термешілер байқауы, жыр мүшәйрасы, қолөнершілер көрмесі өз мәресіне жетіп, жүлдегерлер марапатталды. «Қамшы» порталын қарап отырған Алты Алаштың баласынан сұрайтын сүйіншіміз – осы сайттың қаз-қалпында төте жазуда көрінуіне мұрындық болған Ықылас Оразбайұлы Дүниежүзі қазақ жастары арасында өткізілген жыр мүшәйрасында бас жүлдені еншіледі. Жүлдені Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, көрнекті прозашы Әлібек Асқаров табыстады. Шекардан шет жүргені болмаса, бар қазақтың бағын асырып, Қазақ елінің ат-атағын аспандатып жүрген Ықыласқа шығармашылық табыс, зор денсаулық тілейміз.
Бөрі жыры
Кетем мен, кетем!
Бағзы бір
бабамнан қалған көш қой бұл,
Арқаның желі азынап, түсімнен сірә кетпей жүр.
Екі қолдың жұмысын егемен елімнен таба алам.
Қамсыз болса да тұрмысым – болашағыма садағам.
Аттай желген өмірде қақпай көргенше бөтеннен,
Балақтан алған күдіктен аттаймын дағы кетем мен.
Қалтаңдаған қарт болсам қаламша қадауға жарармын,
Қырпулы қыран ер болсам, шаңыраққа уық қадармын.
Өндірдей өрен жас болсам кеудемді керіп өсермін,
Көктемгі нұр мен нөсерге, көктегі күнге төсермін.
Қабырына барып атамның қабырғаларымды бекіттім,
Анамнан барып бата алдым , ана тіліме жетікпін.
Асығым қалған белдер-ау, жасығың емес мен сенің,
Ғашығым қалған туған жер – сағынышымсың еңселім.
Алтын тұнған арнадан лайланған өзендер,
Асығасың батысқа, ашынасың сезем мен.
О, туған жер!
Тұнығыңа пісірдің, тұғырыңнан ұшырдың,
Қамыс құлақ тұлпардың қайыс ноқтасын сыпырдым.
Жиғаным мен иманым, кісілігім де киеңнен,
Сүйектен өтсе ызғарың сүйегімменен сүйем мен.
Бір түйір топырағыңа бір туар ерлер жазым боп.
Атанын атам қомдаған атақты тауда жазық жоқ.
Атын бір атағаныма қомданатұғын иығым.
Қайырлы болсын өзгеге қадірі биік ұйығым.
Елімнің ескі дәстүрі жойылмай тұрып аттанам,
Қазан құлағы төртеуін мойындай тұрып аттанам.
Жанарым жанып жортамын, бөрімін, бірақ аш емес,
Жатырқағандар жау емес, мүсіркегендер дос емес!
Қақпанды басып кеткенде тірсегін шайнап қалдырған,
Бөрідей ұлың барғанда құрметпен қара алдымнан.
Өзге елдің озық үрдісін апару үшін кетем мен,
Оқтан қалған оралман атану үшін кетем мен.
Отанға жетсем ордалы оттай жүрегім бұлқынар,
Бетімнен қаққан бұл өмір бетімнен сүйер күн туар.
О, байтақ, Қазақстан деп алшаңдай басып жеткенде,
Жауда қалған жерім деп жаутаңдай жасып кеткенде.
Аббар көшіп жеткенде аппақ бір жаға, аппақ ар..
Осыған да Алла шүкір деп отыратұғын шақ болар.
Көктем
Шек барма екен құдіреттің ісінде,
Мен далама айналыппын түсімде.
Маңдайларым мәрт, асқақ
Айналыпты жалама құз жартасқа.
Жанарымда жайын тулап, ай түнеп,
Қабағымда қайың, талдар бой түзеп.
Кеңсірігімді жұпарлы жұмбақ ән кеулеп,
Миығымда миллион гүлдер сәнге өрлеп.
Ерінімде ақша бұлттар дамылдап,
Иегімде аққу-қаздар мамырлап.
Тауға айналған танауымды күн өбіп,
Мұрттарымның арасынан бұғы өріп.
Сол құлағым бөрілерге апан боп,
Оң құлағыма дұға оқыпты апам кеп.
Оң қолымда қойшы жігіт ысқырып,
Сол қолымда сұлу қыздар іс тігіп.
Көбелерімнің көк кіреуке мұзы еріп,
Алақанымда ару атандар күзеліп.
Аяғымда көш керуені бақытты,
Жыл құстарын ертіп келе жатыпты.
Екпінімен теңселтіп жер бесікті,
Дәл кеудемнен миллион жылқы өтіпті.
Жалы – жалын, от орнындай тұяқты,
Тұлпарлардан дауыл тұрған сияқты.
Дауыл ғажап бір аунатып өлкені,
Шырын түстің жыртылыпты желкені.
Түс түңлігі жыртылғанда орасан,
Ояна сап жан-жағыма қарасам,
Төсқалтамнан телефоным тепкілеп,
Жатыр екен бір сигнал кепті деп.
Телефонымды дір-дір еткен, дір еткен,
Қолыма алдым тұлпар боп Шапқан жүрекпен.
Әлім жетпестен дауысымды да түзеуге,
Дірілдеп кетті саусағым, дірілдеп кетті тізем де.
Батылданар да езбелеп,
«Мақұлдан» арыға сөз де жоқ.
Тұтыға бердім әшейін,
Тұқыра бердім әшейін,
Аяғымменен жер «қасып»,
Шықшытты шылқа тербасып.
О, Дариға-ай...
Түсімде тау боп кетсемде,
Өмірде дәу боп өтсемде.
Бекерекен ғой, бекер ғой,
Уыздай жап-жас бір қыздың
Уысында ғана екем ғой.
"Қамшы" порталы
Пікір қалдыру