Түркияның заң шығарушы органының басылымы «Ресми газетте» Премьер-министр жарлығымен «Тіліміз – куәлігіміз» тақырыбымен 2017 жылды «Түрік тілі жылы» деп жариялады. Премьер-министр Бинали Иылдырым қол қойған жарлықта Түркия президенті Ердоғанның жоғары қамқорлығы аясында 15 наурызда жасалған жиналыс шешімімен биылғы жыл Түрік тілі жылы деп жарияланған.
Түрікшенің Әлемнің ең бай тілдерінен бірі және ұлттық құндылықтың басты негізі екенін баса айтқан жарлықта «Түрікшемізді қорғау, өміршеңдігін арттыру, байыту және болашақ ұрпаққа күшті қалпында аманат ету, бүгініміз бен ертеңімізді саналы қадаммен қалыптастыру мемлекеттік мекеме мен ұйымдардың, барлық қоғам өкілдерінің ортақ міндеті» делінген ресми құжатта.
Соңғы жылдарда әсіресе БАҚ беттері мен технология әсерінен Түрікшеге кірген шет тіл сөздерінің жалпыласу қаупін баса айтқан жарлықта:
«2017 жылдың Түрік тілі жылы ретінде жариялануы – Түрікшенің өз қалпында, дұрыс, ережелерге сай, ашық, түсінікті және таза қалпында қолданылуына үлкен үлес қосатын қоғамдық сананың, қамқорлық пен сезімталдығының артуына қызмет етеді»
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін Ататүрік Мәдениет, тіл және тарих жоғары комитеті және комитет жанындағы Түрік тіл мекемесі басшылығымен Ғылым, Өнеркәсіп және Технология министрлігі, Жастар және Спорт министрлігі, ІІМ, Мәдениет және Туризм министрлігі, Ұлттық білім министрілігі, Денсаулық сақтау министрілігі, Жоғарғы оқыту комитеті, Түркия Радио-телевизия жоғарғы комитеті, Радио-телевизия мекемесі, сондай-ақ барлық жергілікті биліктер мен барша мемлекеттік және мемлекеттік емес мекемелер, азаматтық ұйымдар мен БАҚ органдары тіліміздің дұрыс әрі қалпында қолданылуы турасында қажетті қамқорлық пен құрмет көрсетіп, тиісті жұмыстарға белсенді атсалысылуы қажет делінген.
Айта кетсек, Түркия республика жариялағаннан кейін тұп-тура 5 жыл өткенде 1928 жылы 1 қарашада араб графикасынан латын алфавитіне көшті. Түріктер[NN1] түрік тілін дамыту мақсатында 1932 жылы Түрік тіл комитетін құрған.
Түркияның үстегі жылды «Түрік тілі жылы» деп жариялауы Қазақстан президентінің сәуір айында жарияланған «Рухани жаңғыру» мақаласы секілді талқыланып жатыр. Түріктер осы арқылы түрік тілін ғылым тілі жасағысы келеді.

Қазақстанда қазақ тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне ие болғанымен 28 жыл өтсе де әлі күнге дейін толықтай құжаттық тілге айнала алмады. 2017 жылды Қазақ тілі жылы деп жариялау туралы жыл басында саясаттанушы, қоғам қайраткері Расул Жұмалы бастама көтерген еді.
«Менің ойымша, 2017 тек қоршаған әлем емес, Қазақ үшін бетбұрысты жыл болмақ. Соған ақылымыз, жігеріміз, намысымыз, азаматтығымыз әзір тұрсын. Өз басым ФБ-дағы орысшамды өткен 2016-да қалдырдым. 2017-ні Қазақ тілінің Жылы деп жариялайық. Түсінбегендері аударып сорлы қалпында қала берсін», - деп жазған болатын саясаттанушы. Алайда бұл мемлекет тарпынан қолдау таппады.
ҚР президенті Н. Назарбаевтың жарлығымен бекітілген тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бойынша республика халқы 2020 жылы 100 пайыз қазақ тіліне көшуі тиіс болатын. Межелі мезгілге 3 жыл қалса да Ақорда мен Үкімет әлі күнге дейін жиналыстарының басым бөлігін орыс тілінде өткізіп келеді. Сондай-ақ құжаттардың бюрократтық ағысы, Парламенттегі құжат тілі де орыс тілінде сөйлеп келеді.
Нұрғали НҰРТАЙ