Үкімет ауыл шаруашылығын дамытамыз деп «Ауыл шаруашылығы кооперативтері туралы» заң қабылдап, кооператив құрғандарға субсидия беріледі деп елді дүрліктіріп қойған еді.
Биліктің тағы бір талабы субсидия алу үшін кооператив мүшелерінің саны 20 дан, сиыр саны да 50 ден кем болмауы керек екен.
Бірақ, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов 2017 жылғы 27 қаңтардағы № 30 бұйрығын шығарып, «Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларын» бекітеді.
Аталған қағиданың 6- бабының 3-тармағында «3) өтінімді берген сәтте бір шартты аналық басқа кемінде үш гектар нормативі бойынша елді мекен жерінің шегінен тыс жайылымдармен қамтамасыз етілмеген жағдайда, ауыл шаруашылығы кооперативінің селекциялық және асыл тұқымдық жұмысқа тартылған ірі қара малының (қойдың) барлық аналық басы субсидиялауға жатпайды» (6. Субсидированию не подлежат: 3) все маточное поголовье крупного рогатого скота (овец) сельскохозяйственного кооператива, вовлеченное в селекционную и племенную работу при необеспеченности пастбищами за пределами земель населенного пункта по нормативу не менее трех гектар на одну условную маточную голову на момент подачи заявки.),- деп тұр.
Демек, бір кооператив 50 сиырға субсидия алуы керек болса оған тиеселі жер көлемі 150 гектардан кем болмауы керек.
Ал, 500 сиырың болса, субсидия алу үшін 1500 гектар жерің болмаса субсидияны түсіңде ғана көресің.
Осылайша, Асқар Мырзахметов түрлі жолмен мыңдаған гектар жер алып алған латифундистердің сойылын соғып отыр.
Ал қарапайым халық сол сорлаған қалпында қала береді.
Жалпы, осындай құйтырқы заңдар мен бұйрықтардың салдарынан болашақта шағын шаруашылықтар мен жеке азаматтардың пайлық үлесі кооперативтерге шоғырландырылып, артынан әкімдердің алып қоюына жақсы жол ашуы мүмкін.
Осылайша Асқар Мырзахметовтың «жақсылығының» артында «көмулі бомба» жатуы ғажап емес.
«Алаш жолы» жалпыхалықтық қозғалысы