ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Король Фейсал атындағы Исламды зерттеу орталығы басқармасының төрағасы, ханзада Түрки әл-Фейсал әл Саудпен кездесті, деп хабарлайды Baq.kz.
Кездесу барысында министр қос ел арасындағы байланыстың одан әрі дами түсетіндігін жеткізді.
«Қазақстан мен Сауд Арабия арасында мәдениет, спорт және тағы басқа салаларда қарым-қатынас дами береді», - деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Өз кезегінде Сауд Арабия ханзадасы министрге алғысын білдірді.
Кейін Түрки әл-Фейсал әл Сауд журналистердің сұрағына жауап беріп, елімізге қандай мақсатта келгендігін түсіндірді.
«Біз Астанаға Мәдениет және спорт министрінің шақыртуымен келдік. Сапар аясында Мемлекеттік хатшы, ҚР Парламент Сенатының төрағасы әрі Тұңғыш Президент кітапханасы басшысымен кездестім. Сондай-ақ, Еуразия Ұлттық университеті мен Король Фейсал атындағы Ислам зерттеулер орталығы арасында өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойдық. Осы меморандум аясында бірнеше сала бойынша ынтымақтастық орнайды», - деп түйіндеді ойын ол.
Кездесу соңында Арыстанбек Мұхамедиұлы Сауд Арабия ханзадасына "Алтын адам" кәде-сыйын сыйға тартты.
Шолушы: Гүлім Жақан
Фото: Абзал Қалиев