Келер жылдан бастап жеке куәлік пен паспортты небары 3 сағаттың ішінде алуға болады. Маусым айында құжаттарды алу мерзімі екі есеге қысқармақ. Бұл туралы Астана қалалық халыққа қызмет көрсету орталығы басшылығы мәлімдеді, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
Бүгінгі таңда куәлікті жеделдетіп тездетіп жасату үшін, үстінен 2000 теңгеден көп ақша қосылады. Оның үстіне жеделдетілген күннің өзінде 5 күннен кем болмайды екен. Адамды әуре-сарсаңға салған бұл жүйе енді жеңілдетілмек.
Ерлан Шүренов, Астана қалалық ХҚКО үйлестіру қызметі департаментінің басшысы:
Тапсырмадан кейін аталған 4 қалада 1 күн ішінде, ал өзге облыс орталықтарында 1 апта ішінде дайындау жүзеге асты. Бұл жоба ІІМ мен бірлесе атқарылған. Біз техникалық тұрғыда дайынбыз. Жоба жақын арада жүзеге асады. Мұнан өзге бірыңғай ХҚКО салу жоспарланған. Олай болған жағдайда, бір ғимаратта фронт және бэк офистер салынып, мамандар бір жерде отыратын болады. Құжаттарды бірнеше сағат ішінде алып кету мүмкіндігі бар.
Жыл басынан бері 15 мыңдай ақтөбелік жеке басын куәландыратын құжат пен паспорт алды. Бұл құжаттардың тең жарымы қысқартылған мерзім ішінде әзірленген. Бірақ басқа өңірлердің қарқыны бұдан баяу. Мәселен Оралда құжаттар, ең жылдам дегенде, тек төрт күнде әзір болады.
Венера Сәтжанова, БҚО ІІД көші-қон қызметінің аға инспекторы:
Бұрынғы уақытта құжатты беру және рәсімдеу ісі 30 күн ішінде болатын. Қазіргі уақытта 15 күн ішінде рәсімдеп беріледі. Және азаматтар өзінің құжаттарын жедел түрде алғысы келіп арыз берсе, онда олардың құжаты 4 күнде рәсімдеп беріледі. Оған бірақ қосымша ақы бөлінеді. 1 989 теңге.
15 күнде рәсімделетін төлқұжатқа төлем - 9 076 теңге. Ал, тезірек жасатқыңыз келсе, 1 989 теңге қосымша төлеуге тура келеді.