Өткен жылы еліміздегі елеулі оқиғалардың бірі әйгілі Кейкі батырдың басының елге жеткізілуі болатын. Сол кездегі Премьер-министр Кәрім Мәсімов пен Қазақстанның Ресейдегі Төтенше және өкілетті елшісі Марат Тәжиннің атсалысуымен отанға оралған аруақты ердің бас сүйегі биыл батырдың денесімен бірге, өзі туған Торғай топырағына жерленеді делінген еді, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі Baq.kz басылымна сілтеме жасап.
Бүгін Астанада өтіп жатқан «Ұлы дала» ІІ гуманитарлық ғылымдар форумында Кейкі батырдың бас сүйегі арқылы оның келбетін қалпына келтірген антрополог ғалым Мажарстанның «Мадьяр-Туран» қорының төрағасы Биро Андраш Жолт мырзамен сұқбаттасудың сәті түскен еді.
«Оның бас сүйегі өте жақсы сақталған. Антропологиялық бет әлпетін қалпына келтіруде тым қинала қойғамыз жоқ. Біздің негізгі жұмыстарымыз оның бет-әлпетін табиғи бет-пішініне негіздеп жасадық» - дейді Антрополог тарихшы.
Оның айтуына қарағанда әйгілі батырдың бейнесіне өздері жасап шыққан бет-әлпет 90 пайыз ұқсайды.
«Біз көбінде 3D технологиясын пайдаланатындықтан келбет батыр бабаларыңызға өте ұқсас болды. Және бас сүйек біздің қолымызға бүтіндей келді. Сондықтан заманауи құралдардың көмегімен біз Кейкі батырдың шынайы келбетін толық бере алдық деп ойлаймын» - дейді Биро Андраш.
Андраш Жолттың айтуына қарағанда Кейкі батыр олардың қалпына келтірген екінші қазақ.
«Біз бұған дейін өте көп адамның бейнесін қалпына келтірдік. Үлкен командамен жұмыс істеп жатырмыз. Мажарстанның ұлттық антропологиялық институты тек осы жұмыспен айналысады. Қазіргі уақытта біздің қатарымызда әлемге әйгілі сарапшы-антрополог Агнаш Куштер бар. Біз бір құрамда бұған дейін Әбілқайыр ханның келбетін жасадық. Өздеріңіз білетіндей ол мүрде Ақтөбедегі «Хан моласында» сақталған. Ал одан бөлек Будапеште ежелгі ғұндардың, ежелгі түркілердің келбетін қалпына келтірдік. Шамамен көшпенділерге қатысты 50-55 реконструкция жасадық» - дейді антрополог.
Қазақстанның тапсырысымен Әбілхайыр хан мен Кейкі батырды ғана жасадық деген антрополог әлі де анықтауды, қалпына келтіруді күтіп жатқан бас сүйектер жетерлік дейді.
«Бізде әлі де көп бас сүйектер бар. Ол бір ғана Қазақстаннан ғана емес, әлемнің көптеген елдерінен келген. 40 мыңнан астам сүйек табиғи келбетін күтіп жатыр» - дейді Андраш Жолт.
Естеріңізде болса, елге оралған Кейкі батырдың бас сүйегін Алматыдағы Ұлттық музейдің басшысы Нұсан Әлімбай мажарлық ғалымдардың қалпына келтіріп жатқандығын айтқан болатын. Соңынан батырдың қалпына келтірілген бейнесі де көрсетілген еді.