Елордадан қуылған қаңғыбастардың өкпесі қара қазандай: «ЭКСПО маңына жоламас та едік»

/uploads/thumbnail/20170710084501768_small.jpg

Астаналық қаңғыбастар жаппай Көкшетауға көшіп кетті, деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі.

КТК арнасының хабарлауынша, оларды арнайы автобусқа тиеп, осында алып келген. «Елордалық» деген аттан айрылған үй-күйсіздерді енді тұрғындар тұрмақ, жергілікті қаңғыбастар да жақтырып жатқан жоқ. Өйткені, нанға нағыз талас басталған. Ал бас қаладан жер ауып кеткендер өздерін ЭКСПО қарсаңында қуып жіберді деп өкпелеп отыр. 

Ал Көкшетау көшелерінде өз қаңғыбастары жетпегендей ендігі астаналық қаңғыбастар қосылып, көшенің әр бұрышын жаулап алған. Қаладағы кез-келген қоқыс жәшігінің маңынан тағам терген елордалық тұрағы жоқ адамды кездестіруге болады. Көбі үйлердің маңындағы жасыл желек, ағаштың түбін демалатын орынға айналдырып алған. Міне, әрқайсысы әр жерде домалап ұйықтап жатыр. Кез-келгенін оятып сұрасаңыз, «Есілдің сол жағалауынан көшіп келдім» дейді. 

Әрине, қаңғыбастардың 300 шақырымды артқа тастап, Астанадан Көкшетауға қоныс аудару ойларында да болмапты. Айтуларынша, оларды арнайы автобуспен Көкшетауға жеткізген де, көшелерге қоя берген.

Көкшетауға қоныс аударған елордалық тұрақты мекен-жайы жоқ  адамдардың көңіл-күйлері жоқ. Астанадағы «жілікті орындарынан» айрылғанына ашулы. Оның үстіне шақырылмаған қонақтарға жергілікті қаңғыбастар қыр көрсете бастаған. Тұрғындарда оларды мүсіркеп отырған жоқ.

Мекен-жайы өзгерген астаналық қаңғыбастар ЭКСПО өтетін жерге бармас едік деп ренжулі. Ал полицейлер үй-күйсіздерді бас қаладан қуып жатқан жоқпыз дейді. Керісінше, арнайы орталыққа жеткізіп, бас сауғалайтын жер тауып берген.

Осыған қатысты Астана қалалық ІІД баспасөз хатшысы София Қылышбекова бүй деді: «Орталыққа 300 астам тұрақты мекен жайы жоқ азамат жеткізілді. Олардың кім екені анықталғаннан кейін туыстарын іздейміз».  

Сондай-ақ, полицейлер үй күйсіздердің ауруын анықтап, емделуіне, құжаттарын қайта қалпына келтіруге де көмектесіп жатыр екен. Ал күтпеген жерден жер ауып кеткен қаңғыбастар Астананы сағынып жүргендерін айтады. Бірақ қайтарға соқыр тиындары да жоқ. Енді оларға ЭКСПО бітпейінше, яғни күзге дейін азығын Көкшетаудан табуға тура келеді.

Қатысты Мақалалар