Ақтөбенің 65 жастағы тұрғыны мектеп мұғалімінен оңбай таяқ жеген

/uploads/thumbnail/20170710084449018_small.jpg

Ол 30 жастағы дене шынықтыру пәні  ұстазының  соққысынан бас-ми жарақатын алдым деп отыр. Ақсақал нұсқаған, Мәртөк ауданына қарасты Хлебодар орта мектебінің кейбір мұғалімдері де дене тәрбиесі пәнінен сабақ беретін ұстаздың бұған дейін де бұзақылық әрекеттерге барғанын айтады, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап.

Айдың - күннің аманында баламдай адамнан таяқ жедім деген Жүсіп Бигелов қазір облыстық жедел жәрдем ауруханасында жатыр. Зейнеткерлік демалысқа шыққаннан кейін шағын автобус алып, ауыл арасына жолаушыларды тасып қатынайтыным бар еді дейді. Осыдан он екі жыл бұрын Өзбекстаннан қоныс аударған қарт жас мұғалімнің сақалымды силамағаны өкінтеді деп отыр. Айтуынша, көрші ауылға футболдан жарысқа апарып келуді өтінген азамат соңында өзін соққыға жыққан.

Жүсіп Бигелов, тұрғын:

- Апарасың Хлебодарға деді. "Ау, жаным менің қазір бензинім жетпейді, ертең мен Мәртөкке баратын едім",- дедім. Соның арасында какой - то секундтің арасында мені ұрды. Ұрған кезде мен без сознания қалғанмын ғой. Көзімді ашсам тағы ұрайын деп тұр екен. "Әй, саған не қылдым, айналайын?",- деп едім, мына жақтан жүгіріп келді. Егер сүйреп алып ұрса өліп қалатын едім.

Соққыға жығылған ақсақал қазір нейрохирургия бөлімінде ем алып жатыр.  Дәрігерлердің айтуынша, өз-өзіне келіп қалған.

Сержан Жанахметов, Ақтөбе облыстық жедел жәрдем ауруханасы нейрохирургия бөлімінің емдеуші дәрігері:

- Біздің осы БСМП нейрохирургия  бөлімшесіне бас ми жарақаты, бас миының шайқалуы және де мұрынның жұмсақ тілімдерінің соғылу диагнозымен түсті. Жағдайы қазір бір қалыпты.

 Ақсақалды ұрды деген жігіт міне, мына мектептің мұғалімі. Ал мектептің кейбір ұстаздары 2008 жылы "Дипломмен ауылға" бағдарламасымен келген  азаматтың бұған дейін де ерсі қылықтарымен көрініп қалғанын айтады. Нақтысы, мектеп директорының сөзінше, ол бұған дейін мектепке іш киіммен келіпті. Алайда содан кейін жұмыстан қуылған мұғалім сотқа шағымданып, сот арқылы қызметке  қайта келіпті.

Әділбек Тәжібай, Хлебодар орта мектебінің директоры:

- Бұл жігітті 2015 жылдың қараша айында жұмыстан шығардым. Еңбек кодексінің 54 бабы 1 тармағы бойынша. Бірақ сол әрекеттермен сотқа шағымданды. Соттың шешімімен жұмысқа қайта қосылды.

Директор қол астындағы мұғалімнің бұл шуы мектептен тыс уақытта болған дегенді айтады. Егер құқық қорғау органдары істі тергеп, мұғалімді кінәлі деп таныса ғана жұмыстан шығарамын деп отыр. Ал облыстық ішкі істер департаменті мұғалімнің үстінен арыздың түскенін, және қазір бұзақылық бабы бойынша іс қозғалғанын айтады.

Қатысты Мақалалар