АҚШ мемлекет қайраткері, ғалым Збигнев Бжезинский қайтыс болды деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.
Бжезинский 1928 жылы 28 наурызда Варшавада өмірге келген. Философия докторы (1953), профессор (1960). Оның қайтыс болғаны туралы әлеуметтік желіде Қазақстан РТРК басшысы Ерлан Қарин жазды.
«АҚШ-тың басты идеологы Збигнев Бжезинский дүниеден озды. Мемлекетіне қызмет етуге бүкіл өмірін арнаған ұлы стратег, тұлға. Қазақстан тәуелсіздігіне ие болған уақытта біздің мемлекеттілігіміздің геосаяси орны мен маңыздылығын, ерекшелігін айқындаған сарапшы. АҚШ саясаты дағдарысқа ұшыраған осы қиын уақытта мемлекетіне өте қажетті ірі тұлға еді. Әлемдік сарапшы қауым да аса көрнекті ғалымнан айрылды. Иманды болсын!» деп жазды саясаткер.
З.Бжезинский 1949 жылы Мак-Гилл унверситетін (Канада), кейін Гарвард унверситетін(АҚШ) бітірген. 1953 — 1960 жылдары Гарвард университетінде (Орыс зерттеу орталығы, 1956 — 60 жылдары Халықаралық мәселе орталығы) ғылыми зерттеумен айналысқан. 1960 жылы Колумбия университетінде (Нью-Йорк) профессор, сонымен бірге 1962—77 жылдары Коммунизм мәселелері институтында директор қызметін атқарған. 1977—1981 жылдары АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі көмекшісі, АҚШ Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болған. 1981—1989 жылдары Джорджтаун (Вашингтон), Колумбия университеттерінде жұмыс істеді. 1989—1999 жылдары Джон Хопкинс университетінде халықараралық қатынастар бөлімін басқарды.
З. Бжезинский еңбектерінде кеңестік саясат идеологиясы мен билігі, коммунизмнің болашағы жоқтығы мәселелері қарастырылған. Олардың ішінде:
“Толассыз тазартушылық — кеңестік тоталитаршылдыққа тән саясат” (1956),
“Кеңес Одағы үкіметі және идеологиясы” (1962),
“Екі дәуір тоғысында” (1970),
“Үкімет және принцип” (1983),
“Ойын жоспары: кеңес-американ бәсекелестігінің геостратегиялық шеңберлері”;
“Ұлы құлдырау: XX ғасыр басында коммунизмнің пайда болуы мен ақыры” атты іргелі еңбектері дүние жүзі ғалымдарына кеңінен танымал.
Соңғы кітабында КСРО-ның ішкі және сыртқы саясатын терең де жан-жақты зерттеу нәтижесінде бұл империяның да ыдырауға ұшырайтындығы туралы дәйекті ғылыми болжам жасады. З.Бжезинский КСРО құрамында болған халықтардың ұлт-азаттық күресіне қолдау көрсетті. Еңбектерінде отарлық тәртіп пен ұлттық езгі кеңес империясының құлдырауына әкелетіндігіне баса назар аударды. 20 ғасырдың 90-жылдарынан бастап бұрынғы КСРО ауқымындағы, оның ішінде Орталық Азиядағы геосаяси жағдай мен жаңадан пайда болған тәуелсіз мемлекеттердің болашағы туралы мәселелермен шұғылданды.