ҚР Премьер-Министрі Б. Сағынтаев «Зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР заңына сәйкес, БЖЗҚ акционерлік қоғамының меншік иесі Үкімет болып табылатынын, және мемлекеттің алушыларға міндетті зейнетақы жарналарын сақтауға кепілдік беретінін айтып өтті, деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі Премьер-министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.
Осыған орай, Үкімет Қазақстан азаматтарының зейнетақы активтерін сақтауға тікелей мүдделі және осы мәселеге байланысты арнайы өкілдерді тағайындады.
«Мен өз тарапымнан әзербайжандық әріптесім, Премьер-Министрмен пікірлестім, ол банктің барлық кредиторларына қарызды қайтару үдерісінде жан-жақты қолдау көрсететінін айтты», - деді Б. Сағынтаев.
ҚР қаржы министрі Бақыт Сұлтанов 2014 жылдың қазан айында БЖЗҚ активтерінің портфеліне айналым мерзімі 10 жыл және мөлшерлемесі 8,25% болатын 250 млн доллар көлеміндегі Әзербайжан Халықаралық банкінің қарыздық бағалы қағаздары алынғанын айтты. 2014 жылдан бастап бүгінге дейін БЖЗҚ ӘХБ-інен сыйақы ретінде 15 млрд теңге көлеміндегі қаражат алды, бұл инвестицияланған соманың үштен бір бөлігіне жуық.
«Осы мәселе бойынша өкілетті Әзербайжанның қаржы министрі Әзербайжанның ұлттық валютасының девальвациясына байланысты Халықаралық банк кредиторлар алдындағы өз міндеттемелерін орындамағанын түсіндіріп өтті. Бұл мәселені Әзербайжан Үкіметі ерекше бақылауына алды және әріптестеріміздің айтуынша, Әзербайжан банктің барлық кредиторларының мүдделерін қамту үшін бар мүмкіндігін салады», - деді Б. Сұлтанов.
Шолушы: Гүлім Жақан