Бүгін Кабул орталығында болған жойқын жарылыстан Қазақстанның 2 азаматы жараланды деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі 24.kz-ке сілтеме жасай отырып. Олар жарылыс орнынан 500 метр қашықтықтағы қонақүйде болған. Жараланған отандасымыздың бірі басынан, ал екіншісі аяғынан жараланған. Олар - 1982, 1991 жылы туған азаматтар.
Қазір оларға алғашқы медициналық жәрдем көрсетілді. Қазақстандық дипломаттар отандастарымызбен тығыз байланыс орнатып, қажетті көмек беруде. Сонымен қатар жарылыс орталығынан 2 шақырым жерде орналасқан Кабулдағы Қазақстан елшілігінің ғимаратына да зақым келген.
«Қазіргі кезде дипломаттар жапа шеккендердің арасында басқа қазақстандықтардың бар-жоғын анықтауға кіріскен. Қала оқшауланды. Ауғанстан астанасындағы барлық отандастарымызды абай болуға, туғандары мен жақындарына жағдайы туралы хабарлап отыруға шақырамыз. Қажет болған жағдайда Ауғанстандағы Қазақстан елшілігімен байланысқа шығуларын сұраймыз», - дейді ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов хабарлайды.
Шолушы: Әсел Өтешова