Бүгін «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партия Төрағасы Бірінші орынбасарының жетекшілігімен «2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы туралы» партиялық тыңдаулар өтті.
Аталған бағдарламаны жүзеге асыру арқылы 2021 жылға қарай қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 73 жасқа дейін көтеру, ал өлім деңгейін 10 пайызға төмендету көзделген. Бұл міндеттердің барлығы 2016 жылдан бастап жүзеге асырыла бастаған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасына енгізілгенін де атап өткен жөн. Осыған орай атқарылған жұмыстар жайында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов баяндама жасады.
«Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың 2016 жылғы алдын ала қорытындысы бойынша негізгі көрсеткіштер көңіл қуантады. Мәселен өмір сүру ұзақтығы, халық денсаулығының индексі, тұрғындардың мелициналық көмек сапасына қанағат деңгейі бойынша оң өзгерістер байқалады», – деді Е.Біртанов.
Қазіргі таңда бағдарламаны жүзеге асыру барысында 34 көрсеткіштің 30-дан астамы орындалған. Іс-шара барысында Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы сайлауалды бағдарламасының «Денсаулық сақтау» бағыты бойынша кураторы Зәуреш Аманжолова мен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрайымы Елена Бахмутова баяндама жасап, атқарылған жұмыстар жайында нақты деректер келтірді.
Отырысқа қатысқан Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері аталған салаға қатысты министрге сауалдарын жолдады.
«Бірінші байлық – денсаулық» деген халқымыз оның адам өмірі үшін ең маңызды екенін жақсы білген. Сол себепті елімізде денсаулық сақтау ісінің маңызы ешқашан төмендеген жоқ. Оның үстіне Қазақстанның ең дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат тұтып отырғанын ескерсек, аталған саланың қызмет сапасын арттыру, адам өмірін сақтау сияқты өзекті мәселелер күн тәртібінде өздігінен алдыңғы орынға шығады. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының осы салаға айрықша ден қойып, Мемлекет басшысы тапсырған бастамалардың жүзеге асырылуын қатаң қадағалауы көңіл қуантады.