Шекарада тоналған жесір анаға қатысты шыққан сот шешімі түгелдей күшін жойды

/uploads/thumbnail/20170710095802218_small.jpg

Гүлжан Мәуітханға қатысты аппеляциялық сот бүгін аяқталды, деп жазады Қамшы ақпараттық агенттігі bag.kz-ке сілтеме жасай отырып. 

Екі күнге созылған апелляциялық сот отырысы барысында шекарада бар ақшасынан айырылып қалған қытайлық қандасымыздың ісі бүге-шігесіне дейін қаралып, тергеу барысында болған, сондай-ақ шекарада болған құйтұрқылықтарды ескеріп, істі прокуратураға жіберді. Прокуратура жан-жақты қайтадан қарап, тергеу амалдарын жүргізетін болды.

10 сәуір күнгі Зайсан қаласының шығарған сот шешімі түгелдей күшін жойды.

Еске сала кетейік, 8 ақпан күні Қытайдан Қазақ еліне оралу мақсатында көшіп келе жатып, ШҚО Зайсан ауданына қарасты «Майқапшағай» кедендік бақылау бекетінде 49,900 АҚШ доллары тәркіленген Мәуітхан Гүлжан есімді жесір ананың тағдыры қыл үстінде еді.

Күйеуінен жастай жесір қалып, екі баласын өмірдің небір тауқыметін тарта жүріп ер жеткізген Гүлжан Қытайдағы өзіне тиесілі үйі мен бар дүние-мүлкін сатып, ол ақшаға Астана қаласынан үй алуды көздеген екен. Алайда, қиын жағдайға тап боламын деп ойламаған.

Бірнеше күн өткен соң тергеушілер келіп, мән-жайды түсіндірген әрі Зайсан ауданындағы экономикалық тергеу бөліміне шақырып алып, Гүлжан Мәуітханға: «Заң бойынша сізге тиесілі ақша осы» деп қолына 10 мың АҚШ долларын қайтарып берген. Қалған 49,900 АҚШ доллары ШҚО бойынша Мемлекеттік кірістер депертаментіне жіберілгені жайлы айтқан.

Сәуірде болған Шығыс Қазақстан облысы Зайсан аудандық соты жалғызбасты әйелді ҚР Қылмыстық кодексінің 234-бабы (экономикалық контрабанда) бойынша айыпты деп танып, үстінен 68 мың теңге айыппұл салды.

Бұл жағдайды ескерген Ұларбек Дәлейұлы, Ерлан Сайыров, Мұхтар Тайжан, Абзал Құспан, Айжан Дәрібаева сынды өзге де тілектес болған барша азаматтар істі қайта қарау үшін аппеляцияға берген еді. Әділдікті қалаған ел азаматтарының күші мен ықыласы босқа кетпепті.

Шолушы: Гүлім Жақан

 

Қатысты Мақалалар