Сицилия тұрғыны Кармине Барбароның Қазақстанда тұрып жатқанына 24 жыл болған. Суретші болып Қазақстанда жұмыс істейтін Кармине қазақтың тарихының тереңде жатқанына таңқалудан шаршамайтынын жеткізді. Қазақстандағы шексіз мүмкіндіктерді де тілге тиек етті. Жақын арада Кармине Таразда өткен Халықаралық «Ұлы дала көкжиегі» аталатын симпозиумда «Қазинформ» ақпарат агенттігінің журналисіне сұхбат берді. Кармине өзінің Қазақстанның азаматтығын алатынын мәлімдеді деп хабарлайды Қамшы ақпараттық агенттігі.

«Мен бұл мемлекетке ғашықпын! Жолым түсіп 1993 жылы осында келдім де, қалуға шешім қабылдадым. Басында өзімнің бірінші әйеліммен келдім. Ол бұл жақта тұрғысы келмей, кетіп қалды. Бірнеше жыл өткен соң қайта үйлендім. Менің әйелім- қазақ. Есімі-Шарбат Барбаро. Әйелім Қастеев атындағы мұражайда жұмыс істейді. Үйленгенімізге 12 жыл болды. Азаматтығым әлі де болса Италиянікі, ал осы жылы нақты ойланып жүрмін. Қазақстанның азаматтығын алатын да уақыт жетті» деп мәлімдеді суретші Кармине.

Айтса кетсек, профессор Кармине Барбаро Қазақстан Республикасының танымал суретшілерінің бірі, ҚР суретшілер Одағының мүшесі. Оның қылқаламынан туған суреттер Италия, АҚШ, Канада сынды елдерде және Қазақстандағы Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында ілініп тұр.

Шолушы: Айгерім ТАУБАЙ