Британдық Пол Хеймен өзгенің жүрегімен ең ұзақ өмір сүріп жатқан адам ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгісі келеді. 1987 жылы 19 жастағы Хеймен Британияда алғашқылардың бірі болып трансплантация бойынша операция жасатты. Ол уақытта адам ағзасын ауыстыру қазіргідей оңай болмаған.

15 жасында Полдың кардиомегалия ауруына шалдыққаны белгілі болады. Ол дене шынықтыру сабағында талып қалғаннан кейін аталмыш дерттің бар екені анықталған. Бірнеше жылдан кейін ол жүрек ауыстыруға кезекке тұрды.
Жаңа жүрек салынғаннан кейін дәрігерлер Пол тек он жыл ғана өмір сүреді деп болжады. Алайда Пол барлық болжамды жоққа шығарды. Қазір оның жасы 49-да. Пол Хеймен өзін жақсы сезінетінін айтады. Ол артық уайымдамауға тырысады. Дәрігерлер оған футбол матчтарын да көруге тыйым салған.

«Жаңа жүрек маған берілген ең үлкен сый. Менің жолым болды. Әлі де тірі екенімді, әлі де жер басып жүргенімді сезіну мен үшін бақыт» дейді Пол.
Ең қызығы, британдық ер адам жүрек қана емес, бүйрегін де ауыстырған екен. Ол бұл операцияны жаңа жүрегімен жасатқан. Дәрігерлер үлкен қауіпке қарамастан Полға операция жасады. Пол Хаймен секілді емделушілерге ота жасау бұл қауіпті екі есеге арттырған еді.
Екі күрделі операция ер адамның жеке өміріне ешқандай кедергісін келтірмеді. Пол Хаймен үйленді. Оның екі қызы бар. Үлкені әкесіне қарап, медицинаның жетістіктеріне таңқалып, өзі де дәрігер болуды шешті. Ол қазір медициналық университетте оқиды.

«Мен қыздарымның қалай өсіп келе жатқанын көремін деп ойламадым. Жылдар зырғып өтіп жатқанына қарамастан өзімді жақсы сезінемін» дейді Пол.
Ол өмір бойы электрик болып жұмыс істеген. Әйелімен ажырасқаннан кейін ата-анасының үйінде тұрып жатыр. Өзгенің жүрегімен ең ұзақ өмір сүріп, Гиннестің рекордтар кітабына кірген 73 жастағы Джон Маккаферти қайтыс болды. Ол жаңа жүрекпен 33 жыл өмір сүрген. Алайда дәрігерлер Полға айтқандай оған да 10 жыл ғана өмір сүреді деп болжаған.

Шолушы: Әсем Әлмұханбет