Қарттар үйі. Естіген екінің бірінің ойына асыраушысынан айырылып,қапалық күйге түскен кейуана мен ақ сақалды қаусаған қарттың түсері анық. Татар дәмі тамам шақта тас қабырғаға тұтқындап, қалтыраған қолы қармауға көнбей, көнбіс хәлге ұшыратқан тасбауыр ұлдың тұл тірліктен табары қайсы?! Адам түгілі құлында енесіне енжар қарамаушы еді? Қара басын «қайғыдан» арашалағысы келген қалың бұқараның «жұқа» ойлы өкілдері қартайған қарт ата-анасын «қарттар үйіне» қыдыртып, қарайғанның сұрағына «тағдырдың тәлкегін» жауап қылып береді. Қоғам құбылмалы күй кешкесін, қитұрқы құбылысы да қарапайымдылыққа негізделе бере ме қалай?
Айтуы былай тұрмақ, ойлауға оғаш тақырыптар бүгінде тірлік кешкеннің тілінде жүр. Қызтекелік пен біржынысты неке күнделікті талқыланар таптаурын тақырыптар. Сіз шошымаңыз, Еуропада біржынысты неке мен қызтекелер үшін де арнайы ашылған «Қарттар үйі» бар. Берлинде арнайы қызтекелер үшін салынған орталықтар жұмыс істейді. Мемлекет тарапынан осындай қолдау көріп отырған олардың ендігі алар асулары әлі алда. Адамзатқа төнген қатерден қазақты арашалай алмаспыз. Дегенмен ауырып ем іздегенше,ауырмаудың жолын іздеген әлдеқайда абзалырақ. Жә, айтпағымыз бұл емес,қарттар үйі тұрғысында. Қазаққа жат қарттар үйі өткен ғасырдың 60-70 жылдары еңбекке жарамсыз, қараушысынан айырылған жандар үшін жұмыс істейтін. Жылдар жылжи бала-шағасы,туыс туажатына керексіз болып қалған жандар аталмыш «ғимаратты» паналады. Тәуелсіздік алған жылдары қартайған әке-шешелерінен тәуелсіздік алғысы келген «кейбір» қазақтардың арасында ата-аналарын қарттар үйіне апару дәстүрге айналғанды. Кеңестік кезеңнің кереғар тұсы кеңістік алған соң кемістігіміз болып қайта енді. Деректер дегеніне сенсек соңғы жылдары Қазақстанда мүгедек жандар мен қарттарға арналған интернаттардың саны 87-ге жеткен екен. Отыз мыңнан аса адам осы үйлерде өмір сүріп жатыр. Бұл дегеніңіз үлкен аудан немесе бір қалашықтағы адам санына тең. Тек қана Солтүстік Қазақстан облысының өзінде екі бірдей қарттар үйі жұмыс істеп тұр. Шығыс Қазақстан мен Қостанай облыстарында басқа өңірлерге қарағанда көптеп орналасқан. Тағдырдың тауқыметін бастан кешіп түрлі жолмен түссе де сырлары бір, мұңдары ортақ. Алғаш ашылған жылдары қазақтар болмаған, тіпті жоқтың қасы десе де болады. Советтік салқындық санасына сіңген буынға қариясының сақалынан сүйреп «сатқындық» жасау, аса алып бара жатқан қылмыс та емес шығар?! Қазақтың қанында жоқ маскүнемдік, дінсіздік осы тұста кең етек алған жоқ па? Алдыңғы доңғалақ қайда жүрсе соңғысы соны қайталар сәт осы тұс қайталанбаса игі еді.

Қарттықты қазынаға жолықтырған қазақтың қара шалынан да қадір кетіп бара жатқандай. Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпаған ұлттың ұнтала бастағаны ма? Бұған Кеңес үкіметінің кесірін көлденең қойғанмен, теріс көрмейтін пенделер ішімізден табылғасын дауа қайсы?! «Атаңа не істесеңнің» ауылынан алыс жүргендер де. Тіпті, «Үкіметке жұмыс істеді, енді Үкімет өзі бақсынға» салатын керімдер де кездеседі келіндер арасында. Баланың бостығы, көңілдің хоштығын кетіріп тұр. Соңғы жылдардағы «сол ауылдың» тұрғындарының сан жағынан көбеюі көңілге алаң туғызады. Қазақ қоғамына жат құбылыстың қарқынды даму механизімінде ешқандай ақаулық жоқ. Оған облыстардағы «Қарттар үйіне» келіп түсіп жатқан сұраныстардың көптігі дәлел бола алады. Тіпті Алматы қаласында арнайы ақылы түрде жұмыс жасайтын «Ардагерлер үйі» бар. Жеткізілуі солай демесеңіз, мұнда да еш қарт бала-шағасымен бірге тұрып жатқан жоқ. Күніне 5-7 мың теңге аралығында емдік процедуралар жүргізіледі-мыс. «Ардагерлер үйі» «Қарттар үйінің» айтылу формасының сыпайы түрі. Адам айтса сенбес дүниенің адам айтқысыз қарқынмен дамуы қоғамның қолдауы ма,әлде...
Статистиканы сөйлетсек, Еуропада ең табысты бизнес көзі осы қарттар үйін ашу болып келеді екен. Батыс елдерінде қартайған шағында «Қарттар үйіне» орналасу, бейнеттің зейнетін көрумен тең. Батыстың былығын бүтіндей көшіруден бетіміз қайтпаған біздер бұл үрдістен де мақұрым қалмауды көздемесек болғаны. Қартайған шағында қарт ата-анасын мүсәпір хәлге душар қылып бет бұрған кісі адам алдында айыпкер, АЛЛА алдында жауапкер болмақ. Қасиетті Құран Кәрімде «Алланың ризалығы ата-ананың ризалығында, Алланың ашуы ата-ананың ашуында»- деген жолдар бар. Дініміз Ислам ата-анамызға құрмет қылуды ерекше насихат етеді. Қазақтың «қара шаңырағы» қара домалақ кенже ұлымен қазыналы қартының арқасында осы күнге дейін қасетін жоймай келеді емес пе?
Өзендегі өлшеулі жәй ағыстар
Қарияға қарасаң аяныш бар.
Намыстанба жүре алмай қалса олар
Кезің келер сенің де таяқ ұстар.

Осы орайда ойыма мынадай бір аңыз оралып отырғаны. Бірде бір жанұяда қарт әкесі, отағасы әйелі және кішкентай ұлы болыпты. Сонда келіні атасынан жиреніп, бірге отырып ас ішуді қор санап бөлек ағаш аяққа құйып береді екен. Бұл көріністің барлығы бүлдіршіннің көз алдында өтіп жатады. Бір күні ұлы мен келіні кішкене сәбидің ағашты қырнап бір нәрсе жасап жатқанын көріп, сұрай қалса, ұлы: Ертең сендерде атам сияқты қартайғанда осы ағашқа ас құйып беретін болам депті. Сол оқиғадан кейін ерлі-зайыптылар естерін жинап Қарияға күтім жасай бастаған екен. Бұл мысалдың қаншалықты орынды шыққанын білмеймін, білетінім қартын сыйлағаннан қазақтың қазаны ортаймайтыны. Қолда да барда қартымыздың қадірін білейік.
Орхан Бақытбеков.